ШҚО-да Төлеутай Сүлейменовтың жүлдесіне бокстан Халықаралық турнир өтті

Аягөз ауданында ШҚО және Аягөз ауданының «Құрметті азаматы» Төлеутай Ысқақұлы Сүлейменовтың жүлдесіне арналған 2000-2001 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы бокстан Халықаралық турнир өткізілді. Турнирге Еліміздің облыс, қалаларынан, Ресей, Өзбекстан, Монғолия елдерінен барлығы 176 спортшы бақтарын сынады.
Турнирдің салтанатты ашылуына Қазақстан Республикасының «Құрметті металлургі», Теміртау қаласының «Құрметті азаматы» Қуаныш Омашұлы Омашев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ибрагимов Сатыбалды Тлемісұлы, аудан әкімі Бақытжан Байахметов және аудан тұрғындары қатысты.
«Туған жерге тағзым» акциясы аясында Төлеутай Ысқақұлы Сүлейменов Аягөз ауданына 64 млн. тенгеге бокс залын салып берген. Осы бокс залында аталған үлкен спорттық шараны, байрақты бәсекені ауданда өткізу дәстүрге айналып, биыл төртінші рет өткізіліп отыр.
Айта кетсек, қазақ спорты, оның ішінде Аягөз спортының дамуы үшін Төлеутай Сүлейменов 13,5 миллион теңге тұратын автобусты да тарту еткен болатын. Жыл сайын жалауын көтеретін халықаралық турнир де жүздеген талантты спортшылардың бағын ашып, болашақтағы биік жетістіктеріне жол бастауға себеп болуда.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше