Адамның жүз жылдық ғұмыры

Ол ана құрсағынан ақ салт – дәстүрге толы.

Адам жасы ана құрсағындағы шарананың тоғыз ай, тоғыз күнінен кейін дүниеге аман – есен келген күнінен басталады. Алайда адам өміріне байланысты салт – дәстүрлер қыздың келін болып түскенінен, бойына бала біткенінен бастап жасалады.
Сәби күтіп жүргендегі салт – дәстүр: Кез келген ата – ана баласы үйленісімен – ақ соңында шаңырағын құлатпай ұстап тұратын, атын өшірмей ұрпақ жалғастығын сақтап қалатын бала күтеді. Егер жанған оты сөніп, соңында түтінін түтететін, қол жайып, құран бағыштайтын бірде бір тұяқ қалмайтын болса, ол – үлкен қайғы қасірет. Сол себепті де біздің ата – бабаларымыз: «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар», — деген.
Келін түскеннен кейін қамқор, жөн жосықты білетін ене оған алғаш сойылған малдың ұлтабарын жегізеді. Бұл – ұл немерелі болу үшін жасалатын алғашқы салт – дәстүр, ырым. Егерде жаңа түскен келін біреудің үйіне өз дастарханынан бір дәм апарып беретін болса, оны үй иелері жегенімен, өзі «қыз тауып қоямын», — деп жемейді. Бұл – екінші ырым. Жас келіннің бойына бала біткенін көрші – көлемнің әйелдері сезсе, енесіне барып «келіннің құрсағы ақ айранға тойыпты, ақ алғысты болыпты», — деп қуанышты хабарды жеткізеді. Мұны естіген ене «Келінді атасының аруағы желеп – жебеп жүрсін», — деп ауылда тұрса, әулеттеріндегі үлкен үйдің керегесіне ақ орамал таңады. Ол – жас келіннің жүкті болғанын бүкіл ауыл білсін деген «керегеге ақ орамал таңу» ырымы. Мұнан кейін жас келіннің асқа тәбеті шаппай, жиі – жиі лоқсып, құса берсе, бұл – жерік болу. Ал осы кезде оның бір тамаққа ықыласы керемет күшті болып, соны қатты іздесе, ол – жерік асы. Осы кезде жүкті жас келіннің енесі көрші – көлемін шақырып, кішігірім той жасайды. Оны «құрсақ шашу» дәстүрі деп атайды. Оған тәжірибелі аналар өз үйлерінде арнайы бір дәмді пісіріп әкеледі. Мұндағы мақсат: келіннің жерік болған асын тауып беру. Жерік асын таба алмаған, немесе аз ғана ауыз тиіп, жерігі қанбаған әйел лоқсып, ішкен асын құсып тастай береді. Бұл – «ит жерік» болу. Анасы итжерік болып туған сәби де ес жиғанша аузынан сілекейі аға береді. Қарт әжейлердің айтуынша, әйел іштегі баласының көзі бітерде жерік болатын көрінеді. Мұны олар қайдан біледі, ол жағы маған мәлім емес. Өйткені, әжейлер мұны өздерінің енелерінен естігендерін айтады.
Ғалымдар әйелдің құрсағына алғаш бала біткеннен бастап оның аналық сезімі (инстинкті) оянатынын айтады. Осы инстинкт әлі жарық дүние- ге шықпаған баласына деген аналық махаббатына ағыл – тегіл жол ашып, сәбиі шыр етіп ғашық – ғұмыр есігін ашқанында өнбойындағы алпыс екі тамырын иітеді. Әке инстинкті де аяулы жары алғаш жүкті болғанын сезіп, күйеуіне айтқаннан – ақ оянатын көрінеді. Ол өз баласын тоғыз ай, тоғыз күн көтерме-се де, сәбиінің анасынан кем жақсы көрмейді. Бұл аңның да, құстың да еркегіне тән қасиет. Тіпті, жыртқыш аң саналатын қасқырдың арланы алыстан аулап, жыққан олжасын өзі аш болса да жемей, күшіктерінің алдына әкеліп тастамайды ма?
Аңыз әңгімелерге назар аударсақ, жолбарыстың, қасқырдың жүрегіне де жерік болған аналарымыз бар. Ал ондай аналарымыздан баһа-дүр батырлар өмірге келген. Жас келін жерік бола бастаған кезде ақ, оның бойындағы бала шымыр болып өссін, анасының тәбеті ашылсын деп мынандай өсімдіктерді жегізген: дала жуасы, ит жуа, тауда өсетін рауғаш, қымыздық. Және мынандай сағыздарды шайнатқызған: құм сағыз, жер сағыз, қарағай сағыз. Әйелдің жүкті кезінде есінде сақтап, орындайтын ырымдарының та ғы бір тобы: итке «кет» деп айтпау (ол толғақты ауырлатады), арқан еспеу (босанғанда баланың кіндігіне оралып қалуы мүмкін), қаптың аузын буып байламау, түйе етін жемеу (олай жасаса баланы 12 ай көтеруі мүмкін).

Жас келіннің бойына бала бітісімен – ақ, енесі түсік тастамасын деп, көйлегінің етегін бүріп қояды, шошынбас үшін түнде далаға жалғыз шығармайды, жүкті әйелдің мезгілі жақындағанында жаз болса, оған жалаң аяқ жер басқызып: «Төсі түкті Жер –Ана, күш – қуат бере гөр?», — дейді. Мұның бәрі бойға бала бітер алдындағы және бойға бала біте бастағанындағы орындалатын салт – дәстүрлер мен ырымдардың бір шоғыры ғана.

Ана толғағы кезіндегі ырымдар — Екіқабат аналардың толғағы бала туар алдында ғана емес, оған дейін де бірнеше рет болады. Олар: «ұзын толғақ», «орта толғақ», «ай толғақ», — деп аталады. Бұлардың бә-рі де жас ананың босануына арналған дайындыққа, түрлі салт – дәстүрге, ырымдарға толы.

«Ұзын толғақ» — босануға үш ай қалғанда басталатын толғақтың бірінші түрі. Бұл кезде жас келін аман – есен босансын деп дайындық жұ-мыстары жүргізіледі. Босанар кезіндегі толғақ үстінде құйымшақ сүйегі ашылмай қал-масын деп күн сайын кешкілік жас келіннің құйымшағынан бастап жауырынына дейін бес саусақты батырып, қойдың құйрық майымен сылап сипаған. Мұны аққол аналар атқарған. Және олар «Бөпең айдай сұлу болсын» деп жас келінді айлы түнде суға да түсірген.

«Орта толғақ» — босануға екі ай қалғанда басталады. Аққол аналардың айтуынша, «Орта толғақта іштегі бала жарық дүниеге шығуға дайындала бастайды». Осы кез- де жүкті әйелдің ішінің сыртқы пішіміне қарап, ана құрсағындағы баланың ұл, қыз екеніне болжам жасалады. Босанатын әйелдің іші: кіш кене, шошақ, үшкір болып келсе – қыз; ұл босанатын әйелдің іші: домалақ, дөңес бітеді. Бұл – тәжірибелі аналардың болжамы. Орта толғақ кезінде жас келін ерте босанып қалмасын деп, оның қолына кескіш, тескіш құралдарды (пышақ, біз, ара т.б.) ұстатпайды.

«Ай толғақ» — босануға бір ай қалғанда басталатын толғақтың түрі. Осы айтолғағы кезінде енелері «іштегі баланың еті қызылданып кетеді» деп оған жас ет ұс- татпайды, «кіндігіне оралып қалмасын» деп оған ине – жіппен іс тіккізбейді, «түсік тастамасын» деп жүресінен отырғызбайды. Босанар кез тақағанда әжелері жас келінді ертіп, жеті бұлақтың көзін аштырып, бұлаққа май құйып, теңге тастатып, бастаудың жанындағы әулие ағашқа шүберек те байлатқан. Сөйтіп, «сенің ата – бабаң осы жерден су ішкен, толғатқан кезіңде сені демеп, жебеп жүрсін»,- деп тілек те айтқан. Ондай ырымдардан жас келін қуат – күш алған.

«Тіс толғақ» — бала жарық-қа шығарда анасының бір мүшесін ерекше ауыртатын болған соң және көбінесе оның тісі ауыратын болған соң соңғы толғақты осылай деп те атайды. Сол себепті қазақта «Әрбір бала анасының бір тісін алады» деген сөз бар. Ал енді босанарда анасының тізесі ауырса, оны – «тізе толғақ», желкесі ауыратын болса, оны – «желке толғақ» деп те атаған.

Бала дүниеге келерде — бұрындары әр әйел босанатын үйдің босағасына қанжар, қылыш, қамшы ілініп қойылатын. Немесе, қоңыр аюдың, жолбарыстың, қасқырдың терісін тастайтын. Бұл – осы заттар әйелдің толғағына кедергі келтіретін жын-перілерді үйге кіргізбейді деген ырымнан шыққан. Әйел босанарда арша тұтатылып, оның басынан айналдырып аластайды, етек жағынан күкірт түтетеді. Бала теріс келсе, әйелдің ішін қолмен сылап, баланы оңдап алады.

«Жарыс қазан» — жарық дүниенің табалдырығын әлі аттап үлгірмеген сәбидің қуанышына арналған кәде, жол жоралғы. Ол айы-күні толған келіншектің сәбиін жарық дүниеге әкелу қуанышы үшін жасалады. Келіні босанарда енесі сақтап жүрген кәделі еттерін қазанға салып асады. Бұл тамақ-«жарыс қазан» дәмі. Оған көрші-көлемнің, ілік-жекжаттың әйелдері келіп, дәм татады. Самаурын қойылып, табаққа сүт те пісіріледі. Сандықтардың, қаптардың аузы ашылады, буылған теңдер шешіледі. «Бел тарту» — әйел босана алмай қиналып жатқанында қарулы ер адам шақырылып, ол әйелді белінен қапсыра құшақтап, ішін төмен басып көмектесетін тәсіл.

Бала дүниеге келісімен — Бала дүниеге келер алдында ата-енесінің алдын-ала «кіндік шешені» таңдап қоятыны белгілі. Ол жас нәресте жарыққа шығысымен көтеріп алады да құйрығынан шарт еткізіп ұрып, кіндігін өткір айбалта, қанжар, пышақпен кесіп алады. Немересінің ата-әжесі кіндік шешеге «кіндік кесер» деп аталатын сый береді. Жаңа туған баланы емізбестен бұрын, алдын-ала қайнатылған таза суға малынған қасқырдың немесе сырттанның жүнімен ауыздандыру салты бар. Бұл көне түріктердің өздерін көк бөріден жаралғанбыз деп санауынан. Өмірге жаңа келген сәбиді шомылдырарда тілін жұтып қоймасын деп оны арнайы тартатын әдет қалыптасқан. Бала төбесінен бастап жуылып, судан шошынбас үшін оған аяғын біртіндеп батырады, алғаш шомылдырғанда су тимеген жері қалмауға тиісті. Жаңа туған баланы шомылдырып болған соң кіндігіне қойдың майын жағып, байлап, құндақтап тастайды. Жас босанған келін қырық күнге дейін аяқ-қолын салқын суға тигізбейді. Созылған іші қалпына келуі үшін белін буып, тісі түсіп қалмауы үшін аузын да уақытша орамалмен буады, суық су ішкізбейді, шашын мықтап тұрып өріп тастап, басына орамал тартқызады. Сонда балаға қыл-қыбыр жоламайды. Немерелі болған ата-әжесі туған-туыстарына балаларын жіберіп, сүйінші сұратады. Олар «кім туды?», — деген сұраққа ұл туса – «Тізгін ұстар», «ноқта жетектетер» — деп, қыз туса – «қырық жеті», — деп, тұспалдап жауап береді. Құтты болсын айта келген адамдар: «Тіфа, тіфа! Тіл-көзім тасқа, өзі жаман бала екен», — деп түкірген болып кетеді.

Тоғыз ай, тоғыз күн деп неге айтады? Бір айда отыз күннің бар екені белгілі. Жұлдызшы-лар оның алғашқы үш күнін «аспанда ай көрінбейтін үш күн, өлі күн» деп атайды. Олар да, көріпкелдер де, ба-ла туу туралы болжам жасаушылар да осы өлі күндері екі жастың төсекте кездесуіне тиым салады. Осыған орай есепшілердің болжауы бойынша, жүкті болған әйелдердің әрбір айы 27 күннен тұрады. Және де бұл 27 күннің басы әйелдің етеккірі келген күннен басталады. Ал енді осы алғашқы ай үш тоғызға бөлінеді де, бірінші тоғызы – «етеккір тоғызы», екінші тоғызы – «арылу тоғызы», үшінші тоғызы — «кездесу тоғызы» деп аталады. Соған сәйкес, жас жұбайлар үшінші тоғыз – «кездесу тоғызында» ғана төсек қатынасына баруға тиісті. Сонда дені сау бала өмірге келеді. Аллаһ Тағланың бұйрығымен әрбір әйелдің өз нәрестесін тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, туатыны мәлім. Осы орайда жоғарыдағы есепке жүгінетін болсақ, әрқайсысы 27 күннен тұратын тоғыз ай- да 243 күн бар, аққол аналар оған үшінші «кездесу тоғызын» қосып есептейді.Сонда тоғыз ай, тоғыз күн шығады. Біздің тіліміздегі «тоғыз ай, тоғыз күн» тіркесінің қалыптасу сыры осындай. Бұрындары тәжірибелі аналар өз дорбасына 243 құмалақты салып алып, күніне оның біреуін лақтырып отырып, келіннің босану мерзімінің жақындағанын анықтаған көрінеді. Рас, кейде нәресте тоғыз ай, тоғыз күннен бұрын немесе асып барып та туады. Оның әртүрлі себебі бар. Олардың кейбірі аналардың дімкәс, ағзасының әлсіз болуы, шошынуы, тағы да басқа жағдайлар. Егерде нәресте күні жетпей туса, оны «шала туған» деп атайды. Мұндай балаларды бұрындары ата-бабаларымыз тымаққа салып, керегенің басына іліп қойып асыраған, қазір де жеті айлық «шала туған» балалардың көбісі аман-сау жетіліп, қатарға қосылып жатады. Жас нәресте шыр етіп жарық дү- ниеге шығысымен, оның өмір жасы басталып, белгілі бір күндері арнайы атауға ие болып, ол әртүрлі салт-дәстүр, ырым, ойын-тоймен әріқарай жалғасып кете береді. Ендігі әңгіме сол туралы.

Мақсұтбек СҮЛЕЙМЕН.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше