Қиқоңыз

Жер бетіндегі жүз мыңдаған тіршілік иелері таңғажайып ЭКОЖҮЙЕ ішінде жаратылған. Олардың тіршілігіне қажетті энергия азық түрінде әрі өте нәзік тепе теңдікте беріліп отырады. Барлық тіршілік иелері азықпен қоректеніп, артық қалдықтарын сыртқа шығарып отыратындықтан, біршама уақыттан кейін ақ жер беті иістенген қоқысқа толып кетуі керек еді. Алайда бұндай ластануға жол берілмес үшін экологиялық алдын алу шаралары жүзеге асырылған. Сондай экожүйедегі тазалаудың бір көрінісі «бір тіршілік иесінен шыққан қалдықтың екінші бір жәндікке азық болуы». Мұндай мінсіз жүйе тек адамдардың қолымен бұзылуы мүмкін. Осыдан белең алған қандай да бір келеңсіздік экологиялық тепе теңдікке кері әсер етпей қоймайды.
Экожүйедегі тепе теңдікті сақтайтын ұсақ жәндіктердің бірі қиқоңыз. Көп мөлшердегі шығынмен бүгінгі технологияның жүзеге асыра алатын экологиялық қызметін, қиқоңыздар ақысыз түрде іске асырады. Осы кішкентай жәндіктер ірі шөпқоректі хайуандардың қиларын тазарту арқылы топырақты азоттық тыңайтқышпен байыта түсуде. Сонымен қатар, олар өздерін де, ұрпақтарын да азықпен қамтамасыз етіп әрі жұмыртқаларын қауіп қатерден сақтайтын орта әзірлейді.
Бұл жәндіктің ұрғашысы сүтқоректі хайуанның тезегін артқы аяқтарымен дөңгелете итеру арқылы (тандырдан шыққан күлшедей) жұп жұмыр домалақ пішінге енгізеді. Өз ішінде тоқсан түрлі болып келетін қиқоңыз жұмыртқаларын осы домалақ пішіндегі қидың ең бір қолайлы жеріне орналастырады.
Олардың осындай метаболикалық шараларын суды жақсы сіңіретін әрі азотқа бай, қарашірік топырақ пайда болады. Бұл табиғи түрде жер қыртысының артуына бірден бір септігін тигізеді. Ал саналы адамдар ше?

«Адамдардың қолымен жасағаны әрі істеген тірліктері кесірінен құрлық пен теңізде бүлік пайда болды» (Рум сүресі, 30-41 аят)

Бұның нақты мысалы мынадай.
Екі үш ғасыр бұрын эмигранттар Австралияға тұңғыш рет кемеге тиеп сиырлар әкелгенді. Аз уақытта ақ сиырлардың тезегі бүкіл жайылымдарды былғап, мал шөп жей алмайтын күйге ұшырады. Бұл аз болғандай кең алқап тезектен көрінбегендіктен, шыбын шіркей атаулының қыз қыз қайнаған нағыз отанына айналды. Осыдан барып экологиялық әрі экономикалық проблема туып, жыл сайын екі миллион гектар жер құнарсызданып, жасыл өлке жұтаң тарта бастаған болатын. Бұл тығырықтан шығар жол іздеген экологтар Австралияға Африкадан қиқоңыздар әкелтуді ұйғарды. Бір пілдің тезегін небәрі жеті ақ сағат ішінде сыпырып жоқ қылатын қиқоңыздарға сиыр тезегі бұйым құрлы болмады. Осылайша аз ғана уақыт ішінде Австралияда экологиялық тепе теңдік қайта қалпына келді.
Тағы бір қызық мысал, елу жылдары Қытайдың бір экономист ғалымы сұр торғайларды қыру арқылы пәлен миллион тонна артық егін жинаймыз деп «жаңалық» ашады. Тұрғын халықты бір кісідей қолда бар затты қаңғырлата торғай біткенді үркітіп барынша қондыртпауға, аспанда қанатын талдыруға жұмылдырады. Қанаты талып құлаған торғайларды жаппай қырып салады. Нәтижеде күзде сол өлке түйір астықсыз аш қалыпты. Сөйтсе, егінді құрт құмырсқа тып типыл ғып кетсе керек. Ақыры, қытайлар көрші елдерден торғай сатыр алуға мәжбүр болған екен.
Егер жер бетіндегі миллиондаған шөпқоректі хайуандардың тезегін құртатын жәндіктер болмағанда, белшемізден қиға батып қалар едік. Тек қиқоңыздар ғана емес басқа да қоңыз, құстардың неше мыңдаған түрлері қалдық біткенді босқа тастамай пайдаға асыратындығы ғаламдағы осынау алып экожүйенің бір де бір ақаусыз керемет жаратылғандығын паш етпей ме?!
Олай болса, экологтарға экожүйенің алып кітабын мұқият зерделеген жөн. Сонда ғана олар адаспай ақыл табады.

Бердібек Мәсенов
Аңсар журналы №5
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше