ҚҰЗҒЫНДАР ҚҰРЫЛТАЙЫ

Торы күнін таңдап алып тоқ күздің,
Билеріндей, болысындай боп түздің.
Таз төбеде басын қосып көп құзғын,
Кезектен тыс құрылтайын өткізді.

Ең әуелі хал сұрасты, шұрқырап,
Бірін-бірі шоқыласып, жұлқылап…
Жылап жатыр сағынысқан біреулер,
Неткен сезім, қандай ғажап ынтымақ!!!

Құзғындарда болмағасын томаға,
Жүйрік бәрі жосын менен жораға.
Оларда да болады екен төраға,
/Төрағасыз тірлік – тірлік болама?!/

Сәл шұбартып, аз бұлдырап көз алды,
Бір қызарып, өңі бірде бозарды.
/Сөз бастамақ оңай боп та, тәйірі?!/
Жөткірініп таз төраға сөз алды:

-Уа, мырзалар мен ханымдар,
Жұқалар мен қалыңдар,
Шалалар мен жалындар,
Тасырлар мен дарындар,
… … … … … … … …
Сөзге құлақ салындар.
Келген сөң ғасырлардан асып,
Айлап жол басып,
Тұрмын толқып, біраз сасып …

Аулақпын қарға – ойдан пасық,
Қысқасы, құрылтайымыз ашық…

Бұдан соң да сөйлеушілер көп болды,
Саралады болашақты, өткенді…
Әр бір шешен сөздерінің соңына,
Қойып жатты ылғи үштен леп белгі /!!!/.

Ұлы жиын бір аптаға ұласты,
Небір кемел, көсем ойлар гүл ашты.
Тіпті кейбір жадау-жүдеу құзғынға,
Ұжмақ заман боп көрінді қыр асты.

Шешілді ептеп қарғалар мен даулы ісі,
/Одан басқа жоқ бұларда жау кісі/.
Сосын бәрі бір ауыздан қолдаған,
Міне мынау құрылтайдың қаулысы:

-Біз, құзғындар, құстармыз,
Бірақ ет жегенге құштармыз.
Бұдан былай мойынсұнып заңдарға,
Берекемен күн кешеміз заңғарда.
Бағынамыз осы қаулы-жобаға
Бұдан былай тек төраға:
«Ұш!» десе ұшамыз.
«Құс!» десе құсамыз.
«Жат!» десе жатамыз.
«Ат!» десе атамыз.
«Тұр!» десе тұрамыз.
«Ұр!» десе ұрамыз.
Болса да бұл өз даламыз
Тек бұйрық пен ғана қозғаламыз.
… … … … … … … …… … … … … … … …
Деп қаулыны оқып жатқан мезетте,
Бір сауысқан жетіп келіп, безектеп:
«Көкшоқыда өгіз өлді…» деп еді,
Құзғын біткен тұра шапты өзекке.

Осындай да қызық тірлік бола ма?!
Құзғын тірлік әлде осындай бола ма?!
Кейпі ұқсап томарға да, молаға,
Жалғыз өзі жұртта қалды төраға…
алынған жері
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше