Кешіріңіз...

-Кешіріңіз, Ержанов көшесі қай жақта екенін айтпас па екенсіз?
-Е, оның несіне кешірім сұрайсың. Білмейтін көшеңді сұрағаныңа сен айыпты емессің ғой. Адам кешірімді аңдаусызда өрескел қылық көрсетіп алса сұрайды. Айталық сен мені көшеде байқамай қағып кеттің…
-Кешіріңіз, ағай, мен асығып тұр едім…
-Бұл жолы да орынсыз кешірім сұрап тұрсың. Сен асығып бара жатқаның үшін менің алдымда кінәлі емессің ғой. Егер сен мені өзіңнің бір танысың екен деп қалсаң. Жаныма жетіп келіп қал-жағдайымды сұрап әңгіме айта бастасаң. Мен сол кезде саған «Мені біреумен шатастырып тұрсың»- десем, сен ыңғайсызданып қалып кешірім сұрайсың. Міне, бұл жағдайда кешірімің орынды болар еді.
-Ағай, орынсыз кешірім сұрағаным үшін кешіріңіз.
-Шырағым-ау, сен өзі бір түрлі қызық екенсің. Адам кешірім сұрағаны үшін жазықты болмайды ғой. Кешіріңіз дегенім үшін кешіріңіз дегенің қалай? Мәселен, сен мені балағаттасаң, жазықсыз тілдесең. Соңынан өзіңнің қателігіңді түсінсең кешірім сұрауыңа болады.
-Ағай!
-Ау.
-Сіз қырт екенсіз.
-Немене?
-Қырт екенсіз деймін. Онда да жәй қырт емес, көк қырттың өзі екенсіз!
-Әй, шырағым, сен неге маған тіл тигізесің-ей!
-Ағай, кешіріңіз. Енді дұрыс болды ғой деймін, ә?
Авторы: Мартбек Тоқмырза
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше