Астана көшелеріне өздігінен сөніп қалатын «ақылды» шамдар орнатылмақ
Кәмелеттік жастан енді асқан Астана былтыр әлемдегі 21 «ақылды қаланың» қатарына қосылса, енді 2017 жылға дейін «интеллектуалды жетілікке» енуді діттеп отыр. Экологиялық тазалық пен үнемділікті басты бағдарға алған алғашқы қадамдар қазірден-ақ жасалып жатыр. Елорданың көркін асырып, даңқын асқақтатуға тіпті қарапайым тұрғындар да үлес қоса алады. Астананың шеткі ауданында тізілген жүздеген үйдің ішінде біреуі ерекшеленіп, алыстан көзге түседі. Оның төбесінде күнмен шағылысқан су жылытқыш панель бар. Яғни, үй иелері тұтынатын ыстық су тоқпен емес, күн сәулесінен алған қуатпен ысытылады. Нәтиже бірдей болғанымен, төлемақы мөлшері әлдеқайда аз. Үлкен үйлер үшін үнемдеудің таптырмас көзі болғанымен, күннен қуат алатын құрылғылар әзірге кең қолданысқа ие болмай тұр. Себебі олар жазда ғана толыққанды жұмыс істейді. Бағасы да арзан емес. Бекболат Айтуғанов, инженер: — Құрылғыларға деген сұраныс әзірге өте төмен. Халық бірден зор нәтиже күтеді. Ал бұл – келешекке жасалатын инвестиция. Салынған қаржы 6-10 жыл ішінде өтелуі мүмкін. Қуатты күн мен желден алып, электр энергиясын үнемдеу – Қазақстанның ЕХРО көрмесі аясында бетке алған басты мақсаты. Алайда қаланы безендіруге кететін шығын әзірге азаймай тұр. Қанат Шәкіров, «Астана жарық» ЖШС инженері: — Өткен жылы біз Астананың жарығына 35 млн 500 мың киловатт энергия тұтындық. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Статистикаға сенсек, қалада өндірілетін барлық энегрияның 10 пайызы осы жарықтандыруға кетеді. Оның үстіне құрылғылар тозып, ауыстырып тұруды қажет етеді. Елордамыздың келбетіне көрік қосып, түнгі Астанаға жан бітіру үшін әр кеш сайын қалада 50 000 жарық шамы қосылып, күніне 67 мың киловатт электр энергиясы жұмсалады. Есептей келгенде, оның бәріне Астана қазынасынан ай сайын 2 млн, ал жылына жарты млрд теңге жұмсалады екен. Алайда «ақылды» технологиялардың арқасында бұл шығынды 30 пайызға қысқартуға болады. Қалай десеңіздер, қала көшелеріне жарық диодты шамдар құрылады. Күннің қазіргідей қараңғы уағында олар барынша жарқырап, жанып тұрады. Ал бозарып таң ата бастағанда «ақылды» шамдар өздігінен сөніп қалады екен. Бұл – «Астана Innovations» компаниясының жобасы. Әзірге пилоттық түрде Еңбекшілер көшесіне құрылған. Олардың жарамдығы қазіргі натрийлі шамдардан 10 есе артық. Нұрлан Құрмалаев, «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасының орынбасары: — Жарық диодты шамдар 100 мың сағатқа жарамды. Экологиялық жағынан олар таза келеді. Әзірге 43 бағанаға ғана орнаттық. Дәл осындай бүгінде Рио де Жанейро, Қытайда Донгунг және Еуропаның көптеген қаласында қолданылып келеді. Әлемнің алдыңғы қатарлы, ең ақылды қалаларына қолданылып келе жатқан жарық диодты шамдар 2017 жылға қарай Астанадағы сол жағалау мен оң жағалаудағы басты көшелерге орнатылмақ.
сілтеме
сілтеме
Пікір жоқ әзірше