“Белгісіз” /”Unknown”/
Неизвестность — самая мучительная из всех пыток.
Альфред Мюссе
Шыны керек, бұл фильмді көрмес бұрын, алдымен өзіңіздің ғұрмәтлі уа ғизәтлі көңіл-күйіңіздің не қалап тұрғанын анықтап алу керек. Егер Сізді голливудтық “ережелер” жалықтырса, онда “Белгісіз” ұнамағаны былай тұрсын, фильмның миыңыздың қатпар-қатпарында шаң басып жатқан атам заманғы “әкең” менен “шешеңдерді” қайта еске салып жіберу ықтималдылығы жоғарылап кетеді. Ал енді, осы блогтың авторы сияқты анау күннен бері экшн қарамай, “Қарақуға” қол соғып, “Темір тәсілге” тырқ-тырқ күліп жүрсеңіз, онда “Белгісіз” баяғыда қараған “Борн” мен “Бонд” сериясының көзіндей болып, айызыңызды қандыруы мүмкін.
Фильмның қысқаша мазмұны: Мұхиттың арғы бетінен құдай қосты деген қосағымен, Экосаммитке қатысамын деген ниетімен Берлинге келген Мартин Харрис атты доктор /Лиам Нисон/ сөмкесін әуежайды қалдырып кетеді. Санын бір соққан Мартин қонақүйге кірмей, басқа бір таксиді ұстай салып, кері қайтады. Жолай ол мінген көлік апатқа түсіп, көпірден ұшып кетеді. “Жазым болса, атала көжеге де тіс сынады” деген қазақтың мақалын еске түсіріп, байғұс Мартин су астына кете бергенде, таксидің рөлінде отырған босниялық құжатсыз гастербайтер/мен осылай түсіндім, қателесуім мүмкін/ Джина /Диана Крюгер/ жанкештілікпен Лиамның кейіпкерін көліктен алып шығады.
Ауруханада есін жиған Мартин соқтығыстың салдарынан біраз дүниені ұмытып қалғанын түсінеді. Дәрігерінің “тоқта” дегеніне қарамастан, жанұшырып әйеліне жеткен ол күтпеген жағдайға, ойламаған көрініске тап болады. Сағат сыйлап сезімін білдіріп жүрген сүйіктісі Элизабет /Дженьюэри Джонс/ күйеуін… танымай қалады. Ал өзін Мартин Харриспін деп таныстырып, Элизабеттің жанына келіп, оны құшақтап, “Сіз кімсіз?” деген еркекті /Эйдан Куинн/ көргенден, бас кейіпкердің жаны шығып кете жаздайды. Ол “аферист” деп ойлаған еркек, шын мәнінде, доктордың /Лиам Нисонның/ барлық құпияларын, телефонмен сөйлескен сөздерін білетін болып шығады, оның қолында /Эйдан Куинның/ өзінің Мартин Харрис екенін айғақтайтын құжаттар, әйелімен /Дженьюэри Джонспен/ түскен суреттер болады. Ақшадан жұрдай, құжаты әуежайда жоғалған сөмкеде кеткен, ешкім танымай қойған, ешкім мойындамаған Мартин Харрис осылайша далада қалады.
Амалы құрыған бас кейіпкерді жаны ашыған медбике Эрнс Юрген атты “штазида” /ГДР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі/ істеген маманмен байланыстырады. Адамдардың ойын оқып үйренген Эрнс Мартинге жалғыз үміт – жол апатынының куәгерін тап деп тапсырады. Тақтай кереге үйде тұратын, даяшы болып нан тауып жүрген Джинаны доктор табуын табады, алайда бұл кезде оның басына белгісіз біреулер тарапынан бәйге жарияланып қойған болатын…
Фильмның ортасына дейінгі мазмұны осы. Ары қарай қаласаңыз, көре жатарсыздар, ал мен бір ауыз пікірімді сүйкей кетейін.
Негізі, “Белгісіз” жайлы екі түрлі ревю жазуға болады: жақтап я жамандап. Ол көрерменнің ой-пікір, талғам-таразысына, дәл сол сәттегі көңіл-күйіне байланысты. Ал мен сапалыэкшн-триллер-атыспақты көптен бері көрмеп едім, сондықтан өз басым “Белгісізді” керемет жоғары көңіл-күймен отырып қарадым.
Бұған дейін саны бар, сапасы жоқ кинолардың қатарын толықтырған төрт-бес туындының иесі (“Дом восковых фигур”, “Дитя тьмы”) Жауме Серра фильмның режиссері болды. Шыны керек, әу баста бұл испандық жігіт “Борниада” мен “Бондианың” қатарында тұратын кино түсіреді деп ешкім ойламаса керек. Сарт-сұрт төбелесті, у-зу көлік қақтығыстарын көрсету, көрерменді үнемі күйіп бара жатқан оқиғалармен қопақтатып отыру Жауменің қолынан келіпті. Өнімнің сапалылығын анықтайтын критерийлердің бірі – операторлық шеберлікке келсек, “Белгісіздің” кейбір тұстарына “Борнды” түсіргендер де қызығып қалады-ау дейсің. Алғашқы авариядан бастап, соңғы қонақүйде болған жарылысқа дейін арнайы эффект мамандарының кәсіби деңгейінің жоғарылығын көрсетеді. Әрине, “Властелин колец 3″ пен “2012″ жанында бұл фильм бәкене көрінер, бірақ өз деңгейінде біршама жетістіке қол жеткізіпті.
“Белгісіздің” бір бұрышын қисайтпай ұстап тұрған Лиам Нисонның актерлік шеберлігі. Бұл менің ойым. Жалпы, Лиамды біздің заманның мықтыларының бірі санаймын. Рас, ол фильмдерде көп көрінбеуі мүмкін /”Бэтмен: Начало”, “Царство небесное”, “Битва титанов”, “Три дня на побег” секілді/, алайда “Заложница” мен “Список Шиндлера” басты рөлдерді сомдаған Лиам өзіне берілген кейіпкердің түр-тұлғасын, жүріс-тұрысын жақсы шығарады. Бұл жерде де солай, өткен-кеткені үзік-үзік есінде қалған, жақыны сырт айналған, жаны қиналған адамды осы жылы 59-ға келетін бірқатар боевиктердің қаһарманы жап-жақсы шығарған.
“Трояда”, “Сокровище нацийда” түскен Диана Крюгер есімді неміс актрисасын білетін боларсыз. Бұрын аса қатты мән бермеуші едім, “Бесславные ублюдкидағы” Диананың рөлі ұнады, содан бұл актрисаға сенетін болғам /әдетте, актерларға сенген соң барып жатамыз ғой киноға/. “Белгісіздегі” рөлі сол ма, әлде болмайтын боевикқа басымды ауыртып қайтем деді ме, әйтеуір асып бара жатқан шеберлігін байқамадым. Бірақ, оған, меніңше, фильмның жанры кінәлі, быт-шыт атыспақта сенің қылқынып тұрған ойнаған жоғары мәнді, аса драмалық рөлің зуылдаған оқ пен гүрс-гүрс жұдырықтың астында қалып қалады. Барыңды салып, байлығыңды көрсететін “Қарақу” емес. Әйтеуір, таксидің көпірден ұшып кететін сәтінде бір дубльге каскадерсіз өзі түсіпті.
Сценариі пәлен-түген дейтіндей асып бара жатқан ештеңесі жоқ. Құпия ұйымның құпия адамдары мен құпия әрекеттері туралы тағы бір кезекті фильм. Кейбіреулер “Белгісіздің” бастапқы 10 минутында-ақ финалы жайлы біліп алыпты. Бірақ өз басым олай айта алмаймын. Себебі, мүлде басқа жаққа жорып, қуып отырғам.
61 Берлин фестивалінде алғаш рет көрсетілген фильм жайлы не айтуға болады? Рас, бір қарасаң, сөз қылуға тұрмайтын туынды. Алайда түсірілім барысында Мерседес Бенц маркалы 20 шақты автокөлікті қоқысқа жіберген “Белгісіз” ана жер, мына жерге жиналып қалған адреналинді шығаруға көмектеседі. Сөз жоқ, ол – қарт Еуропаның тар да сұрғылт қалаларында болған көлік қақтығыстары мен адам қақтығыстарын әдемі де қызықты етіп сипаттайтын фильм. Ауыз толтырып тұрып “сапалы туынды” деуге болады. Оның үстіне, “Белгісіздің” режиссері бұрын белгісіз болып келген адам екенін ескерсек, анау-мынау кемшіліктерге кешіріммен қарауға тұрарлық.
Алайда, “ах” деп ақша шығарып, сатып алып, әкеліп, ай сайын көріп тұратын да туынды емес. Сіз “Идентификация Борнаны” қанша рет қарадыңыз? Бір рет? Екі рет? Бұл да сол. Жалғыз мәрте көріп, жаныңызды жеп жүрген ностальгияның буын шығарып алсаңыз болды.
Лиам Нисонның харизмасы үшін, Диана Крюгердің тартымдылығы үшін, сапалы трюктер мен арнайы эффектілерді көрі үшін, Берлиннің көшелеріндегі көлік жарыстарын тамашалау үшін, “Белгісізді” таңдауға болады. Бірақ, бұдан асқан үлкен үміт күтпеңіз. Әйтпесе, ертең “сен мақтап едің ғой” деп мені боқтап жүрерсіз…
Пікір жоқ әзірше