Мен сүйген қызды көргенде!

Сауырына сәуле төсеген сырғалы емендер,
Тәңіри биікте тербелгіш туған өлеңдер.
Құдіреті күннің мол сіңген әр кірпіктерін,
Найзағайлардан жарқ еткен нұрға бөлеңдер.

Мен сүйген қызды көргенде!
Қызылжалқын жалын шашырап кереге тастан,
Бұлт тақиясын заңғар тау төбеге басқан.
Жасыл көктемдер жасантқан жазира жүзін,
Кемпірқосақтармен зерлесін керемет аспан.

Мен сүйген қызды көргенде!
Шуақ көтеріп Шыңғыстау бүккен ақ басын,
Абыройлы анам шаттықтың күткен аптасын.
Аққайыңтүсті реңі бар арда мойнына,
Түннің көзінен төгілген шық қонақтасын.

Мен сүйген қызды көргенде!
Шөлдесем оған шөл болам таңдай кептірткен,
Ауылы оның шақырымдар шалғай боп біткен.
Ақадал анам ең ізгі қасиетіменен,
Мен сүйген қызға бағыштап аркөйлек тіккен.

Мен сүйген қызды көргенде!
Аруыма сонда аптығым “асық” деп қалсын,
Ауылына жетсең жүрегің басып тоқтарсың.
Өлеңімді оқып өңді қыз өзгеге берші,
Өзіне өзі мың мәрте ғашық боп қалсын!!!

Олжас ҚАСЫМ
Бөлісу:

1 пікір