Мың бір түн....(Бекбаудың нұсқасында)

Бастайын бысмыла, -деп сөздің басын,
Кішкене құлақ салып халық тыңдасын.
Айтайын біразырақ әңгіме етіп,
Бұрыңғы өткендердің хиқаясын.

Бір патша болып еді самарқанда,
Жайылып аты кеткен әр таманға.
Өзінің аты еді –Шаһіраман,
Жүргізіп тұрған өкім барша жанға.

Бар еді бір туысқан бір ағасы,
Бір еді екеуінің ата-анасы.
Ағасы Шым-Машынға патша еді,
Жол еді бір айшылық аралары.

Шаһраман жүрмек болды ағасына,
Мәслихат салды уәзір данасына.
Шәріге Шын-Машынға жүремін деп,
Халықтың жарлық шашты арасына.

Лағыл тас, тіллә, жаһұт алды бәрін,
Ылайық ағасына сауғаларын.
Жол басып үш күншілік ұзағанда,
Біледі бір нәрсені ұмытқанын.

Барғанда үш күншілік басып қалды,
Барсам, ағасына көңілі талды.
Бір сауға ағасына апаратын,
Патшаға қатты жаман қиын болды.

Білдірмей әскеріне қайтты сасып,
Атына оңды-солды қамшы басып.
Үйіне патша барса жатыр екен,
Қатыны бір құлымен қолтықтасып.

Падиша кіріп келді ашып есік,
Қылышын қынабынан алды шешіп.
Керегін алды дағы, жүре берді,
Қатынын құлмен жатқан басын кесіп.

Сонымен патша енді кете берді,
Білдірмей әскеріне жетеді енді.
Қатынның бейопалық қылығына,
Ойланып көп қиялды етеді енді.
Әлқисса: Шәр Раман бұл сырды ешкімге сездірмей, Шын-Машынға барды.
Бұрынғыдай патша емес,
Қабағ төмен салынды.
Бір қатынның дертінен,
Кеселге патша шалынды.
Келе жатыр інің деп,
Патшаға хабар берілді.
Келе жатқаны інісі,
Падишаға көрінді.
Бір қатынның дертінен,
Көңілдің гүлін сөндіріп,
Жүзінің нұры көмілді.
Шаһ Рамандай інісін,
Шаһ Заман көріп қуанды.
Музыка шалып әскерлер,
Қызыл, жасыл ту алады.
Амандасар ағасы,
Шаһ Заман ойлар қиялы.
Әлқисса: Бір күні Шаһ Заман інісіне «шырағым, тауға шығып, тауға шығып сейіл құрып келейік, сенің кеселің күшейді ғой, депті. Сонда інісі менің кеселім, тәуіп-бақсыға да, сейіл құрғанға да жазылмайды. Сіздер бара беріңіздер, мен үйде өз бетімше тынығайын», дейді.
Бір қатынның дертінен,
Түнекке салды қиялды.
Көңілдің гүлін солдырып,
Өмірге салды зиянды.
Не себептен табың жоқ,
Деп, — сұраса ағасы,
Шаһ Раман патша ұялды.
Шаһзаман айтты: «Шаһраман,
Көңіліңді көтер ау қылып,
Сахрада көргін тамаша,
Уәзірлермен бір жүрдірт.
Дайындап қойдым бәрін де,
Уәзірлерге білдіріп.
Зәредей көңілің ашылса,
Көргін, қалқам тамаша.
Сұңқарға үйрек ілдіріп,
........қойған уәзірге.
Шаһ Раманның дертінен,
Зәрнедей көңілі ашылса,
Көңілімді қой,-деп тындырып.
Әлқисса: жоғарыда жазылғаны.
Патша, уәзір жөнеді.
Тамаша қылып ауларым,
Қыдырып кетіп бара жатыр.
Шын Машынның тауларын,
Ағасы қуға кеткен соң.
Қырық кәнізек, қырық зәңгі,
Аралап жүрді бауларын.
Патшаның шықты қатыды,
Жасатып түзеп, киініп.
Қырық кәнізек, қырық зәңгі,
Бұлар да келді жиылып.
Шақырды: Мақсұт зәңгіні,
Келсін, деп, дереу бұйырып.
Мақсұт деген бір зәңгі,
Айды бұлт басқандай,
Ханымды басты үйіріп.
Шаһраман көріп қайран боп,
Қалғандай көңілі сүйініп.
Әмбеге екен бірдей деп,
Қайғысы қалды тиылып.
Семіртетін арық қып,
Хұш уақ екен көңілді.
Бір опаға ұшырап,
Өткіздік бекер өмірді.
Масқара екен жұмысы,
Менікі мұнан жеңіл-ді.

Ағасы келді кешке аңда жүріп,
Уәзір, дәнелермен ойнап, күліп.
Алдына інісінің кіріп келсе,
Қалыпты күндегідей өңі кіріп

Бір нәрсе ойланады біогендігім,
Өзінің аңдағы айтып жүргендігін.
Ішінен сұрайын, деп ойлады.
Көңілінің не себепті кіргендігін.

Ағасы: -Реңінің күндегіден бүгін жақсы,
Ойлаушы едім, жаман ғой деп, мұның әпсі.
Мен дағы сөйткен соң шаттанайын,
Себебін қуанғанның маған айтшы.

Інісі: Жасымнан патшалықты қылдым тәртіп,
Жан көке не қылайын саған айтып,
Мәнісін мұның көке білер болсақ,
Алдыма ертеменен келгін қайтып.

Мәнісін бұл ісінің білмек үшін,
Қамын қып ертеңгі аңға жүрісінің.
Білдірмей әскеріне Шаһзаман,
Алдына кіріп келді інісінің.

Патшалар кетуіне бұл бір себеп,
Әйелдер неше түрлі болғай нәбеп.*
Көрсеңіз өзіңіздің көзіңізбен,
Сабыр қып біразырақ тұрсақ қарап.

Құл мен күң бауға шықты араласып,
Күндегі жұмысы екен болған машық.
Бір құл кеп Мақсұт деген ханымменен,
Ойнады бірге жүріп, қол ұстасып.

Қанымды Мақсұт деген басты келіп,
Мақсұттың ханым жатыр астына еніп.
-Бейопа дүниеде әйел ме деп,
Патшалар қайран болды мұны көріп.

Әйелдің ойлағаны настық екен,
Еріне қылғаны ісі қастық екен.
Бұларды өлтіргенмен не қыламыз.
Бұл жұмыс ұрғашыға машық екен.

Әуреміз, балам бардеп, қатын бар деп,
Бұларды өзімізге жақындар деп.
Бұларды дос тұтынып жүргенменен,
Қатынның болмас екен ақыл бар, -деп.

Екеуі қол ұстасып, қалды кетіп,
Ақыры қалар екен әлде нетіп.
Жол жүріп бірнеше күн арып, ашып,
Дарияның жағасына барды жетіп.

Інісі басшы болды ағасына,
Қарайды бір-бірінің шамасына.
Аралап неше түрлі ағашпенен,
Дарияның барып жатты жағасына.

Дариядан тарауланған неше бұлақ,
Бұлақтың айналасы екен құрақ.
Су ішіп, сал бұлақтан рахаттанып,
Сол жерге біразырақ жатты сұлап.
Құлақ сал тағы патша сөздеріне,
Бірнеше сөз келеді өздеріне.
Ішінен қалың ағаш қарауытып,
Бірнәрсе көрінеді көздеріне.

Қара бу-түтін болып тұман шықты,
Тұман боп бір зор дию мұнан шықты.
Асқар таумен бара бар бойлары бар,
Шалқар көл, көк дария судан шықты.

Мысалы асқар таудай қара қара мұнар,
Келбетін көрген адам естен танар.
Көрінбей жасырынып барайық, деп,
Өрмелепбір ағашқа шықты бұлар.

Қараса асқар таудай мәлгүн екен,
Жүр екен осы ағашты қылып мекен.
Түбіне сол ағаштың келіп түсіп,
Ойламай, кім келсін, дер ме екен, менен бөтен.

Барша жанды жаратқан,
Әніи Қадыр халқ-ты.
Отырған соң ол мәлгүн,
Қойнынан құты ашылып,
Құтыны ашып құты ашып,
Құтыға назар салыпты.
Жеті құты ашқанда,
Бір қыз шығып қалыпты.
Жамалын айтсам ол қыздың,
Мысалы айдай жарықты,
Жеті қабат құтыда,
Бұл қыз бір жүрген ғаріп-ті.
Тізесіне бас қойып,
Сол мәлгүн ұйықтап қалыпты.
Қыз отырып қасында,
Сәл уақытқа қыз қарайды.
Жан-жағына шашыла,
Жоғарыдағы патшалар,
Ағашта тұр асыла.
Шақырды қз қол сермеп,
Келіңдер менің қасыма.
Оятамын диюді,
Болмасаң маған ашына.
.....(Жалғасы бар)…
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше