Ықылас
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!
Дінді шын ықыласпен серігі жоқ, жалғыз Аллаһ үшін орындау, әрі оның қарама-қарсысы болған ширктің түсіндірмесі – негіздердің негізі және діннің іргетасы. Бұл тақырып елшілер мен олардың қауымдары арасындағы күресу алаңы болған. Пайғамбарлар, адамдардың жаратылу мақсаты, әрі бақыттарының шарты болған осы негізге сай, оларды түзетуді қалады. Адамның намаз оқып, ораза тұтқаны және құлшылықтардың санын көбейткені маңызды емес, маңыздысы – ықылас. Ықыласпен жасалған аз ғана амал, ықылассыз жасалған көптеген амалдардан артық. Егер адам күндіз-түні намаз оқыса, мал-дүниесін садақа ретінде таратса және басқа да амалдарды жасаса, бірақ бұның барлығы ықылассыз орындалған болса, онда оның істерінен ешқандай пайда жоқ. Өйткені, ықыласты болу міндетті.
Ықылас дегеніміз не?
Оның мағынасы: Аллаһқа серік қосуды тастап, Оны құлшылықта жалғыздау. Қандай кемелдікке, қандай артықшылыққа жетсе де, ешкім Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты емес. Ол Аллаһқа жақын періште болсын, пайғамбар немесе елші болсын, әулие және ізгі болсын – ешкім құлшылыққа лайықты емес. Бұл – негіз! Әрі осы негіз ширкті қалдырусыз жүзеге аспайды. Ал Аллаһқа құлшылық қылу мен Оған біреуді серік қосуды араластырған кісінің амалдары жойылып кетеді.
Істерін, олар аз болса да, Аллаһ үшін ықыласты түрде орындайтын адам бақытты болады. Ықыласпен жасалған аз істердің өзі бақыт пен құтылуға жеткізеді. «Парақша» (битоқа) туралы хадис ешкімнен жасырын емес: «Қиямет Күні бір адам тіріледі. Оған амалдары жазылған кітаптар ұсынылады. Әрбір кітап адамның көзі көретін жерге дейін созылған, әрі ол кітаптардың іші күнәларға толы еді. Осы кітаптар таразының бір жағына қойылады. Ал таразының екінші жағына ол адамның шын ықыласпен, иманмен және анық сеніммен айтқан «”Лә иләһа илләл-лаһ” сөзі жазылған кішкентай парақша қойылады. Сонда парақша әлгі кітаптардың барлығын басып кетеді» (әт-Тирмизи 2639, Ибн Мәжәһ 4300).
Ықыластың нәтижесі – осы! Ол адам “Лә иләһа илләл-лаһ”-ты жәй ғана айта салған жоқ. Ол оның мағынасын біліп, нұсқайтын нәрсесіне анық сеніп айтты, алайда амал етуге мүмкіншілігі болмай өліп кетті. Онда шын ықыласпен жасаған амалдары көп болса қалай болар еді? Осыдан түсінетініміз, егер адамның ықыласпен орындаған істері аз болса да, сол арқылы Аллаһ оны құтқарады. Ал егер ықылас жоғалса, онда көптеген амалдардан еш пайда жоқ.
Таухидтің қарама-қайшысы – Аллаһқа серік қосу. Таухид дегеніміз – Аллаһты құлшылықта жалғыздау болса, ширк – бұл құлшылықтың қандай да бір түрін Аллаһтан өзгеге арнау болып табылады. Мысалы: құрбандық шалу, нәзір беру, дұға ету, жәрдем тілеу және т.б. құлшылық түрлері. Олардың бірін Аллаһтан басқаға арнау ширк болып есептеледі.
Пікір жоқ әзірше