Біләл: “Ұзақ жыл ел басқарғандардың түбінде жақсылық әкелмейтінін өмірдің өзі дәлелдеп келеді…”


Йемендіктер ереуілде


«Египет революциясымен» басталған Араб елдеріндегі түрлі толқулар Ливиядағы қанды қақтығыспен жалғасып, одан Йеменді де шарлағанына талай болды. Билікпен егескен халық ереуілге шығып, талай адам сол толқулардың құрбанына айналды. Айналып жатыр да… Ашыққан халықтың құрбандық жолын таңдаудан басқа шарасы жоқ. Ашынған жұрт өзінің билікке деген наразылығын қан төгіс арқылы көрсетіп жатыр. Төзімі таусылғандар кеудесін оққа төсеуден еш қаймығар емес. Бұл олардың ақырғы амалы, соңғы үміті.
Йемендегі ереуіл Біләлдің уақытын да, зәресін де алып жатыр. Еліндегі жағдай оны жылт еткен жаңалықтарға телміртті де қойды. Ондағы халық көтерілісі тек Біләл сияқтыларды ғана емес, әлемнің назарын өзіне аудартып қойды. Біләлдің жаны ушыққан саяси ойынның отына түскен отандастарымен осында отырып бірге күйеді.

— …Еліңдегі қайғылы жағдайға ортақпын. Кейбір БАҚ Салех мырзаның билік басынан жуық арада кетпейтінін айтып болжам жасайды. Жақында ғана өзі отставкаға кетпейтінін мәлім етті. Йемендіктер бұл туралы қалай ойлайды?
— Меніңше Әли Абудлла Салехтің 1-2 айлық қана уақыты қалды. Қазір Йемендіктер үкімет үйіне жақын үлкен көшелерді қоныстап алды. Ауыл-қыстақтан келген қарапайым халық оған және ол басқарып отырған билікке осылай наразылық танытып жатыр.
— Биліктің халықты тарқатуда басқа амалы қалмады дейсің бе? Немесе Салех мырзаның биліктен кететініне осы шара негіз болады деп ойлайсың ба?
— Йемендіктер Салех саясатының әлі талай құбылатынын біледі. Ең бастысы төзімділік танытса халық жеңіске жетеді деп сенемін. Иемендіктердің оған батылы жетеді. Қазір ашынған жұрт бұл күресте жанын қиюға даяр. Осыған дейін 150-ге жуық адам мерт болды… Бірақ біз өлімнен қорықпаймыз. Ливиялықтар сияқты емес, біз қарусыз майдандамыз. Алла қаласа, бәрі жақсы болады деп ойлаймын.
— Сен өзің де Салех саясатын қолдамайтын сияқтысың ғой? Халық неге билікке қарсы?
Біләл (қызыл киімде)
Біләл (қызыл киімде)



— Салех мырза елдің үлкен ұрысы. Ол отыз жылдан бері халықты кедейшілік жағдайда қалдырып келеді. Елде еркіндік жоқ. Халық кедейленген үстіне кедейленіп барады. Екіншіден, билік басындағылардың бәрі өзінің туыстары мен достары… Олар уақыт өткен сайын байып келеді… Ақша қайдан келіп жатыр оларға?… Үшіншіден, осыдан он жылдай уақыт бұрын мүлдем жоқ болған Әл-Қайда ұйымын өзі қолдан жасап шығарды…
— Қалай қолдан жасады? Түсіндіре кетсең…
— 1990 жылдың алдында Йемен оңтүстік және солтүстік болды. Ол кезде әрқайсысының билігі өзінде болған. Кейін Салех мырза оңтүстік Йеменді өзіне біріктіру үшін ең сорақы амал қолданды. Қалай дейсің ғой? Әл-Қайдалықтарға қолдау көрсетіп, оларды оңтүтікке «қоныстандырды». Сөйтіп олармен күрес жүргізгенсіп, ал негізінде оңтүстік Йеменге қоқан-лоқы көрсетті. Ал мұны әлемге (АҚШ-қа) елде Әл-Қайдалықтармен күрес жүргізіп жатқан болып түсіндірді. Осылайша БАӘ мен АҚШ-тан қаражат алып отырды… Оңтүстік Йеменнің бұдан кейін ыдырамасына амалы қалмады… Салех мырза (біз жақтан) солтүстіктен шықса да біз (солтүстіктегі халық) оның мұндай опасыз саясатына үзілді-кеслді қарсымыз…
— Ливиялықтар сияқты емеспіз деп қалдың…?
— Мұнда айтқым келгені халықтың билікке қару алып қарсы тұрғаны жақсы емес… Бірақ Каддафи сияқты «бастан кеткен» басшысына солай төтеп беруден басқа олардың амалдары да қалмады, білем… Себебі, Каддафи мырза бүкіл халқын қырып тастаудан тайынбайтын адам. Ал ондайда халық не істеуі керек?…
— Каддафи демекші, кейбір мамандар Муаммар саясатын жақтайды. 1970 жылы елдегі билікті таза
Ереуілде Йемендіктер
Ереуілде Йемендіктер


қолына алған ол Ливиядағы өзге елдің әскери базаларын жауып, әскерін қуып шыққаны – оның ерлігі деген сияқты оның атына мақтаулар айтады. Бауырлас елдің басшысының қазіргі әрекетін қалай бағалайсың?
— Каддафиді жақтап сөйлеген адамның Каддафи сияқты ақылдан адасқаны сөзсіз. Есі дұрыс басшы болса, еліндегі бетке ұстар жүзден аса қоғам қайраткерлерін жаппай қырмас еді… Ол халықтың қадірін білмейді. Адам тағдырын аяққа таптаудан тайынбайды. Керек болса, ол өзі халқын қырып тастап сырттан жұрт жинауға дейін баратын адам. Құдай бұл әлемде ондай басшыдан сақтасын…
— Негізінде деймін де, Біләл… Билікті бетімен жіберген халыққа обал жоқ...
— Мен де араб халқының жағдайдың осындайлық деңгейде ушығуына жол бергенін олардың қателігі деп санаймын. Біз біраз бос болдық… Бірақ бәрі де Алланың қалауымен. Құдай халықтың амандығын нәсіп қылсын!… Айтпақшы, жақында сендерде де сайлау болды емес пе? Кім келді?
— Иә. Бұрынғы басшы қайта жеңіске жетті.

— (Күліп) Жиырма жылдан аса отырды емес пе ол кісі? Кім біледі, ол кісінің саясатынан көп хабарым жоқ. Бірақ ұзақ жыл ел басқарғандардың халыққа түбінде жақсылық әкелмейтінін өмірдің өзі дәлелдеп келеді… Алла сенің еліңе тыныштық, басшыларыңа иман берсін!
— Әумин. Айтқаның келсін! Йемендіктердің де болашағына береке мен тыныштық тілеймін!
笔者,asspankz@gmail.com
Мақала сілтемесі: http://ertai.dosym.kz/?p=2720
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше