«СТУДЕНТТІК КӨКТЕМ-2013»



Азамат РАХИМОВ:
«ЖЕҢІС БИІГІНЕН КӨРІНЕМІЗ»

Студенттердің бойындағы өнерін, қарым-қабілетін, шығармашылығын дамыту мақсатында биыл тұңғыш рет облыс көлемінде өткізілгелі отырған «Студенттік көктем — 2013» фестиваліне өңірдегі жоғары оқу орындары қатысады деп күтілуде. Солардың қатарында ағымдағы жылы құрылғанына 50 жыл толғалы отырған бағаналы білім ордасы, ауылшаруашылық мамандарын даярлайтын қара шаңырақ – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенттері де бақтарын сынауға үміттерін үкілеп отыр. Фестивальге қатысушы студенттердің дайындықтарын білмек мақсатпен осы шаралардың басы-қасында жүрген ұйымдастырушылардың бірі — экономика және бизнес факультетінің студенттік деканы Рахимов Азаматпен сұхбаттасқан едік.

— Азамат, университет намысы сынға түсетін дүбірлі додаға дайындық қалай жүріп жатыр?
— Жалпы, алғаш рет облыстық көлемде өткізілгелі жатқан бұл фестиваль біз үшін өте ерекше болмақ. Егеменді еліміздің еңсесін көтеріп, тәуелсіздігімізге тірек болатын ертеңгі маман – бүгінгі студенттердің жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін осындай байқаудың өткізілуіне өте қуаныштымыз. Жыл сайын өз жалғасын тауып, дәстүрге айналса, нұр үстіне нұр болар еді.
Әрине, намысты қолдан бермеу үшін, әзірлік жұмыстарын күшейтіп жатырмыз. Дайындық толықтай жақсы деңгейде деп сеніммен айтуға болады. Әр номердің мінсіз шығуы үшін, қатысушылар күн сайын сабақтан соң қосымша 5-6 сағат дайындалады.

— Өнерпаздарға кәсіби тұрғыдан қолдау көрсетіле ме?
— Әртүрлі жанрлар бойынша өнер көрсететін студенттеріміздің қабілеттерін шыңдауға музыка жетекшісі Қайрат Есімов, университет жанынан құрылған «Нарын сазы» фольклорлық халық аспаптар ансамблінің жетекшісі Талғат Мәуленов, «Білезік» би ансамблінің жетекші хореографы Райгүл Джумахаева сияқты өз ісінің майталмандары ақыл-кеңестерін айтып, көмектерін беруде.
Қатысушылардың жетекшілері болып табылатын бес факультеттің студенттік декандары Рахимов Азамат (экономика және бизнес), Каримуллин Абылай (ветеринарлық медицина және биотехнология), Қабдрешев Данияр (политехникалық), Есқалиева Салтанат (агрономия) және Бақтығалиев Аманжолдар (машина жасау) да ұйымдастыру жағынан өз белсенділіктерін танытып атсалысуда.

— Студенттердің бойындағы қабілетті дамыту, өнерін шыңдау мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?
— Аграрлық-техникалық университет болсақ та, оқу орнында әртүрлі мәдени шаралар, концерттер мен сайыстар өтіп тұрады. Мысалы, жыл сайын жаңадан қатарымызға қосылған бірінші курс студенттерінің арасынан өнерлі және дарынды жастарды анықтау үшін "І курс" атты факультетаралық сайыс өткізіліп тұрады.
Сондай-ақ тек студенттер ғана емес, профессор-оқытушылар құрамы мен магистранттардың өнерін паш ететін «Дарын» факультетаралық фестиваль өткізу де игі дәстүр боп қалыптасқан.
Бұлардан басқа «Жігіт сұлтаны», «Университет аруы», КТК ойындары, мерекелік концерттер, спорттық ойындар жиі ұйымдастырылады.
Сонымен қатар білім ордасында студенттердің мәдени және спорттық шараларға белсене қатысуы үшін «Заман» жастар қоғамдық бірлестігі, «Рух» пікірсайыс орталығы, Қазақстан Студенттер Альянсы, «Фатима» қыздар клубы, «Бейтаныс ағайындылар», «24 сағат», «71-72», «Заман жастары», КТК командалары жұмыс істейді.

— Қатысушы студенттерге университет тарапынан қандай қолдау көрсетіліп жатыр?
— Аталған фестивальға дайындық жұмыстарын университет ректоры, профессор Қ.Қ. Бозымовтың өзі, тәрбие жұмысы жөніндегі бөлім мен Жастар ісі жөніндегі комитет тікелей назарында ұстап, жан-жақты қолдау көрсетуде. Қажетті құрал-жабдық, киім-кешек, тағы басқа нәрселерді алуға қаржылай көмек көрсетіп отырғандығын атап айтқанымыз жөн. Басшыларымыздың осындай қамқорлығын сезініп отырған біздер алдағы сайыста сенімдерін ақтап, жеңіс биігінен көрінеміз дегім келеді.
— Мазмұнды әңгімең үшін рахмет! Сіздерге сәттілік тілеймін!

Сұхбатты жүргізген
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ нің
машина жасау факультетінің
2 курс студенті Жәнібек Берікұлы.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше