Арықтау амалдары: Диета әлде фитнес

Қазақстанда 4 миллион адам семіздікке шалдыққан. Тамақтану академиясы осылай шошытады. Ал, әлемде 2015 жылға қарай артық салмақ 3 миллиард адамды алқымнан алмақ. Масштабты сезіп отырсыз ба? Адамзаттың жартысына жуығы семіз. Мұны енді дерт дейміз бе? Әлде, жұқпалы болмаса да індет деген дұрыс па?

Өмірімде екі рет қатты арықтадым. Алғашқысында 5 айда 16 келі тастасам (төмендегі екі суреттің датасына назар салыңыз), екіншісінде 3 айда 12 келі лақтырдым. Иә, таңқалмаңыз, сондай семіз болған кездерім де болды. Шындап келгенде, қазір де арық болып тұрғаным шамалы. Әлі он келідей артық салмағым бар.

Арықтау, әрине, оңай емес. Бұл жерде бастысы — өзіңізге лайықталған әдістеме болуы шарт. Артық салмақ проблема болып санала басталғалы бері арықтаудың да сансыз амал-тәсілі жасалды. Дегенмен, оның барлығын «калорияны аз жеу» және «калорияны көп жағу» деген екі үлкен қосынға топтастыруға болады. Біреу аузыңды тый десе, біреу көбірек қимылда дейді. Қайсысы тиімді? Әңгіме осы турасында болсын.

Блог - Marco: Арықтау амалдары: Диета әлде фитнес

Фитнес

Мойындау керек қой, егер арықтау қажеттілігі тумаса, көп адам спорт пен денешынықтыруға шындап кіріспес те еді. Мектеп кезі мен студенттіктің алғашқы жылдарында жеңіл атлетикамен айналысқанымнан не пайда, 19 жасымда семіріп шыға келдім. Содан төрт жыл қатарынан салмағым тек өсумен болды. Бір күні «Қой, бұлай болмас» деген ой келіп, жаттығу залына ат басын бұрдым.
Блог - Marco: Арықтау амалдары: Диета әлде фитнес

Жақсы жақтары:
— Күш пен төзім. Дене шынықтырумен айналыса бастаған адам бір айдан соң бойына жаңа күш біткенін байқайды. Қабаттарға жаяу көтерілу де оңай, кешкі серуен де бұрынғыдай шаршатпайды.
— Сымбат. Жай арықтау бір бөлек, денеңді баптап, бұлшық еттеріңді қатайта бастасаң, терің де жиырылып, бітімің Аполлонның өзі болмағанмен, пираттық нұсқасына ұқсай бастайды. Әлі де қарның томпайып тұрса да, айнаға қараған сайын сүйсіне бастайсың.
— Сенім. Спорттың арқасында адамның бойындағы жігер де жандана түседі. Ақ тер, көк теріңді шығаратын артық салмақ бұл-бұл ұшқан соң, бұрын өзіңнен-өзің қысылып, бата алмайтын істерді де оп-оңай бастап кетесің.

Қиындықтар:
— Жанкештілік. Шаршайсың. Жарақаттануың да мүмкін. Жоспарыңды орындай алмай, тауың да шағылады. Көп адамның сынып қалуына осының өзі жеткілікті. Қолды бір сілтеу оп-оңай;
— Уақыт. Қым-қуыт тірлікте фитнеске уақыт бөлу оңай іс емес. Шындап келгенде артық бір жарым сағат табылады-ау. Бірақ, сол сәтте диваннан тұру қиын;
— Қаржы. Паркті жағалап жүгіріп келу үшін көп ақша қажет емес. Бірақ, жаттығу залына кәдімгідей бюджет бөлуге тура келеді. Ең арзан дегендері айына бес мың теңге сұрайтыны анық.

Диета

Екінші рет арықтауға кіріскенде тамақты мөлшермен ішуді қолға алдым. Ертеңгісін түрлі ботқалар немесе қуырылған жұмыртқа, түскі асқа кез-келген салат пен сұйық тамақ, кешке көкөніс немесе жеміс-жидектен жасалған салат. Егер, қарным ашса айран ішіп, аздап ірімшік жедім. Тағы бір маңызды жайт — суды мейілінше көп ішу керек.

Алғашқы бір аптаның ішінде ешқандай өзгеріс байқалмады. Алайда екінші-үшінші аптада салмақ күрт азая бастайды. Дегенмен, бір айдай уақыт өткен соң нәтиже динамикасы едәуір баяулайды.

Блог - Marco: Арықтау амалдары: Диета әлде фитнес

Жақсы жақтары:
— Уақыт. Егер әлдебір тым танымал диетологтың айтқанына еріп, калория санап кетпесеңіз, менікіндей қарапайым диета түк уақыт қажет етпейді. Қайта, тамақ азайған сайын, оны дайындауға және жеуге кететін уақыт та азаяды. Басқа пайдалы істерді тындыруға болады;
— Сергектік. Көптеген диетаның басты қағидасы кешкісін тамақ ішпеу. Бұл өз кезегінде түнде ағзаның тынығуының кепілі. Соның арқасында таңда ояну да оңай, демалып қалғаныңызды сезесіз;
— Тазару. Май азайған сайын ағзадағы қажет емес шлак та азаяды. Көп су ішкеннің пайдасы да осында.

Қиындықтар:
— Тәртіпке бағыну. Әсіресе, бала-шағамен шай ішіп отырғанда анадан бір, мынадан бір тістеп қойып, еңбекті шайып кету оп-оңай. Метаболизмі нашар адамға салмақты ұстап тұру қиын;
— Ағзаның шаршауы. Диета қатаң болған сайын, ағзаға қажетті ақуыздар, майлар азая береді. Ақыр соңында жерік әйел сияқты кейбір тамақты шынымен қалап тұратын боласыз. Бір күні болмаса бір күні морт кету мүмкіндігін айтпағанның өзінде, бұл ағзаға зиян келтіруі де ықтимал;
— Терінің салбырауы. Егер май қабатыңыз шынымен қалың болса, калория кеткен сайын теріңіз салбырай бастайды. Ақыр соңы арық кейпіңізден ләззат алудың орнына жиіркене бастауыңыз мүмкін.

Теңдеу

Диета мен фитнестің арасында таңдау жасау үшін артық салмақтың неден пайда болғанын білу керек. Егер өзіңіздің қомағайлығыңыз бен енжарлығыңыз себеп болса, көп ойланбастан жаттығу залына жазыла беріңіз. Ал, семіздікке денсаулықтағы кінәрат себеп болса, диета -дұрыс жол. Кез-келген кәнігі маманнан сұрасаңыз осы жауапты естисіз.

Жеке тәжірибемнен байқағаным, екеуін кезек-кезек қолданған жөн. Алдымен аздап диета ұстап, жеңілдеп алған соң жаттығуға кірісу керек. Бірақ, жаттығу жасап жүріп, қатаң диетаға отырмаңыз. Бұл ағзаны шаршатудың бірден бір жолы. Тазарып алу керек болса, фитнесті уақытша доғара тұрған жөн. Құлақ асар болсаңыз, кеңесім осы.

Р.S. Соңғы еңбек демалысымда тағы 3 келі қосып алдым. Жаттығу залына баруға ауырып қалғаным кедергі. Сондықтан, алдағы бір ай тамақты азайтып, тазарып алмақпын. Менімен бірге бастайсыз ба?
Бөлісу:

29 пікір

Anar70
Бастау керек еді негізі)
satibaldi
Меніңше, қазір Сіздің мәртебеліңізге енді ештеңе көмектеспейтін сияқты
AKY
Ғашықсыз дейм
satibaldi
Солай сияқты құрғырдың… Жүрекке эмир Фейсалдың әмірлері жүрмейді деп отырушы Әбу-Дабилік таксист, рас сияқты.
AKY
Сол керек өзіңізге де
ademi_alem
Тез арып, тез толам. Толу деген нәрсе Өскеменге келгелі пайда болды. Кейде екі-үш күнге немесе бір аптаға ауылға барып келсем қалпыма келем, Өскеменге келгенде қайта тола бастаймын. Былай қарасам Алматы да, ауылда да, Өскеменде де тамақтануым бір қалыпты, қозғалыста да айтарлықтай айырмашылық жоқ. Бірақ Өскеменде салмақ қосылғанын бірден байқаймын.
bizbike
Ауадан да болады.
Anar70
негізі, әйел адам 37 жасқа толғаннан кейін хочешь, не хочешь тола бастайд)))) так что, диета, миетаның көкесі алда сол диетаға отыра алмай-ақ қойдым.
satibaldi
Өзіңіздің жекелеген қасиетіңізді жалпыадамзаттық кемістік деп тану аздап рухани жеңілдік әкелетінін білем, бірақ кесіп айтуыңызға жол болсын
asaubota
әлі мұндай проблемаға жеткен жоқпын. бірақ бір күні маған да келе ме деген қорқыныш бар
Marco
Саспа басың жас қо
Marco
Арықтау амалдарын бөлек блог қылам-ау деймін. Фейсбукта бірнеше адам жекеге хабарласып, көмектесуімді сұрап жатыр. Барымша ақыл берген болдым. Енді ойланып отырмын, проблема бар, менде нәтиже бар. Дұрысы тұрақты блог жүргізу керек шығар.
Gastarbaiter
Анау 2 айлық нәтижең айуан екен
Marco
Сенбей отырғандар бар. Негізі суреттерде өзінің датасы да бар. Мына жерге сыйғыза алмадым тек
VKM
 Марко, диета мен спорттың арқасында жап*жас көрінесің. Толық кезіңде бетің «толық ай» сияқты екен
qonyrbai
Анау "Қазақстан" арнасында Тұрсынбаевамен бірге тамақ пісіретін Аман деген жорналшы жігіт бар еді ғой. Оның да тәжірибесі бар. Оны танымай да қалғанбыз салмақ тастаған кезінде.
AKY
Құдай-оу, не деген бицепсы анау фотода
MERmukhanov
кәменттер өртеватыр
satibaldi
Диета әлде фитнес
Шынымен, екі әдіс тувлессе — қайсысы жеңед?
Marco
Лібә, сол сөз болып па, Сатыбалды. Өзің елестетсейші, диета ұстап жүрген Анар мен бодибилдер Гастарбайтер төбелессе қайсысы жеңеді?
Ispek92
Әрине стрип-пластикасы бар АКУ ханым жеңеді)))
zholantai
Қазақстанда 4 миллион адам семіздікке шалдыққан.
лібә, облыс, қала, ұлт бойынша бөлінісі жөнінен статистика бар ма екен? семіздікті ауру деп қабылдайтын болсақ, қауіпті көрсеткіш екен

05.05.2007 мен 26.07.2007 дегі суретке қарап, папасы мен баласы деп ойлап қалуым да мүмкін еді,