баспаналы болу бас қайғы

Қазіргі таңда халқымыздың басты қажеттілігі баспана бабы болып отырғаны рас. Көп балалы, тұрмыс жағдайлары төмен, сондай-ақ жас отбасылардың көпшілігін осы тұрғын үй мәселесі алаңдататып отыр. Олардың барлығы мемлекет тарапынан берілетін тұрғын үйлерге үміт артуда. Соған байланысты елімізде біраз ауқымды істердің жасалып жатырғаны шындық. Халықты тұрғын үймен қамтуға орай біршама бағдарламалар жүзеге асырылуда.
Бұл бағытта «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ 2011-2014 жылдарға арналған Тұрғын үй құрылысы бағдарламасы негізінде халықты баспанамен қамту мақсатында біршама шаралар қолға алынып, өз қызметтерін ұсынып отыр. Яғни әр азамат «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкісіне» салымшы ретінде салым салып, тұрғын үй құнының елу пайызын жинақтау арқылы баспаналы бола алады. Бірақ халық ұзақ мерзім қаржы жинақтаудан гөрі, мемлекеттік қызметшілерге берілетін жалдамалы пәтерлерден көп үміт күтетін секілді. Солардың бірі мақала авторы мен де жолдасымның мемлекеттік қызметші екендігін ескеріп, отбасы құрғаннан бері үй жалдаумен күн көріп жүргендіктен бағдарламаға сай қажетті құжаттарымды жинақтап, 2009 жылы өткізген болатынмын. Құжаттарды қабылдаушылардың айтуларына қарай, әр алты ай сайын Халыққа қызмет көрсету орталығынан еш кедергісіз тек жеке куәлігімді көрсете отырып, тұрғын үй алу кезегін біліп отырдым. Сол дағды бойынша араға алты ай салып кезегімді білу мақсатында Халыққа қызмет көрсету орталығына барған едім, ендігі уақытта бұл сұрақтар бойынша, яғни құжат тапсыру, алу, кезек білу мәселелері бойынша ЖКХ-ға барасындар дегенді естідік. Ойымда ештеңе жоқ, айтқан мекен-жайға барсам, есік сыртына ілінген ақ қағаз бетіне жазылған жұмыс кестесінен «Тұрғын үйге байланысты құжаттарды тапсыру немесе құжаттар алу, кезекті білу сейсенбі, сәрсенбі күндері сағат 16.00-18.00 аралығында қабылданады» деген жазуды көрдім. Қолымды бір сілтеп, араға төрт күн салып сейсенбі күні барсам, халықтың есебі жоқ. Кезекке тұрған азаматтардың дені сыртта жүр, ал кеңсенің ішінде қалғандары тымырсық, еркін дем алуға мүмкіндік жоқ жерде бірін-бірін итерумен, тығылысып-ақ тұр. Барлық сұраққа бір кабинеттен жауап табылатын болғандықтан, барлығының назары сол кабинеттің есігінің ашылып, жабылуында, кезекке тұрмағандар кіріп кетер деп жан-жақтарына алаңдаумен тұр. Мен де соңын сұрап кезекке тұрдым. Айқай-шуды былай қойғанда, жүкті немесе баласын ертіп жүрген әйел азаматшалардың дем алуы қиындап кеткен ортаға шыдай алмай, кезексіз жіберуін өтінгенмен, ешкім жібергісі жоқ болғандықтан, жылап шыққандарының куәсі болдық. Одан біраз қатты дауыс естілді. Не болғанын білмек болып, халықпен итеріле-итеріле алға қарай жақындаған едік, ентікпесі бар кезекте тұрған орталау жастағы ер азаматтың жағдайы күрт нашарлап кеткен екен. Қолында жүрген дәрісін беріп, қабылдауға кезексіз кіргізді-ау әйтеуір. Сапырылысқан жерде мазасызданған тұрғындар тұрғын үйге байланысты құжаттарды бұрынғыша Халыққа қызмет көрсету орталығында қабылдағанын жөн көретіндіктерін айтып жатты. Оның бір ғана себебі, электронды түрде кезекке тұрып, экранда көрсетілген нөмір арқылы терезеге жақындайтындығы бұл жағдаймен салыстырғанда жайлы көрінеді. Осылайша, кезегім жетіп, кіргенмен құжаттарыңды толықтырып әкелмесеңіз, кезегіңізді біле алмайсың деген жауап естідім. Көңілім түсіп, үйге қайттым.
Айтайын дегенім, бір бөлмелі болса да өз үйім болса екен деп үкілі үміт арқалаған мен сияқтылар бір Атыраудың өзінде қаншама?! Сол себепті халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту бағытында қолға алынып жатырған бағдарламалардың өңірде қалай жүзеге асып жатқанына баса назар аудару қажет секілді.
А. БАҒЫТЖАН.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше