Жолда жүру ережесін білесіз бе?

«Нұр Отан» ХДП Республикалық желілік кестесіне сәйкес 22 мамыр күні «Жас Отан» ЖҚ Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен Қызылорда қаласындағы автотұрақтар мен қоғамдық орындарда «Жолда жүру ережесін білесіз бе?» тақырыбында жол ережелерін бұзу фактілерін алдын алу мақсатында, ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізді.
Соңғы жылдары еліміздің барлық қалаларында көліктің барлық түрі көбейіп келеді. Бұл машина жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің, әсіресе мектеп оқушыларының жол ережесін неғұрлым жетік біліп, қатаң сақтауын қажет етеді. Жол — ең алдымен балалар үшін аса қауіпті аймақ. Жол ережелері өте көп, сондықтан көлікті жүргізу сырт көзге оңай болғанымен, оқып, ережелерін біліп, оларды сақтау әр жүргізуші үшін-де, жаяу жүргіншілер үшін-де міндет. Насихат жұмыстары жаяу жүргіншілер мен автокөлік жүргізушілерінің жол ережесі туралы білімін кеңейтуге, жол белгілерін ажырата білуге, жол ережесін қатаң сақтауға үйрету, жол апаттарын болдырмау мақсатында өткізіліп отыр.




2013 жылдың бастапқы төрт айының қорытындысы бойынша Қызылорда облысында барлығы 100 жол көлік оқиғасы орын алған, оның ішінде қаза болғандары 22 және әр түрлі дене жарақаттарын алғаны — 121. Заңды тұлғаның кінәсінен болған жол көлік оқиғасы -10, жеке тұлғаның кінәсінен — 85, ал жаяу жүргіншінің кінәсінен — 3 жол көлік оқиғасы тіркелген.
Ақпараттық-насихат жұмыстары барысында Қызылорда қаласындағы автотұрақтар мен қоғамдық орындардағы автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге, орта мектеп оқушыларына жол ережелері туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта да мұндай түсіндірме жұмыстары жалғасын табатын болады.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше