Блогқұрылтай. Нөмір Үш

Блогқұрылтайдың не екенін, мақсаты қандай екенін түсіндіру үшін әуелі әңгімелесіп отырған адамыңызға блог жайлы түсінік қалыптастыру керек. «Блогқұрылтай» десеңіз әркім әр түрлі қабылдайды екен. Жұмыста бір қағаздарды толтырып отырғанмын. Кабинетіме бір әртіс апамыз (орта жастағы кісі, қырса қырыққа аяқ баса бастаған) келді. «Өзімнің жұмыстарымды интернет арқылы жарнамалай аламын ба?» дегендей сұрақтар қойды. «Апай, әлбетте! Шетелдерде әртістердің жеке сайттары болады. Соңғы жаңалықтарын, жаңа альбомдарын сол сайттары арқылы жарнамалап отырады. Сайтпен жұмыс істей алмасаңыз кішігірім блог ашып алып сол арқылы өз жұмысыңызды жарнамалдай беріңіз». «Мой мирдың» блогы арқылы ма?». Апамызға блогтың не екенін түсіндіріп, 2011 жылдан бері қазақ блогшыларының блогқұрылтайы дәстүрлі түрде өтіп келе жатқанын айттым. «Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы секілді» десеңші деді Дүниежүзі Қазақтарының Құрылтайында ән айтып қалған әртіс апамыз.
«Блог бізге не бер(е)ді, ?», «Блогқұрылтай не бер(е)ді?» деген заңды сұрақтар туындайды екен. Сонау, Вордпрестен бастау алған қазақ блогшыларының бір нәтижеге қол жеткізгендері бар ма? Әрине бар. Алдымен кішкене аудиторияға танылып, кейіннен керегесін кеңейткен, өзіне жақсы жерден жұмыс тапқан блогшылар жетерлік. «Бұның бәрі қара бастың қамы ғой. Қоғамға қандай да бір пайда әкелді ме?» дерсіз. Әлбетте әкелді. Сол блогшылар сізге шынайы ақпараттарды дер кезінде жеткізе алады. Блогтарда көбіне БАҚ сүзгісінен өтпей қалатын материалдарды оқи аласыз. Айта алмадым-ау, жаза алмадым-ау деген өкініш бұл ортада жоқ. Қазір интернет өмірімізге дендеп еніп кетті. Бұл қызметті күнделікті теледидар көрген секілді пайдаланамыз. Алысқа бармай-ақ орыс тілді «Мой мир» әлеуметтік желісіне сұрақ қойып көріңізші. Сіз секілді қаншама сұрақ қоюшылар өзіне қажетті жауаптарды алғанын байқайсыз. Ербол Серікбай атты жап-жас жігіт бар. Сол жігітің «Сұрақ және жауаптар» атты сайты сіздің сұрағыңызға тез арада қазақша жауап береді.
Қазақ тілінде дер кезінде, кешегі жаңалықты кешегі күні, бүгінгіні бүгінгі күні беріп отыратын«Киностан» атты сайт бар. Аты айтып тұрғандай кино әлеміндегі жаңалықтарды, премьераларды, қазақ және шетел актерлерінің өмірбаяндарын өз тіліңізде оқи аласыз. Бұның бәрі осы блог және блогқұрылтайдың нәтижелері. Бұндай тізімді толассыз жариялай беруге болады.
Сонымен, наурыз айының 23-24 жұлдызы аралығында Шымкент шаһарында «Блогқұрылтай» өз жалауын үшінші рет көтермекші. Келіңіз, қатысыңыз! Мүмкін блогшы ретінде қоғамға бір пайдаңыз тиер. «Блогқұрылтай 2013»-те жүздесуге жазсын!
Қатысуға ниетті болсаңыз мында www.blogcamp.kz/ өтіңіз!
Сурет «Блогқұрылтай -2013» сайтынан алынды.
Бөлісу:

1 пікір