Ақмола облысында II халықаралық бүркітшілер фестивалі өтуде

Астана жаңалықтары: Ақмола облысында II халықаралық бүркітшілер фестивалі өтуде

Ақмола облысында бүркітшілердің II халықаралық фестивалі өтіп жатыр. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырған шараға елімізден бөлек 10 мемлекеттің кіл мықты 20 құсбегісі қатысуда. Қыран құсты қолға үйреткен спортшылар Бурабай баурайында екі күн бойы сайысқа түседі. Дүбірлі дода барысында олар бүркітті қолға шақыру, шырғаға салу және еркін ұшыру кезеңдері бойынша бәсекелеседі. Бұдан бөлек шетелден арнайы келген құсбегілер мен жергілікті қыран құс иелерінің арасында семинар-кеңес өткізілмек. Рамазан Сәттібай, Ұлттық спорт түрлерінен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы: -Бүгінгі II халықаралық бүркітшілер фестивалінің өтіп жатқандағы маңызы зор. Себебі «Экспо» көрмесінің алдындағы тағы да бір нақты дайындық деп айтсақ болады. Бұл, әрине, біздің ата-бабамыздан келе жатқан біздің қанымыздағы бар нәрсе. Біздің төл өнеріміз. Біздің ұлттық құндылықтарымыздың бірі. Бергенбай Тастанбек, жарысқа қатысушы: — Осы құсбегілікпен айналысқаныма 15 жылдай болып қалды. Бұл – әкемнен үйренген мұрам. Бүркітім 9 жаста. Осындай жарыс бола берсе, ертең өсіп келе жатқан ұрпаққа жақсы өнеге болады деп ойлаймын.

cілтеме
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше