Бар қазақ бір Майклға жете алмай жүр

Жеті жасынан бастап суда жүзуді үйрене бастаған АҚШ атлеті Майкл Фелпс үш жылдың ішінде-ақ өз қатарластарының арасындағы әлем рекордын жаңартқанда, АҚШ бапкерлерінің көзіне бірден ілігеді. Кейін 15 жастағы Майкл Сидней (2000 жылы) олимпиадасына қатысады да, онда ол баттерфляй әдісі бойынша 5-орынға қол жеткізіп, өзіне үлкен тәжірибе жинақтады.

Осы сәттен бастап Майкл тек АҚШ жұртын емес, күллі әлемді таңғалдыра бастайды. Ол 2004 жылы өткен Афины олимпиадасында 6 алтын, 2 қола медальді қанжығасына байласа, Бейжің (2008 жылы) додасында жүзуден мүмкін болған 8 алтынның барлығын қоржынына салды. Сонымен, оның қоржынында, қазіргі таңда, олимпиаданың 14 алтыны мен 2 қола медалі бар. Бұл жетістікке Әлем чемпионатының 26 алтыны мен 6 күміс, 1 қола медалін қосыңыз.
Қазақ елі тәуелсіздік алғалы бері олимпиада ойындарына 1996 жылдан бері қатысып келе жатқаны белгілі. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, спортшыларымыз қатысқан төрт олимпиада ойынында жеңіп алған 9 алтын жалғыз америкалық Майкл Фелпстің жетістігіне жетпейді екен.
Енді қазақ елі Әнұранын шырқатқан олимпиада жеңімпаздарын санамалай кетсек. Атлантада қоржынымызға 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль түсіп, жапы есепте 24-орынға жайғастық. Боксшы Василий Жиров, грек-рим күресiнiң шеберi Юрий Мельниченко және бессайысшы Александр Парыгин Атланта алтынынан алқа тақты. 2000 жылы Сиднейде Ермахан Ибраимов бастаған қазақ боксшылары жақсы нәтижеге қол жеткізіп, Бекзат Саттарханов екеуі жеңіс тұғырынан көрінсе, бір алтынға жеңіл атлетикадан Ольга Шишигина қол жеткізді. Жалпы командалық есепте 3 алтын, 4 күміс медаль алған Қазақстан 22-орынға жайғасты. Келесі Афиныда өткен олимпиада біз үшін аса сәтті бола қоймады. Боксшы Бақтияр Артаевтың жалғыз алтыны соңғы сәтте бізді масқаралықтан сақтап қалды. Одан өзге 4 күміс, 3 қола медальді еншіледік. 2008 жылы Қытайда өткен сайыста бұл өкініштің орны толып, 2 алтын, 4 күміс, 7 қола медальға ие болып, боксшы Бақыт Сәрсекбаев пен ауыр атлет Илья Ильиндердің алтыны командалық есепте 29-орынды еншілеуімізге көмегін тигізді.
Міне, Қазақстан спортшыларының олимпиада ойындарындағы жетістігі осындай. Азды-көпті жетістігімізге қуанған да, өкінген де тұстарымыз болды. Келесі жылы Лондонда өтетін олимпиадада біздің қарымымыз қандай болмақ? Оны уақыт еншісіне қалдырып, жоғары жетістікке жете алмауымыздың астарына үңіліп көрсек.
Қазақ тойшыл халық екені белгілі. Қолымыздан келсе барымызды шашып, жұрт таныған дарынды спортшыларды шақыртуға әуеспіз. Бұл тек тойға ғана емес, мемлекет, облыс көлемінде өтетін іс-шараларға да қатысты. Мысалы, жарық жұлдыздай жарқ еткен Бекзат Саттархановтың өлімі жол оқиғасына байланысты болғанымен, оны бір жерден бір жерге шақырып, жиі мазалаған өзіміз емес пе?!
Бақтияр Артаев Афиныдан келгесін ана ауылда мешіт ашылса сонда апарып, мына ауылда ас берілсе сонда шақырдық. «Айша бибі» ауылының әкімдігін сеніп тапсырып едік, кейін облыстық туризм және спорт департаментіне барды. Ақырында жұрт мақтаған батырды қорлағандай орнынан алып, облыс әкімі аппараты жетекшісінің орынбасарлығына жайғастырдық. Рас, Артаев боксқа қайта келемін деп хабарлады. Бірақ алты жыл қолғап кимеген боксшының бұрынғы деңгейіне қайтып келуі екіталай емес пе?!
Бақыт Сәрсекбаевтың пәтері талайға дейін жыр болып жүрді. Мұның бәрі, әрине, спортшыға кері әсерін тигізеді. Илья Ильинді пышақтап та кетті. Осындай мысалдар жетерлік бізде.
Сосын, елімізде медалі аз бокс, күрес, ауыр атлетикаға көп мән беріліп келеді. Бұл спорт түрлерінде спортшының ең үлкен табысы жалғыз ғана алтын медаль. Ал медалі көп жеңіл атлетика, жүзу сынды спорт түрінде қомақты алтын жеңіп алуға мүмкіндік бар. Ендеше, біздің шашбауын көтерген барша спортшымыз бір Майкл Фелпстің жеткен жетістігіне жете алмай жатқандығы ойлантатын мәселе.
Тағы бір ескеретін жайт, спортшыларымыздың жеңісті күндерін жиі көруді мақсат тұтсақ, оларға бар жағдайын жасауымыз керек. Сол кезде ғана олардан жоғары жетістікті талап ете аламыз. Сол кезде ғана біздің Бақыттар мен Бақтиярлар олимпиада алтындарынан тау жасай алады.
Мында шыққан мақалам: nurastana.kz/?p=2704
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше