Аллаһтың хақысы

Му`аз ибн Жәбәл бірде Аллаһ елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге есекке мінгесіп келе жатқанда, одан пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «Әй, Муаз! Аллаһ Тағаланың құлдарындағы хақысы және құлдардың Аллаһтағы хақысы туралы білесің бе?» — деп сұрағанын әңгімелейді. Сонда Муаз: «Аллаһ пен Оның елшісі оны артық біледі» — деп жауап қатады. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаһ Тағаланың құлдарындағы хақысы – құлдардың тек Аллаһқа құлшылық қылып, Оған серік қоспауы. Ал құлдардың Аллаһтағы хақысы – кімде-кім Аллаһқа серік қоспаса, сол адамды азаптамауы» — дейді. Му`аз: “Әй, Аллһтың елшісі, адамдарды осымен сүйіншілейін бе?” – деп сұрайды. Сонда пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Оларды сүйіншілеме, өйткені олар жайбарақаттылық танытар» — деді (Бухари 5967, Муслим 30).

Түсіндірме:

Бұл ұлы хадисте Му`аз ибн Жәбәлдың артықшылығы көрсетілген. Оның артықшылықтары өте көп. Ол – Му`аз ибн Жәбәл әл-Хазражий әл-Әнсарий. Ол білімге толған сауыт секілді еді. Үмметімізде халәл мен харам мәселесін ең жақсы білетін Му`аз болатын. Меккені ашқан соң, пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны сол жерде би әрі мұғалім ретінде қалдырды. Біраздан кейін, Һижраның 9-шы не 10-шы жылдары оны Аллаһтың елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Иәманға би әрі мұғалім ретінде жібереді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болып кеткен соң, `Умар оны Шам аймағына би әрі мұғалім ретінде жібереді. Міне сол жерде Му`аз дүниеден озады. Аллаһ оған және барлық сахабаларға разы болсын!
Му`аз былай деді: “Бірде Аллаһ елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге есекке мінгесіп келе жатқанымда...”. Бұдан біз пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бүкіл жаратылыстардың ішіндегі ең ардақтысы болып есептелетініне қарамастан, қарапайым және сыпайы болғанын байқаймыз.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Му`азға ұлы нәрселер үйреткісі келді. Алайда, ол бұны сауал-жауап тәсілі арқылы жасауды ұйғарды. Өйткені, осылай, тыңдаушының көңілі мен назары қаттырақ аударылып тұрады. Расында, сауал-жауап тәсілі сабақ берудегі ең өнімді, ең жемісті әдіс болып табылады. Себебі, оқушыдан ол білмейтін нәрсені сұрап, сосын барып қана оған жауапты ұсыну, оған соны бірден айтып бергеннен жақсырақ. Бұл — сабақ берудің,ілім үйретудің жолы. Бұл – пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әдісі.
Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаһ Тағаланың құлдарындағы хақысы және құлдардың Аллаһтағы хақысы туралы білесің бе?» — деген сұрағына Му`аз: “Аллаһ пен Оның елшісі оны артық біледі”, — деп жауап береді. Осы диалогта білім ізденуші ұстануы керек болған ұлы әдептердің біріне нұсқау бар: егер ол өзі білмейтін нәрсе жайында сұралса, оған үңілмей, надандықпен кірмей, білімді оның иесіне тапсырып: «Аллаһ және Оның елшісі жақсырақ біледі» деп айту. Адамның білмейтін нәрсесі туралы: «Білмеймін!» немесе «Аллаһ біледі!» деп айтуы ешқандай да ұят, я болмаса, айып емес. Керісінше, бұл ол адамның артықшылығын, тақуалығын, әдептілігін білдіреді.
Бір күні имам Мәликке біреу келіп 40 сұрақ қояды. Ол болса олардың алтауына ғана жауап беріп, қалғандарына: “Мен білмеймін”, — деп айтады. Сонда сұрақ қойған кісі: “Мен осындай да, сондай жерден келдім, ұзақ жол жүрдім, тер төктім, ал сіз: «Мен білмеймін!», — деп жауап беріп жатсыз ба?!” Сонда имам оған: “Көлігіңе мін де, келген жеріңе қайт! Ауылыңа жеткен соң: «Мәликтен сұрадым, ал ол: “Білмеймін”, — деп жауап берді», — деп айт”, — деді. Ғалымдардың әдебі осындай!
Аллаһ Тағала былай деді: «Тілдеріңнің “бұл – рұқсат етілген, бұл – тыйым салынған” деп өтірік сипаттағанын айтпаңдар! Аллаһқа өтірік жала жапқан боласыңдар. Шын мәнінде, Аллаһқа өтірік жала жапқандар құтылмайды» (Нәхл сүресі, 116-аят).
Тағы да Ол былай айтты: «Айт: “Күдіксіз, Раббым жария немесе жасырын болған арсыздықтарды, барлық күнәларды, еш ақысыз жәбірлеуді, оған байланысты ешбір дәлел түсірілмеген нәрсені Аллаһқа серік қосуларыңды және Аллаһ туралы білмейтін нәрселеріңді айтуға тыйым салды”» (Ә’раф сүресі, 33-аят).
Әрі қарай хадисте: «Құлдардың тек Аллаһқа құлшылық қылып, Оған серік қоспауы», — деп айтылған. Бұл — Аллаһтың құлдарындағы хақысы. Аллаһ адамдарды құлшылық ету үшін жаратқан, сондықтан олардың осы мақсатты орындау Аллаһтың хақысы болып табылады. Аллаһ Тағала: «Мен жындар мен адамзатты Өзіме құлшылық етулері үшін ғана жараттым», — деді (Зәрият сүресі, 56-аят). Аллаһтың хақысы – ең ұлы құқық. Бәрінен бұрын Раббымыз осыны атайды: «Аллаһқа құлшылық етіңдер, әрі Оған ешкімді серік қоспаңдар! Ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар, сондай-ақ туыстарыңа, жетімдерге, кедейлерге, жақындарынан болған көршілер мен жақын емес көршілерге, жандарыңдағы жолдастарыңа, жолаушыларға және қол астыңдағыларға (құлдарға) жақсылық жасаңдар. Негізінде, Аллаһ тәкәппар, мақтаншақты жақсы көрмейді» (Ниса сүресі, 36-аят).
«Құлдардың Аллаһтағы хақысы» деген сөздердің мағынасы: жаратылыстарымен болған қарым-қатынаста Аллаһ Өзін міндеттеген нәрсесі. Аллаһты міндеттеген Оның құлдары емес, Ол Өзі-Өзіне қалаған нәрсесін парыз етті. Аллаһ Тағала былай деді: «Раббыларың Өзіне мейірімді міндеттеді» (Ән`ам сүресі, 45-аят).
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше