Бобби Сэндс: "Мені Құдай жазалайды ма?"

Арнайы «Үздік кино сыншысы» байқауы үшін

Блог - zholantai: Бобби Сэндс: Мені Құдай жазалайды ма?

Ұлыбританиялық режиссер Стив МакКуиннің «Ашығу» («Hunger», «Голод») драмасы Солтүстік Ирландия тарихындағы елеулі оқиға ИРА-лықтардың ағылшын үстемдігіне қарсы күресіне арналған. Тарихи драманың өзегіне 1981 жылғы Мэйз түрмесіндегі жаппай аштық жариялау оқиғасы алынған. Бас кейіпкер – Бобби Сэндс (Майкл Фассбендер). Өмірде болған адам.
«Саяси кісі өлтіру, саяси жарылыс жасау, саяси зорлық-зомбылық деген ұғымдар болмайды. Кісі өлтіру, жарылыс жасау және зорлық-зомбылық деген ұғымдар қылмыс болып саналады. Біз бұл жерде ешқандай да мәмілеге бармаймыз. Саяси мәртебе бермейміз» деген Тэтчердің мәлімдемесімен басталатын «Ашығуды» шартты түрде төрт жікке бөлуге болады.
Біріншісі, күрескер Дэйви Гилленнің Мэйз түрмесіне келіп түсуі және Дэйвидің көзімен түрмедегі жағдайға оқырманның көзін үйрету. Екіншісі, Бобби Сэндспен танысу. Үшіншісі, Бобби Сэндс пен әулие әкей Моранның арасындағы сұхбат. Төртіншісі, Бобби Сэндстың ашығуы.
Фильмде «Ирландияның Республикалық армиясы» ұлт-азаттық ұйымының Мэйз түрмесінде жазасын өтеп жатқан мүшелерінің өздеріне саяси тұтқын мәртебесін алу жолындағы күресі баяндалады. Олар алғашында наразылық ретінде жуынудан, түрме киімін киіп жүруден бас тартады. Өздері жатқан камераларының ішін былғап, нәжістерін қабырғаға жағады. Алайда бұл тәсіл де еш нәтиже бермейді. Тұтқындарды күштеп жуындырады, шаштарын қырқып, сақал-мұрттарын күзеп тастайды. Көкала қойдай етіп сабайды. Ақырында тұтқындардың қозғаушы күші Бобби Сэндс аштық жариялауға шешім қабылдайды.
Блог - zholantai: Бобби Сэндс: Мені Құдай жазалайды ма?
«Ашығудың» сценарийін Стив МакКуин мен Энда Уолш жазған. Мұнда Энда Уолштың аса бір тер төге қойғаны байқалмайды. Мейз түрмесінің 1981 жылғы жағдайы мен сол уақыттағы саяси ахуалды екшелеп, тарих маманы ретінде көмек бергені болмаса, сценарий жазуда Стивтің көлеңкесінде қалғаны анық.
Сценарий желісінен МакКуиннің кейінгі фильмдерінде байқатқан қолтаңбасы айқын көрінеді. МакКуинде сценарийді оқиғаға емес, көркем кадрге бейімдеу бар. Үлкен киноға қысқаметражды фильмдер түсіру арқылы келген режиссер ғой. Режиссерлікке дейін суретші болғаны бар. Стив МакКуин сценарий жазуда оқиғалардың байланысуын емес, түсіретін кадрларын уайымдайды.
Блог - zholantai: Бобби Сэндс: Мені Құдай жазалайды ма?
Өзі жазған сценарийін өзі фильмге айналдырған Стив МакКуиннің режиссурасынан тек өте әдемі кадрларды ғана көруге болады. Қозғалмайтын, өте баяу алмасатын кадрлардың жетегіне ілескенде режиссердің бұрнағы өмірінде кескіндеме өнерімен қатысы бар болғаны анық білінеді.
Стив МакКуин үшін кадр маңызды. Диалогты екіншіге, оқиғаны үшіншіге ысырып тастайтын режиссер. Кадрдегі сұлулықты алға қояды. Сонысымен, ерекше. Әрбір кадр көз тойдырады. Стив МакКуинге «Ашығуды» түсіруде толықтай еркіндік берілген. Тұтас бір тарихтың тігісін сөкпей, қаз-қалпында жеткізген. Тарихқа адалдық танытқан режиссер.
Блог - zholantai: Бобби Сэндс: Мені Құдай жазалайды ма?
Майкл Фассбендерді актер еткен – Стив МакКуин. Қай-қай фильміне болмасын Фассбендерді сүйрелеп жүреді. Осы бір жақсы немістің шығармашылығын өз шығармашылығымен үндестіре білгенінен болар, «Ашығуда» да Майкл Фассбендерге бас кейіпкер Бобби Сэндстың рөлін береді.
Бобби Сэндс сынды кесек тұлғаны сомдау үшін 12 келіге арықтаған Фассбендердің талабы зор. Азаттықты аңсаған, Ирландияның біртұтастығын арман еткен Бобби Сэндстың адуын тұлғасы бастапқыда толығымен ашылмайды. Әулие әкей Доминик Моранмен болған сұхбатында да құрған сұрақ қоюдан аспайды. Фильмді көрмес бұрын ИРА-мен, Бобби Сэндстың кім екендігімен танысып алған көрермен – фильмдегі Бобби Сэндстан тарихта қалған Бобби Сэндсты көре алмайды. Майкл Фассбендерге адуындық жетіспейді. Дегенмен, ашығудан бұратылған адамның кейпін айнытпай жеткізеді.

Блог - zholantai: Бобби Сэндс: Мені Құдай жазалайды ма?
Қосалқы актерлерден Дэйви Геллинді сомдаған Брайан Миллиганның ойынын ерек атап өтуге болады. Көзіне үрей мен қайсарлық қатар ұялаған кейіпкердің кейпін айнытпай салған Дэйвидің жанары түрмедегі ахуалды айнытпай жеткізеді.

Блог - zholantai: Бобби Сэндс: Мені Құдай жазалайды ма?
Фильмның ортасына дейін ілесіп келетін тағы бір кейіпкер бар. Ол — тұтқындарды ұра-ұра саусақ терісі ыдыраған түрме офицері. Қарама-қайшылыққа толы кейіпкер.

Блог - zholantai: Бобби Сэндс: Мені Құдай жазалайды ма?
«Ашығудың»» басты мақтанышы – операторлық жұмыс. Фильмнің қоюшы-операторы — Шон Боббит.
Оператордың шеберлігі — Дэйви камераға алғаш келіп түскенде-ақ байқалады. Жаңа келген тұтқынның денесі суық пен үрейден дірілдей бастайды. Сонда қабырғаға айнала көз жүгірткендегі камераның дірілі — камера ішіндегі ауанды нақпа-нақ жеткізеді. Тіпті қабырғаға жағылған нәжіс пен құсықтың иісі мұрынға келгендей болады.
Бобби Сэндстың аштық жариялауы басталысымен оператор да өз күшіне мінеді. Мұндағы әрбір кадрде әсер ету бар. Бобби Сэндстың ашығудан әлсіреп, ажалмен арпалысқан сәтін екі, не үш қайтара айналдырып көру – артықтық етпейді. Әзірейіл кезекті құрбанның жанын алуға келгенде өз «жемтігін» осылай торуылдайды ма екен деген ой келеді. Құйқа шымырлап, дене байғұс тіршіліктің тұтқасына жармаса түскендей болады, камераның оңды-солды, жоғары-төмен жылжуынан тіршілік пен түнектің бір-бірімен арпалысы, арбасуы сезіледі.
«Аштықтан көзі қарауытып, айналасындағы заттарды ажыратудан қалды» деген сөздің бейнеленген түрін де осы кинодан табылады. Тіріліктің соңғы демі үздік-үздік шығып, демнің оттай лебі ауаға араласқанын сезінудің қияметі кадрде тым шебер көрсетіледі.

«Ашығудың» композиторы — Лео Абрахамс пен Дэвид Холмс. Екіншісі небір азулы фильмдерді әуенмен әрлеген композитор. Десе де, «Ашығуда» әуен аз. Фильмнің басым бөлігі табиға дыбыстармен көмкерілген. Мұндағы дыбыс операторы Паул Дэвистің еңбегін атап өту керек-ақ. Қозғалуға шамасы жоқ дененің әлсіз тынысы «Ашығуда» естіледі.
«Ашығу» — Стив МакКуиннің дебюті. Өте сәтті дебюті.
«Ашығу» — империялық билікке қарсы шыққан азғана топтың үлкен әрекетін көрсеткен фильм. Жалпы Солтүстік Ирландияның Ирландия Республикасынан бөлек қалуына протестанттық дін өкілдерінің ықпалы мол болды. Стив МакКуин осыны қалай жеткізеді екен деп ойлаған едім. Режиссер қате кетпеді. Тұтқындардың түрмеге уағыз айтуға келген дін қызметкеріне деген ықыласын бірнеше секундқа созылған кадрмен көрсете отырып, тығырықтан шығып кетті. Католиктер мен протестанттар арасындағы қақтығысты осыбір кадрлерімен-ақ көрсете білді.

Блог - zholantai: Бобби Сэндс: Мені Құдай жазалайды ма?
Бобби Сэндс пен әулие әкей Моран арасындағы 23 минутқа созылған сұқбаттың да айтары жетіп артылады. МакКуиннің дінге деген көзқарасы анық байқалады. Әулие әкей мен өлімге басын тіккен тұтқын арасындағы осыбір әңгімені Стив Маккуин өз жанынан қосып, әспеттегені анық болса, онда Стив МакКуиннің дін хақындағы ойы «Ашығуда» сыртқа шығады.
«Ашығудағы» сөлі сарқылған денеден шыққан көз жасы — фильмді тым биікке көтеріп тастайды.
Бөлісу:

7 пікір

qonyrbai
Түпнұсқа атауы қалай?
zholantai
qonyrbai
О, рақмет! Ертең көрейін.
zholantai
ашқарынға, попкорнсыз қарайсың ғо, ок
qonyrbai
 Иә-иә!
zholantai
көрдің?
qonyrbai
 Әлі көрмедім. Бірдеңе жасап жатыр едім.