Үздік жарнама анықталды

Астана жаңалықтары: Үздік жарнама анықталды
Қазақстан халқы тілдерінің ХVІІ қалалық фестивалі шеңберінде «Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығында Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Үздік жарнама» байқауы өтті.

Байқауға «РПК Союз», «Профи ДМ», «Наружка KZ», «АЙСӘТ KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «РТС Деко», «Саян студия» және «Аксиома монтаж» жарнама агенттіктері қатысты.

Жарнамашылар байқауға Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы және ҚР Конституциясының 20 жылдығы тақырыбындағы жобаларын ұсынды.

Мәтіні сауатты, бояуы қанық, қазақтың салт-дәстүрін көркем бейнелеген «Аксиома монтаж» жарнама агенттігі байқау нәтижесі бойынна бәрінен озық болды. Екінші орын «РПК Союз» ЖШС-ға бұйырса, «Профи ДМ» ЖШС үшінші орынды алды.

– Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған кезекті байқаудың «Хан шатырда» ұйымдастырылуы – өте орынды. Үміткерлердің ешқайсысы осал емес. Барлығының жұмыстары асқан шберлікпен орындалған, тақырыпты ашып тұр. Дегенмен, «Аксиома монтаждың» еңбегін қазылар алқасы бір ауыздан үздік деп таныдық, – деді «Қазақстан РТРК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, қазылар алқасының төрағасы Қайнар Олжай.

Байқау жеңімпаздарына Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Тілеуғали Қысқашбаев дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырып, жұмыстарына шығармашылық табыс тіледі.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше