Сақташтар «сақтап» отырған жерін тарата бастады
Ауылшаруашылығы министрлігі шүлен таратып жатыр. Шүлен болғанда анау мынау емес — Жер! Қазақтың жерін. Осыдан екі жыл бұрынғы қазақы қоғамның айқайын құйрығына да қыстырмастан билік Қытайға жер беруді бастады. Шығыс Қазақстан облысының аумағы мен Алматы облысының құйқалы өңірінен.Әжесстің, өткенде Алматыға барғанда көрдім, әпкем бір бөлмелі қуықтай үйде тұрады екен. Мынаны оқыған соң айтарға сөзім жоқ
Былтыр Израиль барған сапарында Терещенко дейтін асыранды алпауытымыз «Оңтүстік Қазақстан облысынан жер беремін, келіңдер де кесіп алыңдар» деп ебірей жұртын жарылқап қайтқаны есте. Ебірейдің қазақ жеріне «түрен салғаны» туралы әзірге нақты дерек жоқ, ал енді орыс пен белорыстың кедендік одақ аясында қойын қоншымызға қол жүгіртетіні аныққа айналды. Бұл турасында Ауылшаруашылығы вице-министрі Сақташ Қасенов дейтін «мырза» жария етуде (дерек көзі:Bnews агенттігі).
Сақташтың орыс пен белорысқа «сақтап отырған жері» 10 жылға жалға берілмек көрінеді. 10 жылдың ширегінде жалгерлер ауылшаруашылығына тиімді жерлерді игеріп, кәсіп көздерін ашуға тиіс екен. Оның үстіне, қандай да бір біріккен кәсіпорын ашыла қалса, бақылау пакеті қазақтың (дәл осыған күмәніміз күшті) қолында болады-мыс. «Әгәрәки, жалгерлер жерді мақсатсыз пайдаланса, қайтарып аламыз» деп қоқиланып қояды вицеміз.
Естеріңізде шығар, Қазақстан азаматына жер 49 жылға жалға беріледі. «Біз шетелдіктерге де жерді 10 жылға жалға беруге қақылымыз» дейді Сақташ Қасенов. Сақташтың түсіндіруіне құлақ ассақ, орысқа ауылшаруашылығы жерлерін жалға беру деген мемлекетіміздің азық-түлік қорын қамтамасыз етуге саятын қауіпсіздік шарасына ұқсайды. Қайтейік енді, далиып жатқан даламыздан қорек тауып жеуге қауқарсыз ел болсақ, құрсағымыз шұрқырағанда құмырсқаның дәнін көтеруге құлшынысымыз жетпесе, жерді жалға байлап тастап шалқалап жатқанымыз жөн-ақ қой. Былай да қазақ жерсіз. Жер алпауыттары қазақта Ромин Мадинов, Сергей Кулагин, Сергей Терещенко дейтін кісілер. Оларды ойдай әспеттеп «латифундистер» дейміз. Қазақы «латифундистеріміз» — Амангелді Ермегияев дейтін қарынбайлардың қатарында. Олардың иелігіндегі жерлер Жетісудың Іле Алатауы баурайында; Нарынқол, Кеген жайлаулары деседі құрық сүйреткен жұрт. Біздің қарынбайлар қазақ егін ексін, малөнімдерін өңдейтін зауыт салсын, ауылшаруашылығына жаңа технологиялар енсін деп жүрген жоқ. Қарқ-қарқ күліп, танауды тарқ-тарқ тартып: ет жеп қымыз ішкенге, құмар ойнап, құлқын толтырғанға мәз. Ал, тоғайлы, нулы-сулы жердің тежеусіз қожасына айналған шешендер (Маловодное ауылында болған оқиғаны еске түсіріңіз) мұздай қаруланып алып иелігіне аңдаусыз аяқ басқан қазақты да, қазақтың малын да қаңғыбас ит құрлы көрместен атып тастайды. Алматы сияқты халқы мол қалаға таяу маңдағы көкөністі, дақылды жерлер кәріс пен ұйғырдікі. Атырау, Қызылорда жағындағы құмды жерлерге өзбектер қызанақ пен қарбыз егуде. Солтүстіктегі шығымды жерлердің дені орыс диаспорасының меншігінде.
Соя дейтін ғажап өсімдік туралы естуіңіз бар ма? Соя қара топырақты, құнарлы жерде өседі. Соядан май алынады. Соядан… ет жасалады. Қазекең қаужаңдап жегенді жақсы көретін кәдімгі ет! Сол сояның «сырын» қытай мамандары сығырая зерттеп жүргенін ақпарт көздерінен оқып қалатынбыз. Алматының төрінде есінеп қана отырған Ахметжан Есімов Ауылшаруашылығы министрі болып тұрған кезінде сояны тамырынан сорғалатқан күйі қытайлардың қолына ұстата салды. Міне, азамат! Азаматымыздың Атымтай Жомарттығының «нәтижесінде» соя салып тоя тамақ іше бастаған Алматы облысының дихандары нәпақасынан қағылып, қазір көздерінен сорасы ағып жылап отыр. Өйткені, сояны қазақ жеріне қытай салатын болыпты.
Қазір қырдағы қазақ азын-аулақ малға, мал қазаққа қарап тұр. Биылғы кәрлі қыстан қазақ құр сүлдері шықты. Төл кем. Малдың аналық, аталық басын жұт жұтты. Оны есептеп, қаперге алып отырған үкімет жоқ. Есесіне, Үкіметіміз қазақтың қарауындағы қарайған жерді тартып алудың қамына кірісуде. Бүгін Үкімет отырысында Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков «қазақ қызық, бес бас асырайды да мың гектар жерге иелік етеді, Еурпода мысалы, бір ірі қара бір гектар жерге ғана жайылады. Біз де сөйтуіміз керек. Жерді дұрыс пайдаланудың жолы осы» деп бір-ақ қайырды. Біздің министрлер айтпайды, айтса істейді. Әсіресе, қазақ бейшараны қан қақсататын шаруаға келгенде қатты қимылдап бет қаратпайды. Қысқасы, 1990 жылдардағы жаппай жекешелендіру науқанымен қазақтың пайдасына шешіліп кете жаздаған жер мәселесіне біздің үкіметіміз қытайдың, орыстың, тағы басқа сыртқы күштердің қысымына шыдай алмай қайрылып соғуда. Қазақты бар байлығы, ең соңғы тірегі, ұлттық әм тарихи бітім қайнарының тамыры — ата баба жерінен мәңгі айыру үшін.
Қазақтың тайғанақ жадысын тағы бір жаңғырта өтейік: осыдан екі жыл бұрын ҚР Ауылшаруашылғы министрлігі арабатар мен үнділерге де жерді жалға бермек болған. Демек, қазақтың байтақ өлкесі аз жылдардан соң сәлделі араб пен жартылай жалаңаш үндіге, т.б. көз көріп құлақ естімеген өзге де «кетпенбас» халыққа кенелмекші. Олармен бірге көпұлтты Қазақстан жаңа дәстүр мен әдет-ғұрып, жол-жоралғы, ырым-сырымға да байи түсері анық.Дерек көз
Пікір жоқ әзірше