Ностальгиялық жазба: алғашқы махаббатсымақ

Блог - ErnarSeytahmet: Ностальгиялық жазба: алғашқы махаббатсымақ
Бүгін түсіндім — мен оны әлі кешірген жоқпын, сатқындығы үшін. Бозбала шағымның ең жарқын бейнесі, екі аптада мендік әлемді ерекше бақытқа бөлеп, бойымдағы ең жарқын сезімдерді оятқан ғажап адам деуші едім. Жоқ, мен әлі кешірген жоқпын…
Арамыз осылай үзіліп кетеді деп ойладым ба мен, ол да ондайға сенбес еді, болашақта талай белесті бірге бағындырамыз деп армандаушы да едік қой…
Әлі есімде, ауылда жарық сөніп қалған еді, ал мен дүкенге аттандым. Барсам екі қыз келіпті, бірі менімен жасты, екіншісі — сіңлісі.
— Балмұздақ алайын дегем, жарық жоқ, еріп кеткен шығар, — деді дүкеншіге. Дүкенші не дерін білмей қалды. Ондайда тоқтар қалар мен бе едім:
— Қарындас, кеңес үкіметінін заманы өтті, қазіргінің тоңазатқышы жарықсыз-ақ тоңдырады!- дедім. Ол сенбеді, мен бәстесейік дедім. Айтқанынан қайтпайтын қыз екен, бәстестік, дүкенші куә. Сол кезде оның маған қарап күлгені, оның жарқын жүзі мен мөлдіреген көздерінде қуаныш пен өкініш қатар ұштасты-ау. Жо-жоқ, корей я үнді киноларындағыдай емес, шынайылылыққа толы еді көздері…
Одан кейінгі бәстескеніміз — 11 сыныпты аттай бергенде «кім көбірек тестілеуде бал жинайды, соның 3 тілегін орындаймыз» дестік. Бірімізді мотивациялағанымыз еді. Йә, шынайы достық сондай болады — бірімізді қажай білдік, итермелеп отырдық, оған қоңырау шалған сайын ұпайларымды асырып айтатынмын, ол да қалмайтын: «сен қаламыздың жағажайына шығып, өлең айтасын»- деп тиісетін… Өкінішке орай, екінші бәстескенімізде де мен жеңіске жеттім. 3 тілек айтылмай қалды, сақталып келеді…
Ешқашан жыламайтын жанмын дейтін өзін. Мен оның екі рет жылағанын көрдім. Кейде ауылға барғанда есіме түседі. Мен әлемдегі ең бақытты жанға тенеген адам қалайша жылай алады дейтінмін. Араласпай кеткен 4 жылда қанша рет жылағанын білмеймін, мүлдем жыламағанын білсем — қуанамын, шын жүректен.
Байқадыңыздар ма, мен осындай ностальгиялық шақтарды жақсы көремін…
Бір кездері ең жақын болған жандардың жаныңнан амандаспай өткені қиын екен. Ай бірақ, өзімнің жаман мінезім-ау — алыстаған адамдарға тартыла алмаймын. Себебі, әркімнің өз таңдауы бар өмірде жасаған, ал біздің өзгенің таңдауына көнбеске амалымыз жоқ…

29.10.2015
сағат 00.31
фото авторы өзім.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше