Құлшылыққа құлшыну – құтылу 2
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!
6 – Құлшылық етуге ерте емес пе? Біз әлі жаспыз ғой! Мүмкін, оған пенсияға шыққан соң кірісерміз?
Аллаһ Тағала былай деді:
«Ешкім ертең не істейтінін білмейді әрі ешкім қай жерде өлерін де білмейді. Күдіксіз, Аллаһ — толық Білуші, Хабардар». (Лұқман сүресі, 34-аят)
Шынында да, бүгін бармыз – ертен жоқ! Ешкім ажалы қашан жетіп келетінін білмейді. Ал солай бола тұра, қалайша біз құлшылық етуге лайықты тек Аллаһ Тағала екендігін және оның ешқандай серігі жоқ екендігін ұғынуды, намаз, ораза және т.б. ізгі амалдарды кейінге қалдыра аламыз?! «Пенсияға шыққан соң, намаз оқимын», — дейтін адамның тіпті ертеңге дейін тірі болып жүруге деген кепілдеме хаты жоқ қой. Сондықтан, уақыттың әрбір сәтін бағалауымыз керек, әйтпесе өлім келгенде өкініп қалауымыз алыс емес, Аллаһ бізді бұдан сақтасын!
Аллаһ Тағала былай деді:
«Соңында олардың әрбіріне өлім келген сәтте: «Раббым! Мені дүниеге қайтар! Мүмкін, мен қалдырған дүниеде жақсы амал істермін», — дейді. Әсте олай емес! Рас, бұл — олардың бір айтқан бос сөзі». (Муминун сүресі, 99-100 аят)
Ең қызығы – адам қолындағы ең қымбат нәрсесіне, яғни уақытқа соншалықты немқұрайлы қарауы. Қазір уақыт ең арзан нәрсе болып кеткен. Өкінішке орай, мұсылмандардың көбісі оған лайықты көңіл бөлмей жүр.
Уақытты бізге берген – Аллаһ Тағала. Бізді Өзіне ғана құлшылық етулеріміз үшін жаратқан да – Ол. Баланы жеті жасынан бастап намаз оқытыңдар деп Исламда бекіткен де сол – Жаратушымыз. Ендеше, қалайша біреу: «Әлі ерте, кейін құлшылық етерсің», — дей алады?!
Тілді «Лә иләһә иллә-Ллаһ», яғни «Аллаһтан өзге құлшылыққа лайықты тәңір жоқ!» — деген кәлимаға келтіріп, оның мағынасын толық түсініп, жүректе осы сенімді мығым бекітіп, намаз оқу, ораза тұту, мүмкіндік болса, зекет беріп, қажылықты орындау – бұл тек зейнетке шыққандардың, немесе жұмыссыз бос адамның, немесе кемпір-шалдардың ғана ісі емес. Ол – мұсылмандықтың тірегі, іргетасы, тамыры. Ал іргетассыз бекем үй, ғимарат болмақ па? Рухани іргетасы болмаған адам да – тамырсыз ағаш сияқты семеді. Біз ата-анаға бағыну, туысқандармен байланысу деген құлшылықтарды жақсы ұғынамыз ғой. Өйткені олар – жақындарымыздың хақысына байланысты ғой, ия? Ал бізді Жаратып, өмір, ризық, дүние игіліктерін берген және біз міндетті түрде Оның алдына қайтатын Аллаһтың хақысы – Оған ғана құлшылық етуміз және Одан өзге ешкімге құлшылық етпеуіміз бәрінен де жоғары екендігін білсек және оған лайықты орын берсек, қалған істеріміздің барлығын Аллаһ ретке келтіріп қояды. Хәкім Абай атамыз бұл жөнінде: «Иман өзі адамға ашады жол», — деп айтқанындай. Енді біз ата-анамыз не туысқандарымыздың қақысын беріп, оларға лайықты құрметін көрсету жөнінде: «Әлі ерте! Пенсияға шыққан соң істермін оларды», — десек, дұрыс бола ма? Әрине жоқ!
Біреу: «Пенсияға шыққаныңша әке-шешең өліп кетеді ғой», — деп айтуы мүмкін. Ал біз оған былай жауап береміз: «Ал әңгіме кез-келген сәтте үзіліп кетуі мүмкін болған сенің өмірің жайында болса, неге уайымдамайсың?!»
«Сен әлі жассың ғой!», — деп Раббысы – бір-ақ Аллаһ, діні – Ислам, Пайғамбары – Мұхаммед (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) екендігін танудан, намаз оқудан тосатындардың сөздері өте қызық. Жастық шақтың Аллаһты танып, дінін біліп, намаз оқуға не бөгеті бар? Мысалға, егер мен: «Маған қарама, әйтпесе аяғым ауырады», — десем, ақылды адам: «Менің қарағанымның сенің аяғына не қатысы бар», — деп сұрайды ғой. Тура сол сияқты: «Жас адамға намаз оқуға ерте!» — дейтіндер де ақылға сыймайтын сөздер айтады. «Сен ауырып жатырсың ғой, намазды оқымай ақ қойсай», — десе де, не үшін уайымдап жатқанын түсінер едік ғой!
Бір ақын былай айтқан:
Төбеде күн, жерге жарық таратқан,
Көк аспанды жер үстінен қаратқан.
Серігі жоқ бір Тәңірге табынам,
Жалғыз Аллаһ бар әлемді жаратқан.
Көз алмайсың мына әсем ғажаптан,
«Қасиетін ұғынам» – деп талаптан!
Жалғыз Аллаһ адамдар мен жындарды,
Бұл дүниеге құлшылыққа жаратқан.
Адам болып өз ортаңда таныл да,
Бұ дүниенің у-шуынан дамылда.
Табынуға жалғыз Аллаһ лайықты ед,
Пайғамбардың Сүннетінен жаңылма!
Қиналасың, ақша, мансап – бағыңдай,
Бірақ бәрі тек алдамшы сағымдай.
Шын мәнінде ойлаңдаршы, бұл өмір –
Өте шолақ, қу қамшының сабындай.
Біріміз – құл, біріміз – бай, төреміз,
Бірақ біздер бір күндері өлеміз.
Біріміз – жас, біріміз – қарт, әйтеуір,
Бір Аллаһтың жазған күнін көреміз.
Бұл өмірге кімдер келіп, кетпеген?
Аллаһ біздер көрер күнді шектеген.
«Қанша керім, ұлы болам!» – десе де,
Дінсіз адам мақсатына жетпеген.
7 – Адамның жүрегі таза болса жеткілікті емес пе?
Жүрек таза болу керек! Ал жүректің таза болуы деген не өзі? Осыны ойға салып көрейік ші! Таза жүрек – ол иманды жүрек. Әрі жүректегі иман, адамның амалдарына өз нұрын шашады. Егер адам жүректегі сенімін істерінде дәлелдесе, сонда ғана шыншыл болады. Бұл жөнінде Аллаһ Тағала:
«Адамдардың арасында: “Аллаһқа және Ақырет күніне иман келтірдік”, — дейтіндер бар, бірақ олар (негізінде) иман келтірмеген. Олар Аллаһты және иман келтіргендерді алдамақшы болады, бірақ (шынында) олар өздерін ғана алдап жүр, алайда (өздері) оны сезбейді. Олардың жүректерінде дерт бар, сонда Аллаһ дерттерін арттыра түседі. Өтірік айтқандары үшін оларға ұлы азап болады», — деді. (Бақара сүресі, 8-10-аяттар)
Тағы да Ол былай айтты:
«Адамдар: “Иман келдірдік”, — деумен, тасталып қоямыз деп ойлай ма?» (`Анкәбут сүресі, 2-аят)
Адам өзінің жүрегінде құлшылыққа лайықты – тек жалғыз Аллаһ деген сенімді алып жүріп, соған сәйкес ізгі амал жасап, күнәлардан аулақ болса, міне осы — жүрек тазалығының белгісі болып табылады. Сүтке толған ыдыстан, тек сүт қана төгіледі! Сол сияқты, тот басқан жүректен күнәлар, ал иманға толған жүректен тек ізгілік қана көрінеді. Сол үшін үлкен күнәлар жасап жүрген адамның: «Менің жүрегім таза! Ең бастысы сол!» — деген сөздері өтірік болып табылады. Өйткені, жүрегі тазаның — істері де таза!
Ойланайықшы! Егер адам өз анасын мойындамай, оның тілін алмаса, керісінше оны ызыландырып, мүлдем аямайтын болса, ондай адамның жүрегін таза деуге болады ма? Сіз: «Жоқ!» — дейсіз. Онда әлемдердің Раббысы – Аллаһты танымай, оның біздегі қақысы – Өзіне ғана құлшылық етуіміз және құлшылығымызда Оған ешбір серік қоспауымыз екендігін мойындамай, әмір етілген құлшылықтарды орындамаған, соның себебімен Ұлы Жаратушының ашуына ұшыраған адамның жүрегі таза деп ойлайсыңдар ма?!
Арақ ішу, адам өлтіру үлкен күнәлар. Бірақ, Аллаһ қаласа ол күнәларды тәубесіз де кешіріп жібереді, өйткені оларды істеумен адам не өзіне-өзі зұлымдық жасайды, не өзге адамдардың қақысын бұзады. Ал Аллаһ кешірмейтін бір күнә бар. Оны істеген адам Аллаһтың да хақысын бұзады, әрі өзіне-өзі де зұлымдық жасайды. Ол – ширк, яғни Аллаһқа ғана тән қасиеттерді «тағы басқа біреуде де бар» деп сену. Мысалы біреу: «Аллаһтан басқа тағы Құдай бар», немесе: «Аллаһтан өзге құлшылыққа лайықты біреу бар», — деп, оларға құлшылық етсе, не болмаса олардан Аллаһтан қорыққандай қорықса, не оларды Аллаһты жақсы көргендей жақсы көрсе, не олардан тілесе, онда ол ширк жасаған, яғни Аллаһқа ортақ қосқан болып табылады. Аллаһқа ортақ қосқан адамдардың Аллаһ Тағала ешбір амалын қабылдамайды. Амалдардың қабыл болуының ең басты шарты — жасалған амалдардың тек қана Аллаһ Тағалаға арналуы. Аллаһ Тағала өзінің Кітабында былай дейді: «(Әй, Мұхаммед, былай айт:) “Шынында, мен де — сендер сияқты адаммын. Маған тәңірлерің — Бір-ақ тәңір екендігі уахи (хабар) етілуде. Сондай-ақ, кім Раббысына жолығуды үміт етсе, түзу іс істеп, Раббысына істеген құлшылығында Оған ешкімді ортақ етпесін». (Кәһф сүресі, 110-аят)
Аллаһқа серік қосу — кешірілмейтін күнә. Бұған дәлел Аллаһ Тағаланың Құранда айтқан сөздері: «Аллаh өзіне ортақ қосуды жарылқамайды (яғни кешірмейді), бұдан өзге қалаған кісісін жарылқайды. Сондай-ақ, кім Аллаhқа ортақ қосса, расында, жала жауып зор күнәлі болады». (Нисә сүресі, 48-аят)
Аллаһқа серік қосушылар Жәннәтқа кірмейді, олардың баратын жері — Тозақ. Бұл туралы Аллаһ Тағала «әл-Мәида» сүресінде былай деді: «Өйткені, кім Аллаhқа ортақ қосса, расында Аллаh оған Жәннәтті харам етеді. Оның орны тозақ оты, сондай-ақ залымдар үшін жәрдемші жоқ» (Мәида сүресі, 72-аят).
Осы үлгімен салыстырар болсақ, намазды орындамай қалдыру мен адам өлтіру – екеуі де ауыр күнәлар! Алайда олардың қайсысы үлкенірек екенін көп адамдар, тіпті өзін мұсылман деп санайтын кісілер де, біле бермейді. Намазды қалдыру адам өлтіруден де, зина жасаудан да, өтірік айтудан да, ұрлық жасаудан да ауыр болып табылады.
Енді мынаны елестетейікші: Бір адам күніне бес уақыт адам өлтіріп жүрген екен. Ешқандай насихаттарға түсінбеген. Егер осындай кісі сізге: «Менің жүрегім таза, ешкімге арам ойым жоқ! Осы жеткілікті емес пе?», — деп айтса, сіз оған сенесіз бе? Сіз оның жауабын қабылдайсыз ба? Әрине, жоқ! Онда одан әлдеқайда ұлы күнәны жасаған, яғни намазды оқымаған адам туралы не айтсақ болады?
Аллаһтың елшісі Мұхаммед (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Адамның денесінде жұдырықтай бір ет бар. Егер ол ізгі болса, бүкіл дене де ізгі болады. Ал егер ол бұзылса, бүкіл дене де бұзылады. Ол – жүрек!» (әл-Бухари 52, Муслим 1599)
Айтпақшы, сол Мұхаммед пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жүрегі ең таза адам еді ғой. Соған қарамастан, оның әйелдерінің бірі, Пайғамбарымыздың құлшылық етіп жатқанда аяқтары ісіп кеткенін көріп, оның осындай тырысуына таң қалғанда ол былай деді: «Мен шүкір етуші құлдардан бола алмаймын ба?!» (әл-Бухари, Муслим)
8 – Құлшылық ете бастаған адам, оны ешқашан тастамау керек қой. Ал мен оны қалдырып қоямын ба деп қорқамын. Осы қауіпім мені құлшылық етуден тосып тұр.
Шын мәніне келер болсақ, осыған ұқсас сөздерді айтатын адам құлшылықты тастап қоюдан қорықпайды. Әрине, біз оның жүрегіне кіріп шықпадық, алайда оның сыртқы халі осыған дәлел болып тұр. Дәл қазір ол өзінен басқа құлшылыққа лайықты тәңір жоқ және ешбір серігі жоқ Жаратушы Аллаһқа құлшылық етпей жүр; оған қанша уағыз айтылса да, құлақ аспай жүр; намаз оқымаудың немесе ораза тұтпаудың қауіптілігі мен жаман салдары жайында көп естіген болса да, қорқатын түрі жоқ. Енді осының бәрін ескере отырып, оның құлшылықты бастаса, кейін тастап қояды деп қорқатынына қалай сенуге болады?!
Өзі де аздап ойланса, құлшылықты кейде орындап, кейде тастайтын адам, оны мүлдем жасамайтын кісіден жақсырақ екенін түсінеді ғой. Бірақ, бұл сөздерімізбен біз құлшылықты үнемі орындамаудың еш айыбы жоқ екенін айтқымыз келіп тұрған жоқ.
Құлшылық ету – біздің міндетіміз. Оны, әлбетте, кешіктірмей бастау керек. Ал құлшылықты тастап қоямын деп қорқу, бәрінде де болады. Сол үшін әрқашан Аллаһтан көмек сұрау керек. «Фатиха» сүресінде: «Саған ғана құлшылық етеміз, Сенен ғана жәрдем тілейміз» — делінген. (Фатиха сүресі, 4-аят) Егер осы аятты мұқият оқып шықсақ, онда Аллаһ Тағала: «Саған ғана құлшылық етеміз...» — деген сөздермен шектелмегенін көре аламыз. Аяттың жалғасында Ол: «… Сенен ғана жәрдем тілейміз», — деді. Осыдан түсінетініміз, адам құлшылық еткенде, әрқашан Аллаһтан жәрдем тілеуі керек. Расында, Аллаһтан басқа ешкімде күш те, қуат та жоқ!
Құлшылықты ең кемел түрде орындаған Аллаһтың ең сүйікті құлы – Мұхаммед пайғамбардың өзі де (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әрдайым: «Әй, жүректерді құбылтып тұрушы Аллаһым! Менің жүрегімді Өз дініңде берік қыла гөр!» — деп дұға жасайтын еді (Муслим, әт-Тирмизи 2066).
Сондықтан, біздің айтарымыз: құлшылықты бастаңыз да, оны тастаушы болмаңыз! Ал егер тастап қоюдан қорықсаңыз, онда оны мүлдем бастамау да — ауыр күнә екенін ұмытпаңыз!
Жалғасы бар…
Пікір жоқ әзірше