«Бөрілі байрақ» атты республикалық ақындар айтысы мәресіне жетті

Елордамызда Астана күніне орай «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпелілер өркениеті дәстүрлі фестивалі аясында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Астана қаласы әкімдігі ұйымдастырған «Бөрілі байрақ» атты республикалық ақындар айтысы болып өтті.

Блог - Abylaikhan_Kalnazarov: «Бөрілі байрақ» атты республикалық ақындар айтысы мәресіне жетті

Екі күнге созылған сөз сайысында 16 айтыскер бақ сынады. Атап айтқанда, көпшілікке кеңінен танымал – Серікзат Дүйсенғазы (Астана), Айбек Қалиев (Арқалық), Бауыржан Халиолла (Орал), Жарқынбек Наушабеков (ОҚО), Ринат Зайытов (Алматы), Иран¬ Ғайып Күзембаев (Астана), Зура Шәйдімұратқызы (Алматы), Қалижан Білдәшев (Шымкент), Ботагөз Мұхиденқызы (Астана), Ершат Қайболдин (Ақтөбе) және айтыс сахнасына жаңадан көтеріліп келе жатқан Хазірет Бердіхан (Алматы облысы), Шұғайып Сезімхан (Түркістан), Данияр Алдабергенов (Астана), Саят Әбенов (Қостанай), Дархан Әбдіманат (Тараз), Бек Шмат (Астана) секілді жас жүйріктер өнер көрсетті.
Бас жүлдені Ринат Зайытов, бірінші орынды Иран¬ Ғайып Күзембаев, екінші орынды Қалижан Білдәшев пен Айбек Қалиев, үшінші орында Серікзат Дүйсенғазы және Ершат Қайболдин жеңіп алды.
Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының басты басымдығы – ұлттық құндылықтарды басшылыққа алу, дамыған ел болу жолында ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұраларды көздің қарашығындай сақтау, келешек ұрпаққа аманаттау. Осы міндеттің аясында, қазақ айтыс өнерінің дамуына атсалысу күн тәртібіндегі мәселе.
Елдік сананы ұлықтаған айтыс шарасы – дауылпаз ақындардың ақындық пен орындаушылық шеберлігінің шыңдала түсіп, көпшілікке танымалдығының артуына және бірлік идеясын, қоғамдық келісім мен ынтымақты дәріптеу, байрақты тарихымыз бен ежелгі хандықтардан мирас болған саяси сабақтастықты жырлауға, сондай-ақ, сол арқылы жас ұрпақты ерлікке, отансүйгіштік қасиеттерге тәрбиелеуге арналды.
Айтыс жеңімпаздарын марапаттау сәтінде сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осыны кеңінен айта келе, партияның Саяси доктринасында ұлттық мәдениет пен дәстүрді дамытуға стратегиялық тұрғыда мән берілгенін атап өтті.
«Айтыс – халықтық өнер. Ежелден ұлтымызбен бірге жасап келе жатқан рухани мұра. Осынау киелі де қастерлі өнердің ел ынтымағын арттырып, мемлекетіміздегі іргелі өзгерістерді насихаттау мен жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы рөлі зор. Сондықтан да, «Нұр Отан» партиясы айтыскерлерге де, айтыс шараларының көптеп өтуіне де қолдау білдіріп келеді және игілікті істің бұдан әріде жалғасуына атсалысады», — деді Б.Байбек.
Партияның қолдау білдіруімен өткен жылы оннан астам халықаралық және республикалық деңгейдегі ақындар айтысы ұйымдастырылса, жыл басынан бергі уақытта алты айтыс өткізілді. Көкшетау қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Береке мен бірліктің жерұйығы» атты халықаралық ақындар айтысын, Атырау қаласында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс!» атты республикалық ақындар айтысын және «Мәңгілік ел» тақырыбындағы Алматы, Ақтау, Атырау және Талдықорған қалаларында өткен ақындар айтыстарын атап өткен жөн.
Екі күнге созылған жыр додасын белгілі ақын, жыршы Ақан Әбдуәлиев жүргізді.
Шараға «Айтыс ақындар мен жыршы-термешілер» одағының басқарма төрағасы, қоғам қайраткері, ақын Жүрсін Ерман бастаған, құрамында Еуразия Ұлттық университетінің проректоры, ф.ғ.д., профессор Дихан Қамзабекұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәулескер күйші, композитор Секен Тұрысбеков, ақын, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі Дәулеткерей Кәпұлы, ақын, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Серік Қалиев бар қазылар алқасы қазылық етті.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше