Қазақтарды футболға баулитын бастама

«Бір атаның балалары футбол ойнайды» республикалық турнирі биыл алғаш рет жер жәннаты Жетісуда өтті.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл 8 қыркүйек «отбасы күні» деп жариялап, аталған мерекеге қол қойған болатын. Ал аталмыш отбасылық доданың негізгі мақсаты әрбір отбасында спортты насихаттап, шағын футболдағы команда арқылы бірлік, құрмет және патриотизмге тәрбиелеу болып табылады.

Сондай-ақ Елбасының бұқаралық спортты дамытып, онымен айналысатын халықтың санын 30 пайызға жеткізу қажет деп тиісті агенттікке тапсырма бергенін де білесіздер. Ендеше, Елбасының осы бастамаларына «Бір атаның балалары футбол ойнайды» деген отбасылық доп додасы толығымен жауап бере алады.

Бұл дода біраз жыл бойы дәстүрлі түрде өткізіліп келді. Оған республиканың әр аймағынан 60-қа жуық команда қатысқан кездер де болды. Кәсіпқой және әуесқой деңгейдегі футболшылар бір алаңда өнер көрсететін – еліміздегі бірегей турнир.

Бұл ретте осы дода идеясының авторы әрі ұйымдастырушысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбайұлының еңбегі ұшан-теңіз.
Блог - Bek-enu: Қазақтарды футболға баулитын бастама
Жиырма жылға жуық тарихы бар дәстүрлі турнирді өткізу бақыты биыл Талдықорғанға бұйырды. Дәстүрлі дода Жетісу өңірі орталығындағы сәулетті «Жастар» спорт кешенінде өтті.

Отбасылық доданың ашылу сал­танатына ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның Алматы облысындағы өкілі Айжан Оралбекова келді.

Кезінде Несіп ағаның құрған «Намыс» командасының алғашқы түлектерінің бірі, бірнеше жыл «Жетісу» командасының капитаны болған, Нигерияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында ел намысын қорғаған Айдар Күмісбеков те ат басын бұрыпты.
Блог - Bek-enu: Қазақтарды футболға баулитын бастама

Еркін күрестен Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері, Азия чемпионы Мәулен Мамыров, футболдан Қазақстан құрамасының тұңғыш капитаны Асқар Қожабергенов игі тілектерін білдірді.

Талдықорған алыс болса да, сонау Атыраудан, Қызылжардан, Көкшетаудан, тіпті Бішкектен де отбасылық командалар келіп, доп додасының көрігін қыздырды. Биылғы турнирге 12 команда қатысып, жеребе тарту арқылы төрт топқа бөлінді.

«А» тобы: Сұлтановтар (Көкшетау), Қожабергеновтер (Алматы облысы), Тілешевтер (Тараз);

«В» тобы: Сәрсенбаевтар (Бішкек), Күншығаровтар (Атырау облысы, Мақат ауданы), Розыбакиевтер (Алматы қаласы);

«С» тобы: Жүнісбай ата ұрпақтары (Алматы облысы), Байғазы балалары (Қызылжар қаласы), Жауғашовтар (Жамбыл облысы);

«Д» тобы: Көкеевтер (Алматы қаласы), Бірімқұловтар (Жамбыл облысы, Шу қаласы), Керімқұловтар (Алматы облысы);

Осы турнирдің бірнеше дүркін жеңімпаздары Көкеевтер отбасы бұл жолы өте қарымды құраммен келіпті. «Уэмблиде» 89 мың жанкүйердің алдында Англия қақпасына гол соққан, «Қайрат» және Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы – Жамбыл Көкеев пен «Сұңқардың» қорғаушысы Жігер Көкеев те өз әулеттерінің намысын қорғады.
Блог - Bek-enu: Қазақтарды футболға баулитын бастама

Барлық футболшылар демалыста жүргенде, Жамбыл мен Жігердің осы додаға қатысуының өзі көрермендерді бір серпілтіп тастағаны анық. Сондай-ақ, «Розыбакиевтер» мен «Қожабергеновтер» сапында да кәсіби футболшылар болды.

Былтыр «Қайратта» жасындай жарқыраған, бүгінде «Оқжетпестің» шабуылшысы болып жүрген Рақымжан Розыбакиев те көпшілік қошаметіне бөленді.

Ал Қазақстан ұлттық құрамасының тұңғыш капитаны, еліміздің бірнеше командасында өнер көрсеткен, бапкерлік қызметте де толағай табысқа жетіп жүрген Асқар Қожабергеновтің отбасылық командасы биыл бұл додаға тұңғыш рет қатысты. Асекең карьерасын аяқтаса да, жастармен бір деңгейде өнер көрсетіп, тіпті алыстан қақырата гол соққанда, көрермендер тік тұрып, қол соқты.
Блог - Bek-enu: Қазақтарды футболға баулитын бастама

Дәстүрлі доданың бірінші күні тек топтық кезеңдегі ойындар өтті. Әуелі «А» тобындағы Көкшеден келген, осы доданың дебютанты «Сұлтановтар» мен қазаққа Мұрат Тілешевтей арынды шабуылшы сыйлаған «Тілешевтердің» отбасы кездесті. Бұл ойында «Сұлтановтар» айқын басымдықпен жеңіске жетіп, қарсы қақпаға жауапсыз 12 доп еңгізді.

«Тілешевтер» екінші ойында да «Қожабергеновтерден» ойсырай ұтылды. Өзінің отбасылық командасының қос ойында 31 гол жібергенін телефон арқылы әкесінен естіген Мұрат келесі жылы өзі қатысып, биылғы жіберген еселерін қайтаратынын мәлімдепті. Бұл топтан ширек финалға «Сұлтановтар» мен «Қожабергеновтердің» отбасылық командалары шықты.
Блог - Bek-enu: Қазақтарды футболға баулитын бастама

Екінші топтағы былтырғы турнирдің вице-чемпиондары «Күншығаровтардың» отбасы Талдықорғанға дайындықсыз келген тәрізді. Атырау мен Алатаудың арақашықтығына қарамастан ұзақ жол жүріп келген еңбектері жанбады. Топтық кезеңдегі екі ойында өз қақпаларына 10 доп жіберіп алып, өздері бір ғана гол соқты. Бір қызығы, бұл топтағы үш ойын 5:0 есебімен аяқталды. Ширек финалға «Сәрсенбаевтар» мен «Розыбакиевтер» жолдама алды.

Үшінші топта осы додаға екінші рет қатысып отырған «Байғазы атаның балалары» мен «Жауғашовтар» келесі кезеңге іркілмей өтті.
Блог - Bek-enu: Қазақтарды футболға баулитын бастама

Ал соңғы топта жұлдызды команда «Көкеевтердің» топ жарарларына ешкімнің күмәні болмаған тәрізді. Жасыл алаңда жарқырап жүрген Жамбыл мен Жігер кіші футболды да жатырқамады. Қос жұлдыздың командасында Мейіржан, Елнұр, Жаннұр секілді інілерімен Мұхтар ағалары ойқастады. Мұхит Көкеев балаларына нұсқау беріп, команданың бас бапкері қызметін атқарумен болды. Екі футболшының анасы Сәуле Көкеева бастаған жанкүйерлері де ерекше болды.
Блог - Bek-enu: Қазақтарды футболға баулитын бастама

Бес жасында осы турнирдің дәмін татқан Жамбылдың 10 жастағы інілері Елнұр мен Жаннұр да ағаларынан қалыспай ойнады. Ал бұл топтағы екінші орын «Бірімқұловтардың» отбасына бұйырды.
Блог - Bek-enu: Қазақтарды футболға баулитын бастама
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше