Бурабай баурайындағы бүркітшілер фестивалі

Астана жаңалықтары: Бурабай баурайындағы бүркітшілер фестивалі
Кеше Бурабай кентінде орналасқан Абылай хан алаңында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры демеушілік етіп, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырған Бүркітшілердің ІІ халықаралық фестивалі салтанатты түрде ашылды.

Жақсы істің басы-қасында жүрген ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан бұл шараны Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған, Астана қаласының іргесінде дүбірлетіп өткізген Теңге ілу, Асау үйрету, «Алтын тұлпар» бәйгесі сынды додалардың мақсатты жалғасы екенін айтты.

Бекзат өнердің бағасын арттыратын Бүркітшілер байқауы Ұлттық спорттың елімізде кең қанат жаюына сүбелі үлес қосқан Қанат Ахметовтің 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
– Ұлттық спорт шараларының бәрі осы уақытқа дейін жетім қыздың тойындай болып өтетін. Осы төл өнеріміздің деңгейін көтеру мақсатында алыс-жақын шетелдерден ағайындарымызды шақырып, қазақтың көптен күткен торқалы тойының көркін аштық. Бүгін енді Бурабай баурайындағы Абылай хан алаңында қонақтарымыздың басын қосып отырмыз. Қазақстанды шетелдіктер қу мекен дала, табиғаты жайсыз ел деп ойлайды. Мұнымен біз дәстүрімізді ғана емес, табиғаты бай даламызды да өзге жұрттарға көрсетсек, білдірсек дегенді ойға алдық. Меймандарымызды «Rixos» қонақүйінде күткенімізді өзі біздің елдің әжептеуір экономикалық қуатқа ие мемлекет екенімізді танытады. Бұл – бір. Жалпы бүркітшілік өнер қазақтың тектілігін айғақтайтын дәстүрі. Мұндай үрдістер ұлтымызда ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын айрықша күшке ие. Мәселен осы маңайға топтанғандардың барлығы бүркітшілікті атадан, әкеден үйренді, — деді Бекболат Қанайұлы.

Бүркітшілер фестивалі басталмас бұрын, қатысушылар, зерттеуші ғалымдар алдымен «Rixos» қонақүйінде жиналды. Онда «Құсбегілік өнердегі ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбында тәжірибелік кеңес өтіп, ұлттық спортты зерттеуші-дәріптеушілер, белгілі бүркітшілер баяндама жасады. Бүркітшіліктен ең бірінші спорт шебері атағын алған Үмітхан Дастанбеков ақсақал да осы арадан табылды.

– Қазақтың ұлттық дәстүрінің қанат жаюына атсалысып жүргеніме біраз уақыт болды. Құсбегілердің кәсіби мектебін аштық. Аталары бүркітшілікпен айналыспаған жастар да бұл өнерге ден қойып, қызығушылықтары оянды. Көптеген турнирлер ұйымдастырдық. Бүгін еңбегімнің еленгені шығар, осынау байрақты бәсекені менің мерейтойыма орайластырылып өткізуде, — деді Ұлттық спорттың жанашыры Қанат Ахметов.

Фестивальде еліміздің әр өңірінен және шетелдерден келген жалпы 42 қатысушы бүркіттерінің томағасын сыпырды. Жарыс екі күнге созылмақ.

– Мен – Астана қаласының тұрғынымен. Байқауда «Ақбалақ» атты бүркітімді ұшырамын. Жасы – 17 жаста. Әкем марқұм өзі баптаған құс. Былтыр маған аманаттап кетті. Мені осы өнерге көзімді тырмалап ашқаннан баулыды. Ата жолынан айнымай, мен де бүркіт баптауды балаларыма үйретудемін. Бүгін Диас және Ерасыл есімді екі ұлым да өздерінің өсіріп жатқан қаршығаларын әкелді, — деді Арманбек Күнтуған есімді бүркітші.

Алқа-қотан жиналып арқа-жарқа болған бұл күні 70 жасқа толған Қанат Үмбетов дархан даланың төсіне далитып дастархан жайып, ас берді.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше