Журналистер аллеясы ашылды

Астана жаңалықтары: Журналистер аллеясы ашылды

Астанада Журналистер аллеясы ашылды. Журналистер «Сұлу» тұрғын үй кешенінің ауласында ұзақтығы 3 километрді құрайтын бірінші республикалық медиа аллеясын ашты. Аллеяның ашылуы Ұлттық орман егу күніне орайластырылды – деп хабарлайды astana.kz сайты.

БАҚ өкілдері 150 сиверс алма ағашын, емен, қызыл жемісті шетен, ақ қайың, сібір шыршасы, ақ тал, сүмбіл терек, қызылтал, сондай-ақ, ЭКСПО-2017 брендіне айналған арнайы гүлбағында дайындалған мамық түзбейтін бальзамдық терек көшеттерін отырғызды.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы жерімізді көгалдандыруға көп көңіл бөледі. Біздің бетпақ даламызда ағаштар аз қамтылған. Сондықтан, жастарды көшеттер отырғызуға шақырамын. Себебі көшеттерді жиі отырғызған сайын, ауа да тазарады. Бұл жерде журналистік аллея бастау алды. Аллея Қазақстанның барлық қалаларында жалғасын табады. Бұл бірегей журналистер аллеясына айналады» дейді шараға қатысқан «Тұрақты даму» жер қорының биологы Валентина Ободовская.

Айта кетейік, Қазақстанда 2014 жылғы 19 сәуірде БҰҰ Халықаралық орман жылын қолдауы мақсатында бірінші Ұлттық орман егу күні өтті. Акция қорытындысы бойынша 2014 жылы мыңдаған еріктілер қатары жалпы көлемі мыңдаған гектарды құрайтын миллионға жуық көшет отырғызды.

Сурет astana.kz сайтынан алынды
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше