Мұхтар ШЕРІМ. БІЗГЕ «ЖЫНДЫ» КЕРЕК...

Біздің елге бір «жынды» керек болып тұр. Жынды болғанда, «нәрмәлні» жын¬ды… Бостан босқа тамағы жыртылып, айқайлағанда, аузынан албастылар секіріп түсетін «жынды» емес, оқыған, бірдеңені шоқыған, «ұлтым, жерім, елім» дегенді көкірегіне тоқыған, тап-тұйнақтай тақылдаған «жынды» керек. «Ойпырмай!» министрлігі жанынан осындай бір департамент ашылды. Департамент бастығы орнына хабарландыру жарияланғаны сол еді, еліміздің тең жартысы жындылар екен, бәрі министрлікке ағылды. Араларында шынымен жынды, жасанды жынды, жағымпаз жынды, парақор жынды дейсіз бе… ажырату қиын.
--Қашаннан бері жындысыз?—деп сұрады министр.
--Есектің миына пісірілген каша жегелі бері…
--Есектің миын жеп неңіз бар?
--«Срочно» жынды болайын деп…
--Бізге ақылды жынды керек. Ресей депутаты Жириновский секілді. Лимоновы секілді. Кез-келген жиында, кез-келген ортада, теле көпірлерде сөзден сарай тұрғызып, сосын оны өзі қирата салатын…
--Мен академик жындымын!—деген ақымақтың жолы бомады. Келесі бір «жынды» кабинетке әндете кірді.
--«Басында Қамажайдың бір тал үкі, айырылып, тілімізден болдым күлкі. Болдым күлкі… Ахау, хайли-ләйлім...»
--Кешіріңіз, «ахау хайлиләйлім» мырза,--деді министр қолын көтеріп,--оқығансыз ба?
--Жындылар университетінің «Ноқаты кемдер» факультетін бітірдім.
--Қай жерден айлық алдыңыз?
--Кассир қыздан.
--Жоқ, қай жерде қызмет істедіңіз деймін?
--Е, мен тышпаған төбе қалды ма? Бәріне тышып келемін. Енді сізді де бір төбе деп…
--Тоқтат! Барыңыз!
Келесі «жынды» кеңкілдей күліп кірді.
--Неге күлесіз?
--Жәй әшейін. Біздің елде күлмейтін не қалды?..
--Саяси жынды болғыңыз келеді ме?
--Кешіріңіз, қарамағымда қанша «жынды» болады?
--350 «жынды». Оларды ұстау үшін мемлекет бюджетінен үш миллиард теңге бөлінеді. Әр облыста филиалдарыңыз және бар.
--Айлығы…
Министрге бұл «жынды» да жақпады. Қуып шықты. Келесі «жынды» кабинетке айқайлап кірді.
--Сіз неғып отырсыз? Шығыңыз!—деді салған жерден.
--Неге? Неменеге айқайлайсыз?
--Тәуелсіздігімізге қауіп төніп тұр! Жан-жағымыздан үргіш иттер көбейді! Ал, сіз кабинетіңізде отырып алып, жілік мүжіп отырсыз! Осы жілікпен басыңызға бір ұрайын ба?—деген ол министрдің қолынан тоқпан жілікті жұлып алып, ұрайын, ұрайын деп қалды да, өзі мүжи бастады.
--Сорпа ішесіз бе?—деп сұрады министр әдейі.
--Сорпада басыңыз қалсын! Еліміз, тәуелсіздігіміз аман болса, сорпаның ішінде шомыламыз әлі! Бассейн іші тола сорпа болады! Сол сорпаның ішінде жүзіп жүріп, туралған ет жейміз! Жасасын, Қазақ елі! Ей, Жириновский, мұрныңды ет турағыштан өткізейін бе?--деген «таза жынды» шалбарын шешіп жіберіп, құйрығын шапаттады. Министрге мына жынды ұнап қалып, дереу «Ақылды жындылар» департаментінің бастығы етіп тағайындап жіберді. Бірақ «ақылды жындымыз» бір ай өтпей жатып, Жириновскийден пара алып жатқан жерінде финполға ұсталып қалды… Кешіріңіздер, араларыңызда «нәрмәлні» жынды жоқ па, а?
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше