ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТ БОЛЫП АТҚАРҒАН АЛҒАШҚЫ ЖҰМЫСЫ

Ұлтым деп қыршын кеткен Смағұл Сәдуақасұлының алдындағы парызымызды ұлт болып алғаш рет атқардық, яғни 20 мамыр күні Астана қаласындағы мұсылман мазарына С.Сәдуақасұлының мәйіт күлі жерленді. Бұл іс-шараның Қазақстанның тәуелсіз ел екендігін көрсететін, тәуелсіздік алғалы атқарған алғашқы әрекетіміз болғандығымен тарихи маңызы зор. Дегенмен бұл үлкен ұлттық маңызды шараның қазаққа оңай келмегендігін дүйім жұрт біледі деп ойлаймын. Сондықтан жерлеу рәсіміне дейінгі қиындықтар мен кедергілер туралы емес, жерлеу рәсіміндегі жағдай туралы халықты аз-кем құлағдар ету мақсатында қалам түрттім.
«Ертең С.Сәдуақасұлының жаназа намазы оқылады екен» деген хабар жеткен соң С.Ғылмани мешітіне бардық. Әрине жаназа намазының 5 уақыт парыз намазы сияқты белгіленген уақыты жоқ. Десек те жаназа намазына адамдардың көп қатысуы туралы хадисте өліге сауап ретінде жазылатындығы айтылған. Сондықтан мұсылман қауымы адамдар жиналатын күндізгі кезде оқылатын бесін намаздың артынша жаназа намазын оқуды әдетке айналдырған. Ал қасиетті жұма күні қайтыс болу нығмет деп есептелген. Себебі оның жаназа намазы адамдардың ең көп жиналатын жұма намазынан кейін оқылады. С.Сәдуақасұлын жерлеу туралы Елбасының тапсырмасы жұма күнге сәйкес келуі Смағұл ағамыздың жәй адам емес, Алланың сүйген құлы екенінен хабар береді деп ойладым. Осындай сәті келіп тұрғанда қайырлы істі жұма намазынан кейінге қалдырады деп үміттеніп, әрекет етіп көріп едік нәтиже болмады. Себеп биліктің адамдары барынша асығыс жерлегісі келіп тұрғандары байқалды. Бәлкім адамдар көп жиналып кетеді деп ойлады ма екен? Не болса да жаназа намазы оқылмай мешіттен шығарылды. Мейлі оған имамдар жауап береді. Дегенмен мәйітті мешіттен шығарып 1 сағат далада күттіріп қою дегенді бірінші рет естіп бірінші рет көрдік. Мешіттен шығарған сәттен бірден жерлеуге асығатын мұсылман қауымы емес пе едік? Сөйтсек И.Тасмағамбетов жиналыстан кешігіп жатқаны үшін өліні күттіріп қойыпты. Жерлеп болған соң атағы жер жаратын «зиялы» ағамыз құраннан кейін «Елбасымыздың арқасында болып жатқан игі шара. Елбасымыз аман болсын» тақылеттес сөздерден құралған батасын берді. Шіркін бұл жерлеу рәсімі ме әлде Елбасыны мақтау жиналысы ма дерсің. Құран оқылып жатқан кезде имам да біраз ыңғайсызданып та қалды. Неге дейсіз ғой, құран оқылып жатқанда зиялы-басшыларымыздың қарқ-қарқ көңілді әңгімелерін зорға тыйды.
Журналистердің көптігіне қарап жерлеу рәсімінен кейін біраз БАҚ ақпарат тарататын шығар деп ойлағам. «Айқын» газеті мен КТК телеарнасынан басқа ақпарат таратқан БАҚ-ты көрмедім. Содан жерлеуге қатысқан біраз журналистерге телефон соғып «Бұл қалай, ақпарат таратпағандарың» деп ем «Президент Әкімшілігінен М.Әшімбаев телефон соғып ақпарат бермеу жөнінде басшыларымызға тапсырма беріпті» деген уәждерін айтты. Содан барып бұл неғылған асығыс жерлеу деп ойлап ем, биліктің сырын енді түсінгендей болдым.
Десек те бір қуанарлығы қазақтардың қарасының көп болғандығы. Жерлеу рәсімінен рухтанып қайтқандығы. Аяқастынан ұйымдастырылған жерлеу рәсіміне 1 күнге жетер жетпес уақытта біраз қазақ естіп жиналып үлгерді. Негізі Қазақтың рухын тұншықтыруға тырысқандарымен қазақтардың рухы кеш болса да жәймендеп көтеріліп келе жатқандығын байқадым. Бұған да шүкір.

Қалиқан Байтүгел
Астана қ.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше