«Нұр Отан» қыркүйек айында жыршы-термешілер фестивалін өткізеді

«Нұр Отан» партиясының қолдауымен Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырған ақын Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығына арналған мәдени-танымдық кештегі құттықтау сөзінде танымал саясаткер Бауыржан Байбек осылай деп сүйіншіледі.

Блог - Abylaikhan_Kalnazarov: «Нұр Отан» қыркүйек айында жыршы-термешілер фестивалін өткізеді<img

«Біздіңше, қазақтың жыршылық, термешілік өнерін одан әрі насихаттап, дәріптеу, оны бірлік, елдік идеясын асқақтатуға ұтымды пайдалану – зиялылар үшін де, саяси билік үшін де күн тәртібіндегі аса маңызды мәселе. Ғасырларға созылған жыраулық, жыршылық мектептің мұраларын қазіргі ұрпақтың кәдесіне жарату бүгінде кенжелеу қалып жатыр», — деп өкініш білдірді Б.Байбек.
Оның айтуынша, осындай кемшін тұстарды ескере отырып, «Нұр Отан» партиясы алдағы қыркүйек айында бірқатар игі шараларды қолға алмақшы.
«Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Конституциямыздың 20 жылдығына орай жыршылық, термешілік дәстүрдің бүгіні мен ертеңін, қазіргі күнгі көкейкесті мәселелерін саралайтын ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарлануда. Осынау алқалы жиын ауқымды фестивалге ұласпақ», — деді саясаткер.
Сондай-ақ, ол бұл шараларға осы салада үлкен зерттеулер жүргізген ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің басшылық етіп, зиялы қауымның бір кісідей атсалысатынына сенім білдірді.
«Оның заманында ең алдымен қазақ руларының бірлігі жөнінде сөз қозғалатын болса, бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Халықтық бес реформада қазақтың ішкі ынтымағын сақтауды ғана емес, тұтас қазақстандық қоғамды жұдырықтай жұмылдыруды көздеген «болашағы біртұтас ұлт» идеясы көтеріліп отыр. Сондықтан, бабалардан қалған мұра біз үшін Тәуелсіздікті нығайту жолында рухани азық болмақ», — деп түйіндеді Б.Байбек.
Айта кетейік, «Алатаудың ақиығы» атты мәдени-танымдық кеш барысында ғалымдар баяндама оқып, қазақстандық және шетелдік өнерпаздар өнер көрсетті. Айталық, Сүйінбай мен Қатағанның айтысын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Әбдуәлі және Республикалық жыршы-термешілердің жеңімпазы, ақын Ж.Тоқтасынов орындаса, ақынға тиесілі «Сұраншы батыр» жырын Түркі тілдес мемлекеттердің Қорқыт ата атындағы халықаралық өнер фестивалінің лауреаты Д.Абашев қобызбен орындады.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше