Менеджмент бағасы бойынша Қазақстанның 10 ірі банкінің рейтингі жарияланды



Интернет «толқындарында» жүзіп жүріп, мына бір қызықты мәліметті кезіктірдім. Ақпарат әр қазақстандықтың өміріне тікелей қатысы бар банк секторындағы несие төлемдері мен банктердің қаржы шаруашылығы басқармасы мен әкімшілігіне жұмсайтын шығыны жайында екен. Қарап отырғанша сіздермен бөлісе кетейін деп шештім.

Қарашаның ортасында банк секторында уақытында төленбеген несиелер 38% пайызға жетіпті. Ал маусым мен қазан аралығында төлем мерзімі өтіп кеткен несиелер 31%-ға артқан (903 миллиард теңгеге).

Сәйкесінше, 10 ай ішінде түскен салықсыз табыстың көлемі 28,8 млрд. теңге болыпты. Бұл өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 50 есе аз. Қаржы институттары қазаннан бастап несиелердің бағасын 0,3%-ға көтеріп, несие беруді шектеп жатыр.

Осыған қарап отырып, кезіндегі көлік аялдамаларына дейін жаулап алған «кредиттік бум» еске түседі екен. Өмір алма-кезек деген…
Бұл көрсеткіштерді қорытып шығарған – «Аналитикалық ресурстар студиясы». Осы студия банктердің қаржы шаруашылығы басқармасы мен әкімшілігіне жұмсайтын еңбек шығынына қатысты тағы бір қызықты мәліметті таратты. Менеджмент бағасы бойынша Қазақстанның 10 ірі банкінің рейтингін түзіпті. Есеп айырысу өлшемі ретінде студия 1 миллион активке (еңбек ақы және міндетті төлемдер/орташа активтер) қызмет көрсету бойынша еңбек ақы бағасын алған.

Бұл жердегі актив дегеніміз — заңды тұлғаның немесе кәсіпкердің иелігіндегі барлық мүліктің жиынтығы.

Рейтингте бірінші орынға Ситибанк Қазақстан шығыпты. Банк активтерді басқару бойынша үлкен мүмкіндіктерді көрсетіп отыр. 1 млн. активке қызмет көрсетуге банк айына бар болғаны екі мың теңге жұмсайды екен. Банк секторындағы активтарының үлесі 3% ғана болатын Ситибанк қазақстандық екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) жалақы қорының бар болғаны 0,7%-ын жұмсайды. Ал жиынтық шығындардағы Ситибанк үлесі 0,2%-ға тең.
Екінші орында Қазкоммерцбанк. Қазақстанның ең ірі банкі миллион активке қызмет көрсету үшін 3 мың 400 теңге «құртады». Алайда, Ситибанкпен салыстырғанда Қазкомның ЕДБ жалақы қорындағы алатын үлесі әжептеуір, ол 9%-ға тең. Жалпы шығын көлемі бойынша банк үшінші орында, үлесі — 13,4%.

Үштікке АТФ банк енді. Бұл құрылым миллион активке 5 мың 100 теңге жұмсайды. Сәйкесінше еңбек шығыны және жалпы шығын бойынша банктың алатын үлесі әжептеуір аз.

Мемлекеттік қаржыны менеджментке үнемдеп жұмсауға тырысатын БТА банкі төртінші орында. Ол миллион активке 5 мың 800 теңге бөледі. ЕДБ жалақы қорындағы БТА-ның үлесі 11,4%, ал активтарының үлесі 13%. Бірақ, жалпы шығын бойынша БТА қазақстандық банктердің жалпы шығынының үштен біріне иелік етіп отыр.

Халық банкі мен Центеркредит банкі қатар келе жатыр, екеуі де әр миллион активке 6 мың 200 теңге жұмсайды.

Жетінші орыннан көрінген Цеснабанк – миллион активке 12 мың 300 теңге жұмсайды. Менеджментке жұмсайтын шығынының жоғарылығына қарамастан, банктың жалпы шығындағы алатын үлесі бір пайыздың көлемінде ғана.
Ал үштен екісі мемлекеттің қарамағындағы, яғни сіз бен біздің салығымыздан қаржы алып отырған Альянс Банк әр миллион активке 13 мың теңге арнайды. ЕДБ жалақы қорындағы үлесі 4% болатын банктың жалпы шығындағы үлесі 7%-ға тең. Оның үстіне банктың қарыз портфелінің 58%-ын уақыты өтіп кеткен несиелер құрайды.

Тоғызыншы орында Сбербанк. Ресейлік банктың Қазақстандағы «өкілі» миллионға 13 мың 200 теңге бөледі. Алайда жалпы шығындағы банктың үлесі 1,6% ғана.

Рейтингтің соңында Kaspi Bank келеді. Әр миллион активтің әкімшілік шығындарына бұл банк 14 мың 900 теңге жұмсайды.

Ақпарат көзі

P.S. Түсінемін, экономика тілі қазақша қабылдауға ауыр. Бірақ, қазіргі қолымызда бары — осы сөздер. Ары-бері ізденсе, айтарлықтай қиналмайсың да. Қабылдауға болады. Ел мен жердің һәм тілдің қамын ойлайтын өрелі азаматтармен қатар, қазақтілді экономиканы да көтеретін адамдар керек. Ұлт үшін жан-жақты болу маңызды деп ойлаймын.
Бөлісу:

8 пікір

KILYZAMAN
Тоғызыншы орында Сбербанк. Ресейлік банктың Қазақстандағы «өкілі»
— Жинақтау? Қазақтың кеңес өкіметі кезінде бір күйіп қалған қарапайым халқының қапағына симайтын нәрсе екен. Дегенмен, бұл қалтаныңда иесі бар десейші…
KILYZAMAN
Түзету:
Кеңес өкіметі кезінде бір күйіп қалған қарапайым Қазақ халқының қапағына симайтын нәрсе екен. Дегенмен, бұл қалтаныңда иесі бар десейші…
-дұрысы
patick
Жазар ештеңесі қалмаған «экономист-әмбебап» журиктер үшін тігіп кетер таптырмас мақала
asaubota
Түсінемін, экономика тілі қазақша қабылдауға ауыр. Бірақ, қазіргі қолымызда бары — осы сөздер.

мына сөздерді көріп:

эххх жастар дұрыс жазуды да білмейді деп, өздері сықитып жазып алады дейсің ғой
Altygradus
Қисық кәдімгідей еңбектенген екенсің. Негізі Ситибэнк тек заңды тұлғаларға қызмет көрсететінін ескерсек активтерге қызмет көрсету шығыны аз болуы орынды сияқты.
Ал қызмет көрсетуге келер болсам, Каспий Банктың қызмет көрсету деңгейі өсіп келе жатқан сияқты көрінет маған.
qisyq
Енді ше, Каспий банкі менеджментке жұмсайтн қаржы бойынша ең соңғы орында ғой, ең үлкен көрсеткішке ие. Демек қаржы шаруашылығының қызметкерлері банкке ренжулі емес деген сөз. Ал, ақшаның ең басты стимулдардың бірі екенін ескерсек, сервисі де артары сөзсіз, кім кеткісі келеді, жақсы айлық беретін жерден.
Altygradus
иә сосын байқағаным агрессивты маркетингке көшіпті өздері, ПиАрға да жақсы ақша жұмсаған екен.
qisyq
Егеубаевадан бастап дейсің ғой))