Біздің чемпиондарға мың тағзым!

Чемпиондар
Ия, Лондон Олимпиадасының чемпиондарына бас имейтін қазақ жоқ шығар. Не деген бақыт Құдай-ау! Құдайға мың шүкір, осындай жарқын жетістіктерге куә қылған біздерді. Бұл күнге жеткен де бер, жетпеген де бар білеміз. Кім қуанбай жатыр, кім мақтанбай, кім мадақтамай жатыр біздің Олимпиада қаһармандарын?! Құдіреті биік көк байрағым көкке көтерілгенде, айбыны асқақ Әнұраным шырқалғанда жүрегім жарылуға шақ қалып, көздің жасы мөлт-мөлт етіп тоқтаусыз ағады. Бақытымызды тасытты ғой, тасытты жұдырықтай жүректері елім деп соққан Зулфия мен Майя қыз, Светлана мен Ольгалар һәм Илья мен Александрдай ағамыз. Олар нағыз қаһармандар. Ел тарихында алтын әріппен аты қалатын құрметтілер!
Ел намысы үшін жан алысып, жан беріскен текетіресте қалай өнер көрсеткенін таңдай қағып тамашаладық. Салмағын екінің бірі еңсере алмайтын зілтемірді бойынан асырып, қалт етпей биік ұстағанда талай рекордтарды жаңартып, қуанышымызды еселей түскен қыздарымыз бен Екі Дүркін Олимпиада чемпионы атанған Ильямызды қалай мақтасақ та, қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Талай биікті бағындырып, Олимпиада алтынымен спорттағы мансабына нүкте қойған Винокуров пен Ольга апасының жетістігін 12 жылдан кейін қайталаған Ольга Рыпаковалар абыройымызды тасытқан абзал азаматтар. Біз мақтанамыз осылайша, олар қалай елді сүйсе, біз оларды миллион есе құрметтейміз. Олар біздің патриот тұлғаларымыз. Ильяның отансүйгіштігіне тәнтімін. Былтыр ғана ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тамаша тарту жасағанын білесіздер. Сондағы киімі 20 жылдыққа арналған болатын, ал күні кеше жарысқа шыққанда, ел байрағының үлгісін үстіне қондырыпты. Одан сайын тартымды көрінді дүркін-дүркін чемпион атанғанда. Көңілімізден кетер емес, шат-шадыман күйге бөлегені спортшыларымыздың. Ұйқыдан қалдық, «алтын», «алтын» деп ұрандап. Ал, кешелі бері «Илья батыр елге келеді, күтіп алайық жиналып!» деп твиттерлік ағайынның алақайлап жатқанын көріп, әттең Алматыға жол тартсам ғой деп армандаймын. Тарихи сәтті көргім келеді көзбен, сезінгім келеді алып чемпионның елге келгендегі сезімін. Бірақ жаңалықтан, интернет порталдардан қалт жібермей көру бақытын ғана қанағат етемін.
Құрметті алматылықтар, құрметті достар, ел еркесін күтіп алу рәсімінен қалмауға тырысыңыздар. Чемпиондардың әр қазақтан құрмет көргені артық етпейді. Ал, біз ауылдағы ағайын оларға рух сыйлауға алаңға шығып, қолдау көрсететін боламыз.
Ел еркелері елге аман-есен оралсын деп Алладан ақ жол тіледік!
Чемпиондардың жеңісі басқа спортшыларымызға жұғысты болғай! Алтын көбейсін!
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше