«Көмек» орталығы ашылды

Астана жаңалықтары: «Көмек» орталығы ашылды
Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастамасымен елордада «Көмек» әлеуметтік қолдау көрсету орталығы ашылды.

Мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік жағынан аз қамтылған жасөспірімдерге қолдау көрсететін жаңа орталықтың ашылуына «ЖасНұр» саңыраулар ассоциациясы», «Астана қаласындағы мүгедек балалар қоғамы» қоғамдық бірлестіктері мен «ДОС» тәуелсіз өмір» орталығы мұрындық болды.

Салтанатты ашылу рәсімінде қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім бастығы Гүлнар Абдуллаева мемлекет тарапынан төленетін әлеуметтік жәрдемақылар мен басқа да қызмет түрлерімен шектелмей, мүгедек балаларды демеу мақсатында осындай орталықтардың жұмыс істеуі қажет екенін алға тартты. Ол мүмкіндігі шектеулі, қамқорлыққа зәру жасөсіпірімдердің әлеуметтік ортаға бейімделіп, жұмысқа орналасуына бұл бастаманың үлкен көмегі тиетінін айтты.

Орталықта аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған киім-кешек және аяқкиім тарату бөлімі бар. Сондай-ақ, жұмыс істегісі келетін жастардың шаштараз, маникюр, педикюр мамандықтарына машықтанып, келешекте жұмыспен қамтылуына ықпал ететін сұлулық салоны жұмыс істейді. Алдағы уақытта орталық ішінен сазбалшықтан мүсін жасаушыларға арналған шеберхана ашу жоспарланып отыр.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше