Киноман мен футболфан

  • Автор
Танысып қойыңыз, екеуі де мен. Киносүйгіштігім Ернардан, футболсүйгіштігім Аршаттан кем шығар, бірақ екеуімен де көсіле отырып әңгіме-дүкен құруға қауқарым жетеді ғой деп ойлаймын. Ал, мәселе футбол туралы кино жөнінде болса, онда… онда, алдымен, попкорныңызды дайындап алыңыз.

Футбол арқау болған фильмдер жетерлік. Біреуі күлдіреді, біреуі жылатуы да мүмкін. Бірінде футбол әлемнің темірқазығы іспетті, келесісінде ол тек эпизод қана. Қалай болғанда да, төмендегі тізімге өзім ерекше сүйіп қарайтын футбол туралы киноларды ғана жинадым.

Қақпашы(Вратарь. 1936ж. КСРО)
Режиссері Семен Тимошенко

Блог - Marco: Киноман мен футболфан
Сюжет: Фильмнің басты қаһарманы Антон Кандидов — ауылшаруашылығында жүрген қарапайым жұмысшы. Оның бойында ерекше бір ептілік бар — қарбызды қалай лақтырса да жерге түсірмей қақшып алады. Бір күні тағдыр Антонды нағыз футболшылармен жолықтырады.

Пікір: Бұл фильм бала күндердің естелігі. Ол кезде актерлердің ойынына, ұтымды әзілдер мен тамаша музыкаға мән бермейміз, тек футбол мен басты кейіпкердің жеңістері ғана қызықтыратын. Фильм бұл критерийді ақтайды. Ал, қазіргі заманның жанкүйері үшін «Қақпашы» ертегі сияқты көрінуі мүмкін. Кеңестік идеология «Кәсіби спорт жоқ, жұрттың бәрі денешынықтырумен айналысуы керек» дейді. Сәйкесінше, чемпионатта ойнап жүрген футболшылардың негізгі жұмысы бар. Осындай нюанстардан балалық пен аңқаулықтың иісі аңқып тұрады. Сондықтан, қанша ескі болса да бұл кино сүйіктілерімнің қатарында.


Басбұзар (Mean Machine. 2001ж. ҰБ-АҚШ)
Режиссері Бэрри Сколник

Блог - Marco: Киноман мен футболфан
Сюжет: Бұрынғы футбол жұлдызы Дэнни Миан заң бұзып, бас бостандығынан айырылады. Ол қамалған абақтыда қарауылдардан құралған команда бар екен. Түрме басшысы Мианға сотталғандар командасын құрып, күзетшілермен ойнауды ұсынады. Бірақ, бір талап бар — қылмыскерлер құрамасы ұтылуы керек. Әйтпесе Дэнни Мианның қамаудағы уақыты ұзара түспек.

Пікір: Футбол шын мәнінде тек қана топ-командалар арасындағы бәсеке еместігін осы фильмнен көресіз. Тіпті түрме де нөмірі бірінші спорт үшін кедергі емес. Керісінше, мұндай матчтағы эмоция мен жанқиярлық анағұрлым жоғары болып шығады. Өйткені, қоғам қатарынан аластатылған ең жеккөрінішті, ең жиіркенішті адамдарға қолынан бірдеңе келетінін дәлелдейтін жалғыз мүмкіндік осы ғана болуы мүмкін. «Басбұзар» тек футбол емес, адалдық пен адамдық туралы кино. Айтпақшы, басты рөлді футбол жұлдызы, қазір танымал актерге айналған Вини Джонс сомдайды.


Бекхэмдей ойна (Bend It Like Beckham. 2002ж. ҰБ )
Режиссері Гуриндер Чадха

Блог - Marco: Киноман мен футболфан
Сюжет: Англияда тұратын үнді қызы Джесс футболшы болғысы келеді. Дәстүрге берік жанұясы, оның бұл арманы туралы білмейді, білсе де рұхсат бермес еді. Бірақ, мақсатқа жетер жол қашан оңай болып еді?

Пікір: Қыздар футболы – мағынасыз уақыт өлтіру деп есептейтіндер көп. Әрине, жігіттер футболындағыдай жылдамдық пен шеберлікті көре алмайсыз, бірақ, бұл футбол ойнауға тиым салуға себеп емес қой. Бұл фильмде мұндай күрделі сұрақтар көтерілмейді. Тіпті отбасындағы кикілжіңнің өзі комедия призмасы арқылы көрсетіледі. Қарауға жеңіл, динамикасы шаршатпайтын, футбол көріністері де сәтті пайдаланылған отбасылық фильм.


Жасыл көшенің сотқарлары (Green Street Hooligans. 2005ж. ҰБ, АҚШ)
Режиссері Лекси Александер

Блог - Marco: Киноман мен футболфан
Сюжет: Америкалық студент Мэтт Англияға келіп «Уест Хем Юнайтед» фанаттарының ортасына түседі. «Жасыл көшенің сотқарлары» Лондондағы ең қатыгез, әрі саны көп топтардың бірі. Өмірінде төбелесіп көрмеген Мэтт олардың толыққанды мүшесіне айналады.

Пікір: Кейбір фанаттар үшін алаңдағы футбол емес, сыртындағы төбелестер әлдеқайда маңызды. Лондонның шығысын мекендейтін «Уест Хэм» және «Миллуол» клубының жанкүйерлері арасындағы қақтығыстар фанаттар фольклорының інжу-маржаны. Фильм кейіпкерлерінің қатыгездігі таңқалдырады. Кей кезде не үшін төбелесіп жүргендерін түсіну мүмкін еместей көрінеді. Бірақ, бұл да футболдың бір қыры. Қорқынышты, әрі ажырамас бөлігі. Сондықтан біліп жүрген абзал.


Гол (Goal. 2005. АҚШ, ҰБ)
Режиссері Дэнни Кэннон

Блог - Marco: Киноман мен футболфан
Сюжет: Лос-Анджелесте тұратын Сантьяго Муньестің арманы — футболшы болу. Алайда, кәсіпқой спортшы болуға кедейлік кедергі. Бір күні тағдыр Сантьягоны бұрынғы ағылшын футболшысы Глен Фоймен жолықтырады. Ол жаңа танысын «Ньюкасл Юнайтед» клубында бағын сынап көруге шақырады.

Пікір: Арман шындыққа айналу үшін кездейсоқ сәттілік жеткіліксіз. Тынбай еңбек етіп, өз күшіңе сену керек. Бұл кино осыған үйретеді. Менің ойымша, «Гол» футбол туралы фильмдердің үздігі. Өзіміз теледидардан көріп, сынап отыратын футболшылардың жасыл алаңға шығу үшін қаншама тер төгетіне, қанша қиындықты жеңетіне куә боламыз. Фильм түсіріліміне көптеген танымал футболшылар қатысқан. Голды бір-ақ рет көру мүмкін емес. Бір көрген адам қайтадан қарайтынына бәс тігуге болады.


Гол 2: Өмір арман (Goal 2. Living the Dream. 2007. ҰБ )
Режиссері Жауме Серра

Блог - Marco: Киноман мен футболфан
Сюжет: «Ньюкасл Юнайтед» клубының жұлдызына айналған Сантьяго Муньесті Мадридтің «Реалы» сатып алады. Атақ, ақша, абырой қатарынан келген Сантьяго жаңа өмірдің жаңа заңдарына үйренуі тиіс. Бірақ, өткенінің көлеңкелі тұстары да соңынан қалар емес.

Пікір: Әдетте сәтті фильмнің жалғасы көңілден шықпай жатады ғой. Тек, бұл жолы емес. Гол 2 қатысқан футболшылардың сапасы бойынша алғашқысынан да асып түсті. Өйткені, Сантьяго Муньес Зидан, Рауль, Бекхэм, Роберто Карлостармен бірге алаңға шығады. Футбол романтикасына сенетін болсаңыз, бұл кино сіз үшін. Оның үстіне, тек ойынның өзі туралы кадрлар бойынша «Гол 2-ге» жететін кино әлі түсірілген жоқ.


Қарғыс атқан Юнайтед (The Damned United. 2009ж. ҰБ)
Режиссері Том Хупер

Блог - Marco: Киноман мен футболфан
Сюжет: Дарынды бапкер, бірақ өте қырсық тұлға Брайан Клаф «Лидс Юнайтед» командасының бас бапкері болып тағайындалады. Бірақ, осыған дейінгі және осыдан кейінгі жұмыс орындарында тамаша нәтиже көрсете білген жаттықтырушы, бар-жоғы 44 күннен соң отставкаға жіберіледі.

Пікір: Фильмнің басты қаһарманы Брайан Клаф өмірде болған адам. Және ол Англияның клубтық футболы тарихындағы ең танымал бапкерлерді бірі. Алайда, Клафтың жесірі және «Лидс» командасының бірқатар футболшылары, оқиға тым біржақты баяндалған деп есептейді. Кино барысында кәсіби клубтың жаттығу процесі, спортшылар мен бапкердің ара-қатынасы жақсы көрсетіледі. Кино басшылық қызметке жаңа тағайындалған адамдарға пайдалы деп есептеймін.
Айтпақшы, «Басбұзар» фильмінде басты рөлде ойнаған Вини Джонс бір кездері «Лидс Юнайтедтің» футболшысы болған еді.


Юнайтед (United. 2009ж. ҰБ)
Режиссері Джеймс Строң

Блог - Marco: Киноман мен футболфан
Сюжет: Фильм футбол тарихындағы ең үлкен трагедиялардың бірі Мюнхен апаты туралы баяндайды. 1958 жылы Мюнхен әуежайында «Манчестер Юнайтед» футболшылары мінген ұшақ апатқа ұшырап, борттағы 44 адамның 23-і қаза тапқан болатын.

Пікір: Бұл фильмде футбол көріністері жоқтың қасы. Апаттың өзі де анық көрсетілмейді. Бірақ, трагедияның масштабын анық сезінесіз. Команданың басым көпшілігі қаза тапқан, бас жаттықтырушы хал үстінде жатыр. Ал, Манчестер Юнайтедті алда әлі талай ойын күтіп тұр. Бастысы нәтиже емес, қазақ тапқан достардың құрметі үшін команданы сақтау қалу қажет. Бұл өз кезегінде, қайсарлық, табандылық пен жанкештілікті қажет ететін шаруа. Оқиға да, кино да қандай қиындық тап болса да, берілуге болмайтынына тағы бір дәлел.


Эриктің ізімен (Looking for Eric. 2009. ҰБ)
Режиссері Кен Лоуч

Блог - Marco: Киноман мен футболфан
Сюжет: Пошташы қызметін атқаратын «Манчестер Юнайтед» жанкүйері Эриктің өмірінде футболдан басқа түк қызық қалмаған. Оның өмір ағысына қарсы жүзуге халі жоқ, дәлірегі, жігері жетпейді. Бір күні оған ең сүйікті футболшысы, «Манчестер Юнайтедтің» жұлдызы Эрик Кантона көмекке келеді.

Пікір: Өте жарқын, жігеріңді жани түсетін кино. «Эриктің ізімен» фильмінде футболдың өзі ғана емес, оның маңындағы қызықтың бәрі бар. Аты аңызға айналған футболшы Кантона өзін-өзі сомдайды. Соның арқасында миллиондардың сүйіктісі болған спортшының харизмасына ғашық бола түсесіз. Құрдымға кетіп бара жатқан пошташы Эриктің кенеттен дұрыс соқпаққа бұрылғанын, әрі әрбір эпизод сайын жолын еңсере түскенін көріп, әр адамның бақыты өз қолында екеніне сеніміңіз нығая түседі. Ал, кумиріңіз көмектесіп жатса тіпті құба-құп.


Класс 92 (The Class of 92. 2013. ҰБ)
Режиссерлері Бенжамин Тернер, Гейб Тернер

Блог - Marco: Киноман мен футболфан
Сюжет: 1992 жыл. «Манчестер Юнайтедтің» академиясын бітірген алты түлек негізгі құрамға алынды. Оларды алда сәтті карьера, атақ пен даңқ күтіп тұр. Мұның бәрін ардагер футболшылар өз ауыздарымен айтып береді.

Пікір: Мен «Манчестер Юнайтедтің» жанкүйерімін. Ал, фильмнің басты кейіпкерлері ағайынды Невиллдер, Ники Батт, Пол Скоулз, Дэвид Бекхэм және Райан Гигз клубтың өз мектебінен шыққан ең атақты, ең беделді ойыншылары. Және бәрі үлкен ойынды бір мезетте бастады. Былайғы көрермен үшін бір мезетте бір мектепте осыншама дарынды жігіттердің қалай жиналып, оларды кім және қалай тәрбиелегені қызық деп ойлаймын.
Класс 92 деректі фильм. Бірақ, өздері де «МЮ-ді» сүйетін режиссерлер оны көркем туындыға айналдыра білген.


Бұл өзім көріп, ұнатқан кинолардың тізімі. Мынау мынадан артығырақ деп хит-парад жасауға қимай, хронология бойынша орналастырдым. Бірақ, футбол туралы фильмдер мұнымен түгесілмейді. Кино көп. Тізімге кірмегендері болса, айта отырыңыз.

Ұқсас посттар

11 пікір

MERmukhanov
Кххх, «Голдың» бас актеры Абылайды ойнағанын білесіңдер ме???
Janasil
Бәсе, бір қарағанда суреттегі түрі "Әруақ" деп айқайлап тұрғандай көрінді)
zholantai
спортқа арналған киноларды жаратпаймын, көрмеймін
bazuka
комедия жанрында «Убойный футбол» деген қытайдың киносы бар.
Gastarbaiter

Базар жоқ сол кино. Тағы бір қарар едім
asaubota
өзін сыйлайтын футбол фанаты сол фильмді жек көруі тиіс
Gastarbaiter
Ол футбол емес, Кунгфу туралы ғой негізі. Кезінде спецэфекттері жынды саналатын.
Marco
Көрдім, тізімге қоспадым)
Gastarbaiter
«Вратарь» деген ти что-о-о… Кино емес, культ ғо.
Пацандар көрмегеніне таң қалмаймын, бұрын теликтен көрсететін еді, қазір зымырық қылды ғо, неге екенін.
Вратарь мен Базбұзарларды бірінші қойғаныңа риза боп отырмын. Футболфан емеспін, бірақ мына екеуі мықты заряд беретін кинолар.
Базбұзарлардың сюжеті күрделірек, менің тақырыбымда да мыжғылауға болады.
Соңғы түзету:
asaubota
көбісін көрмеппін
Aldeken
Көріп шығу керек екен… біразын… кино көруді қолға алу керек шығар қайтадан… Патик пен күйеу баладан ұят-ты....)))))))))))
Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.