Жұма намазынан кейін туындаған ой

Еңбек демалысын алып, «ауылым қайдасың?» деп қалада бір күн де тұрақтамастан ауылға ұшқан жағдайым бар. Енді ауылда көрген-баққан, қағаз бетіне шимайлағандарымды бөлісе отырсам деймін. Керекке де кірмегелі біраз уақыт болыпты.
Ауылға барған күннің ертесі жұма күніне сәйкес келіп, ауыл мешітіне барып, «жұма намазына» қатыстым. Салыстырмалы түрде алып қарағанда, орташадан аз халық (шамамен 100 ден аса отбасы) тұратын ауыл арасында «жұма намазына» жиналған жамағатта үлкен кісілерден гөрі, жас жеткіншектердің саны артық. Жұма оқылып біткеннен кейін, құран оқылып, көпшілікке арнап дұға бағышталып, бата берілгенде бір жас жігіт қолын жайып, бетін сипамады. Аз ғана жамағат арасынан бөлініп, бұрышта отырған бұл жігітке менің көзқарасым қалыпты болғанымен, жұмаға жиналып отырған кішкентай балдар не ойлауы мүмкін? Үлкендерге еліктеп өсіп келе жатқан жас жеткіншектердің мұндайды санасына тез сіңіріп алады емес па? Жасымыз түгілі, үлкен ағаларымыздың өзі дін жолына шорқақ, сауатсыз болып отырған қоғамымызда осындай «ерекшеленетіндер» санамызға аздап болса да кірбің салады.
Мешіттен шығып, есік алдынан адамдар жөн-жөнімен тарай бастады. Мен ойланбастан әлгі жігітті әңгімеге тарттым:
-Бауырым, таныс болайық, есімің кім?
-Бекзат.
-Қуаныштымын, қай жылғы болдың?
-93 ж.
-Мм, дұрыс, жаңа мешітте байқадым,(жұма басталмай жатып, мешіт ішіндегі құран кітапты оқып жатқанын көргем) құранды араб тілінен оқыдың, соған қарағанда діни білім алғансың-ау?
-Арнайы медресе оқымадым, бірақ Алматы қаласында ЖОО сырттай білім аламын, өзім жұмыс жасаймын, бос уақытымды мешітке барып, имамдардан білім алып, ізденемін — деп жауап қатты.
Іштей разылығымды білдіргеніммен, мешіт ішіндегі қылығы көз алдымнан кетпей тұрды. Таныса салып, әңгіме арнасын ол жаққа бұрсам, күрделеніп кететінін ойлап, диалогты сыпайы аяқтағым келді:
-Өте дұрыс, Сауатыңды арттырып, күнкөріс қамымен кетпей, бір сәт ақырет күнін ойлап, уақыт тауып, ілім ізденгенінң құптарлық. Ол жақта ұстазың бар ма? Арнайы сұрақ қойып, шешімді кімнен аласың?- деп
-Иә, ұстазым қары (хафыз), тәжік ұлтының азаматы (аты есімнен шығып тұр) ҚМДБ сараптауынан өткен адам — деп менен сезіктенгендей жауап қатты. Менде әңгімені созбай, сәттілік тілеп, жылы қоштастым.
Қазіргі таңда жұма намазынан кейінгі дұға-тілекке, сонымен бірге қанша ғасырдан салтымызға сіңіп кеткен Қазақшылық ерекше дәстүріміздің бірі батаға, бата қайыруға қырын қарап, шариғатта жоқ, «бидғат» деп атайтын жандар кездеседі. Әсіресе, облыс орталықтарында, халық жиі жиналатын мешіттерде жұма намазының парызын оқып болған соң, жапа тармағай орындарынан тұрып, сүннетін өтеп жатқан жамағаттың үстінен аттап өтіп, әбігерге салып жатқаны туралы айтылып, көтеріліп жатқанына біраз уақыт болды.
Менің көз алдымнан өткен әлгі жігіттің де қылығынан кейін, шалғайдағы ауылға да келіп жетті ме, бұл қалай болды екен деген ой мазалады. Оны алып қалып, әңгімеге тартқым келді. Көпшілікпен оқуға ниет етіп келгеннен кейін, олардан бөлінбегені дұрыс еді.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше