Мұхтар ШЕРІМ. ҚАЗІР «ДВИЖЕНИЕ» ЖАСАЙДЫ...

Блог - Satira: Мұхтар ШЕРІМ. ҚАЗІР «ДВИЖЕНИЕ» ЖАСАЙДЫ...Былайша әжептеуір қыз сиқтымын, мұрнымның «кәртөшкелігі» болмаса… Шашым да ұзын, мойныма түседі. Беліме белдік, құлағыма сырға жарасады… Білмеймін, жігіт атаулы маған қарамайды… Әлде, өзіміздің жігіттер қырындай білмейді ме?
Орыс жігіттері қандай инабатты… «Девушка, можно познокомиться?» деп сызыла қалады. Біздің жігіттер «Ә, атың кім ә? Ә, танысайық та?» деп «қуып» тұрады. Ойлары жама-ан арам. «Қайтсем сындырамын, қайтсем тын¬дыра¬мын?» деп ырбаңдап тұрады. Орыс жігіттері «Пойдем, погуляем...» деп қолын ұсынады. Қазақтың кейбір жігіті: « Тұрсай орныңнан! Не, орындыққа жабысып қалдың ба? Тәлпіштене бермеші… Жүр, кафеге барамыз!» дейді алғаш танысып алғаннан кейінгі кездесулерде. Өзбек жігіттері де сып-сыпайы…
Қой, өзіміздің жігіттерді жамандай бермейік… Өйтсек, байсыз, байсыз болған соң, нанға жағатын майсыз қалармыз… Құрбым екеуміз саябақтағы шеткі орындықта сағыз шайнап отырғанбыз.
--Соня, ана бір «жынды» киінген жігіттерді көрдің бе?—деп сұрадым мен құрбымнан. Оның шын аты Сәуле, Соня деп кеткенбіз.
--Бас бармағымен ышқырын қасып тұрған ба?—деп сұрады құрбым.
--Ия.
--Бізге «движение» жасайын деп тұрған сияқты…
--Тамсанып қарап тұр…
--Бізге де сұраныс бар екен-ау…
--Өлә-ә, мұрнын шұқылай бергені несі?
--Біз сияқты ауылдан келгендер шығар?
--Түкірісе береді екен.
--Сары түстісі былайша жаман жігіт емес сияқты. Талтайып тұрғаны болмаса…
--Қасындағысы қоңыз сияқты ма? Бойы кішкентай…
--Бойын қайтесің? Ойын айтсаңшы!
--Бізге қарап қойысты…
--Күлімсірейікші…
--Жок, сықылықтап күлісейік те?
--Жындысың ба, «не доношнаялар» деп ойлап қалады ғой…
--Сен не істеп отырсың?
--Көйлегімнің етегін түріп… Санымды жарқыратып… Сен аяғыңды айқастырып отырсай…
--Не деген әдемі жігіттер!
--Тәлпіштенбей, бірден таныса кетейік, сен ауыл әкімінің, мен мектеп директорының қызы бола салайық…
--Қойшы, ауыл әкімінің қызы мен болайын…
--Неге, өткенде ғана жігіттермен танысқанда, ауыл әкімінің қызы болдың емес пе?
--Жарайды, тыныш, жігіттер бізге қарай келе жатыр!
--О, құдайым, өзің жар бола гөр, мамам айтқандай!
Осылай салғыласып отырғанымызда әдемі-і-і жігіттер бізге жақын келді де… жақын келді де… Арғы жағын айта салайын ба, қыздар? Екеуміздің де сөмкемізді ала қашты! Бізді алып қашудың орнына, сөмкемізді алып қашты! Сөмкем менің! Сөмкетайым…
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше