Төрт ұста

ТӨРТ ҰСТА

Айтайын мен бір тымса әңгімені,
Мал табу, жер көру ме, әлде нені?
Ойына алып, ел-жұртын таң қалдырған,
Кезіпті төрт өнерпаз дүниені.

Бірігіп бұл төртеуі келер еді,
Біреуі – ағашқа ұста шебер еді.
Біреуі – киім тіккіш, бірі – зергер,
Қолынан алуан жұмыс келер еді.

Біреуі сондай білгіщ, ғалым адам,
Дүниенің жұмбақ сырын біліп алған.
Ағаш, тас, темір, қола құрастырып,
Беретін ғылымменен бәрте жан.

Ел кезіп бұл төртеуі келді тауға,
Өмірі жан жүрмеген қалың науға.
Жер екен елсіз, күнсіз жан-жүрмеген,
Гүжілдеп, іші толған жыртқыш аңға.

Ойдасты, бір бас пана қылайық, деп,
Бейқамдықбұл арада қылмайық, деп.
Бұл жерде аю, қабылан, жолбарыс көп,
Кезекпен қарауыл болып тұрайық, деп.

Бір үңгір тауып алды тауға шығып,
Жағарлық алды-артына отын үйіп.
Шаршаған жатты үшеуі жатты дағы,
Күзетке ағаш үста қалды тұрып.

Шаршаған басқа үшеуі қалды жатып
Бір уақытта тартты кеулім күнде батып.
Сүмбіл шаш, пісте мұрын, жазық маңдай,
Қойғандай көрген жанды таңырқатып.

Ағаштан бір сұлу қыз қойды шауып,
Секілді үрдің қызы келген ауып.
Болғанда қардай еті, қандай беті,
Қолаң шашы жарасып тұр, иығын жауып.

Аямас өнерлі жан қолда барын,
Ауызбен айтқысыз қып, мұның сәнін.
Ағаштан бір сұлуды қойды жасап,
Адамнан артықша қып формаларын.

Көргеннің өрт салғандай өзегіне,
Сұлулап құр ағашты безеді де.
Төсекке ағаш ұста өзі жатты,
Оятып тігіншіні кезегіне.

Сұлу қыз, түрегелсе тұр жасалып,
Адамнан мұндай сұлу тумас анық.
Тігінші сұлу қызды көргеннен соң,
Құрыды әл-дырманы, кетті балқып.

-Кімсіз деп сөз сөйледі, қызға қарап,
Мен сізді үр қызына тұрмын балап.
Алма мойын, болғанда, жұмақ қойын,
Ішімді ғашық отың кетті жалап.

Сөйтсе де бұл қыз жауап берер емес,
Икемге қанша айтса да келер емес.
Мелшиіп тілсіз сурет тебіреніп,
Ойына ешбір жанды теңер емес.

Қарағым, жетті көзім, дейді, тұрмасыңа,
Айтқандай мұны әркім сырласыңа.
Не қылған дүние жоқ адам едің,
Жетпеген көйлек-көншек бір басыңа.

Тігінші қыздың қарап тұлғасына,
Қалмапты қол созбасқа мұршасы да.
Ол өзін қолмен соққан жансыз ағаш,
Адамның айтқан сөзін тыңдасын ба?

Сондай-ақ, сып-сымбатты тұрған ұнап,
Көрген жан, тағат қылып, тұрмас шыдап.
Басын иді, жігіттің қолы тиді,
Ол ағаш қисайды да қалды құлап.

Жарылар жақындаса жүрек енді,
Мұнымен болмас қаьыл тілегі енді.
Ол қызды арлы-берлі айналдырып,
Ағаштан жасалғанын біледі енді.

Жасаса мұны былай ағаш шебер,
Таңырқап, деген шығар, бізді көрер.
Жалаңаш ағаш қызды киіндірсем,
Керекті тігіншілік мендегі өнер.

Тігінші ойланды да іске кірді,
Үлде менен бүлдеге кенелдірді.
Қымбат баға асылдан киіндіріп,
Екі есе етті сұлу бұрыңғыны.

Тігінші бітірді де барлық ісін,
Құлпыртып тоты құстай қыздың түсін.
Үшінші зергерді бұл оятады,
Деді де, енді табар ендігісін.

Сұлу қыз түрегелсе тұр жасалып,
Киіммен мақпал, жібек қойған малып.
Қалғаны алтын алқа, гауһар сырға,
Құралын ісей берді қолына алып.

Білезік, алқа, тұмар, сырға, жүзік,
Шашағын сым күмыстен төгілдіріп.
Қаншама жарқыраған жанар тастап,
Бойына сыйғанынша қойды тізіп.

Келтіріп қызды әбден сәулетіне,
Жан қарап тойғысыз ғып келбетіне.
Зергерші жатты-дағы төсегіне,
Ғалымды оятады нәубетіне.

Ғалымның көзі түсіп, сұлу қызға,
Таң қалды жасандырған өнерпазға.
Ақтарды арқалады бар кітабын,
Ағашқа жан беруге амал бар ма?

Ішінен дұға кітап алды тауып,
Сөйлетті ауызынан үн шығарып.
Тетікпен тұрады да, отырады,
Кісіге жақындайды өзі барып.

Бар ісін бітірді де, ғалым жатты,
Басқаны айқай салып қыз оятты.
Дұғалап ғалым молда ілімімен,
Оянған үшеуін де таңырқатты.

Үшеуі бір-біріне қарасады,
Көрген соң жанды сұлу тамашаны.
Біреуі, — Мен, біреуі, мен алам, деп,
Үшеуі сұлу қызға таласады.

Үшеуі арыз етіп биге келіп,
Отырды қол қусырып үйге де еніп.
Безектеп би орнынан түрегелді,
Сылаған періштедей қызды көріп.

-Жоғалтқан мынау менің, қалыңдығым,
Жәбірдің көп көріпті-ау ауырлығын.
-Е, жаным, жабырқамай кел қасыма,
Зынданға қаматайын, бәрін мұның.

Төртеуі ерегесіп, келді ханға,
Сенбеді сезіктеніп бөтен жанға.
Көтеріп үйге әкелген сұлу қызды,
Көрді де ханның өзі қалды таңға.

Әлқисса, Ханның сөзі:
Ұрылар тыңдамаймынг арызыңды,
Тарттырам дарға астырып жазығыңды.
Кеткен едіңдер ұрлап, жылдан асты,
Нақ сүйер, сүйіп алған ханымымды.

Жендетім жазықты жан, әне саған,
Күн көрген қатын ұрлап, бұзық адам.
Апар да төртеуін де томпита сал,
Е, ханым, жақындай бер, бері таман.

Жендеттер суырды да қылыштарын,
Тұмшалап шығартқызбай дыбыстарын.
Орданың қақпасына айдап барып,
Шығарып бітірмекке жұмыстарын.

Сол ханның ғалым кірді ордасына,
Араша қып өнерпаз жолдасына.
Орда іші су сепкендей тына қалды,
Ғалымның көз салды да формасына.
Ол айтты, арызым бар, тыңда ханым,
Бұл жұмыс сынау ғана заман заңын.
Соғушы бұл сұлуды, төрт өнерпаз,
Жансызға бергендей қып, жан, деп наным.

Бұл – ағаш, жаны да жоқ, қаны да жоқ,
Болғандай, ханға — ханым, халы да жоқ.
Бұл үшін кісі өлтіру, қанын төгу,
Кір жағар адамдықтың, арына көп.

Өлтірме, өлушінің тоқтат бәрін,
Шығарма, жазықсыздың босқа жанын.
Бұл қыздың көзіңізге көрсетейін,
Қалайша сөйлегенін, қозғалғанын.

Сұлу қыз, хан алдынан тұрған қашық,
Тетігін ғалым қойды қолмен басып.
Адымын үш-төрт рет басып барып,
Отырды хан алдына жақындасып.

Сөйледі тілі келіп, сегіз тілге,
Қимыл жоқ, не ернінде, не көзде.
Отырды хан алдына жәбірленіп,
Сұлудың үні шықпай онан өзге.

Шақырып хан алдына өнерпазды,
Жүретін, сөйлететін кілтін алды.
Киімші — киімін ап, зергер — зерін,
Қақайып қу ағаштың өзі қалды.

Таң қалды өнерпаздың өнеріне,
Жандыға жансыз затты теңеді де.
Айтайын өнерпаздың не болғанын,
Құр ағаш айта беріп, керегі не?

Таң қалды тірлігіне хан бұлардың,
Жансызға істетті ісін жандылардың.
Бір-бір мын алтын беріп төртеуіне,
Қарасты жағдайына һәм бұлардың.

Арамдық тірліктен хан жиреніпті,
Қаншама жасау, жабдық, сый беріпті.
Ішіне көрпе, жастық, сайманымен,
Төрт бөлме төртеуіне үй беріпті.

Патшадан шығарылып мұндай үкім,
Төрт қызға төрт өнерпаз үйлендіріп.
Бір ерден сондай ізет көрем бе, деп,
Өтебек ақындықты үйреніпті…

Бөлісу:

1 пікір