Араб көктемінің елесі

Блог - Marco: Араб көктемінің елесі
Жадымызда «Араб көктемі» деген атпен қалған бұл оқиғаларға да үш жыл болды. Біреудің қателігі бірдеңе үйрететін болса, нағыз ойланатын сәт келді. Тунистен басталған «демократия толқыны» бірнеше елді қатарынан төңкеріп кетті. Мысыр, Тунис, Ливия мен Йемендегі авторитарлық режим нөпірдің екпініне шыдай алмай бірден құлады. Тек Сирияда ғана Башар Асад мейілінше қарсылық көрсетіп бағуда. Бахрейн, Йордания, Алжир, Марокко, Кувейт секілді тағы бірнеше елде ереуілдер болды. Ал әдепкіде наразылық шараларының бәрі бейбіт түрде басталған еді.

Бұл сценарий Украинада да көрініс тапты. Оларды тізе бүктіру тіпті де оңай болды. Өйткені, тілі мен діні бір араб елдеріне қарағанда мұнда бір-бірін алқымнан ала кетуге әзір екі топ дайын тұрған еді.

Қорқау тәбетті алпауыт елдер Қазақстанды да тұтастай жұтып жіберуге қауқарлы. Дегенмен, дәстүрлі сценарий дәл сол күйінде біздің елде іске аспауы да мүмкін. Өйткені, Қазақстанда қазіргі билікке альтернатива болатын нақты күш жоқ. Халық көтерілем десе де, кімге ерерін білмейді. Бірақ, бұған малданып отыра беруге болмайды.

Жау жоқ деме — жар астында

Блог - Marco: Араб көктемінің елесі

Мәселен, діни радикалдардар. Ақтөбе мен Атыраудағы жарылыстар, Кеңқияқ қырғыны және Іле-Алатау қорығындағы оқиғаларды еске алыңыз. Елдің батысында жұрт хиджаб киген әйелді алыстан айналып өтетін деңгейге жетті. Сәл тыныштық орнағандай болып еді, бір топ жезқазғандықтың Сириядан шыға келуі, тыныштықтың алдамшы екенін айғақтады.

Қазақтың дәстүрлі трайбализмін де ұмытпау керек. Үш жүздің арасында астыртын бәсеке бар екенін ашық айтпасақ та, ішіміз сезеді. Өзге жүзден болғаны үшін елдің беделді газетіне жұмысқа тұра алмаған жігітті де танимын. (Осындай кезде жүзге кірмейтініме қуанамын).

Қазақ руға бөлініп, қырықпышақ болады дегенге сенгіңіз келмесе де, келесі проблеманың кез-келген шаңырақты шайқалтуға жететін күші бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Бұл – елдің ментальды деңгейдегі алауыздығы. Біздің халық орыс тілді мен қазақ тілді болып бірін-бірі түсінуден қалғалы қашан. Тілін түсініп тұрса да, айтқанын ұққысы келмейтін деңгейге жеттік. Ел ағалары толеранттық туралы кеңірдегі жыртылғанша жырласа да, ел ішінде от берсе лап ете түсетін топтар жеткілікті. Басқасын былай қойғанда, қоғамдық пікірді қалыптастыруға тиісті журналистердің өзі «ұлттық құндылықты» желеу етіп, ұлтараздықты тудыруға бейім. Эфирде немесе газетте емес, интернетте.

Девальвациядан кейін Алматыда ұйымдастырылған шеру, қызық үшін болса да, халықтың жиналуға кет әрі еместігін көрсетті. Ал, нөпір бар жерде тәртіпсіздіктер туғызу түк қиын еместігін Жаңаөзен мен Алматыдағы «Прайм плаза» оқиғалары дәлелдеп берді.

Ауруын жасырған өледі

Блог - Marco: Араб көктемінің елесі

Бұл көктемде аяқ астынан үкіметтің ауысуы шынымен ойлантты. Жоқ, Ахметов кабинетінің отставкаға кететін инсайдерлерден естіп жүрдім. Бірақ, ол кемі мамырда болуы керек еді. Неге асықты?

Кәрім Мәсімовты тағы да таныстырған Президент «мықты дағдарыс менеджері» екенін атап өтті. Үміт артқан Қашағанның қисаңдап қалғанын ескерсек, шынымен де қиын кезең жақындаған сияқты. Бұл ел ішінде наразылық тудыруы әбден ықтимал. Ал оны өз мақсатына пайдаланып кетуге мүдделі топтардың іште болмаса да, сыртта торып отырғаны анық.

Біздің қазақ көнбіс. Шындап келгенде тіпті дархан халық. Егер, ел ағалары жағдайды дұрыс түсіндіріп, қай жерден қандай қауіп төнгенін анық айтып берсе, жүкті жұмыла көтеруге де дайын. Тек, алдамаса екен.
Бөлісу:

19 пікір

Arys_arlany
Саясатпен сен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады. Діннің саясиланып кетуі алаңдатарлық, келеңсіз оқиғалардың да орын алғаны жасырын емес. Бірақ, кейбір дерек көздеріне сенсек, бұл уақиғалардың да белгілі бір сценарилермен жүзеге асқанын айтады. Онда бізге қауіп қайдан?
Қазақтың дәстүрлі трайбализмін де ұмытпау керек.
Осы трайбализм түбімізге жетпесе… Руға бөлінушілік біздің ұлттың ең жанды жері. Оны уақытында орыс агрессорлары тиімді пайдалана білді. Яғни, солтүстіктегі көршіміз «осы кемшілікті әлі күнге шейін» бармақтарына бүгіп ұстанып отыр. Қазаққа қауіп діни радикалдан келеді дегенге сенгім келмейді. Бірақ, трайбализм түбіне жетуі мүмкін. Ол туралы күнделікті тіршілікте көргендерім жеткілікті, естігенімді айтпай-ақ қояйын. Әлгі Қабатаов айтатынындай "Қарағым қай ел болдың?" деген қарапайым сұрақтан үлкен проблема туып кетуі әп-сәтте… Жазба ой саларлық.
Marco
Орыс пайдаланды дейсіз, Шоң би жайлы бір кітаптан оқығаным еске түсіп отыр. Очм, Шоң би мен әлдебір төре жайлауға таласып, соғысуға жиналады. Шоң екі есе аз әскер шығарады. Бірақ жеңеді. Қалай? Очм, соғысқа арғын мен қыпшақтың рулары ғой жиналатын. Сол төбелес енді қызып жатқанда, біреу шауып келеді де "Әй бәленше рудың жігіттері, сенің малыңды бәленше барымталап бара жатыр" деп айқайлады. Ана рудың естігіне жігіттері майдан алаңын тастап тайып отырады. Бір-екі рудың жігіттері, олар енді кемі он адамнан ғой, сытылып қашып жатқанда, басқалар қатарымыз шетінеді деген оймен қорқып қаша бастайды. Міне, тактитка.
Arys_arlany
«Бөліп алда билей бер» бер дегенді білетін боларсыз. Орыстар қазақты бірден тұтастай жаулап алған жоқ, бөліп алып, жаулады
zholantai
«Зима близко» дегендей әсерде қалдыратын жазба
Қазіргі ауанда Мәсімовтың келгенін іштей құптадым. Әлеуметтік желілердегі Мәсімовке қатысты негатив пікірлердің түпкі төркінінен "үкіметті неге қазақ басқармайды" дегенге келіп саятын күндестік пен қызғаныш байқалды. Ал, бұл адамның кәсібилігі мен жеке басын шатастыру. Алдыңғы министрлер кабинеті мықты болса, орнынан алмайтын еді. Демек, әлсіздік танытқаны.
Жазба үшін рахмет. Күтілді. Керектен саясат туралы оқу да приятно))
Соңғы түзету:
Marco
Мәсімов миығынан күліп қойып қарық қылатын мықты менеджер дейді ғой білетіндер. Бірдеңе болатыны анық сияқты. Мысалға мына постқа қоспаған біраз мәселе бар. Айталық, қауесет таратқандары он екі жылға қамау мен төтенше жағдай кезінде БАҚ жұмысын қадағалау туралы естідіңіздер ме? Бұл жай цензура емес. Бұл әлдененің алдын алу.
zholantai
Бұл әлдененің алдын алу.
хоррор ескерту))

иә, естіген соң, БАҚ-тан кетіп, мүлдем басқа салаға кету туралы да ойлар пайда болды,
Соңғы уақытта көңілде алаң бар,
zholantai
айтпақЧ, тақырыпты алмастырса қатып кетер ме еді, бірдеңкенің елесі деп қоюды жаратпайм. ИМХО
Marco
Араб көктемінің салқыны деп атағам әуелі. Соңғы мәмент өзгертіп жібердім.
aza
Ауыр артиллерия… Күнделікті кәкір-шүкірден гөрі алысқа құлаш сермеді ғо біздің бала, ә?! Бәсеее… ҚҰРМЕТ!
bizbike
Мықты, айтатыны жоқ! Тек алдамаса екен, расымен де.
Marco
Коллаждарым туралы дизайнерлер не дер екен? (Соңғы суретті ұрлап алдым бірақ)
JAKO
Иә, ойланарлықтай жағдайдамыз, «Керекинфо» келбеті өзге қырынан көрініс бере бастағаны қуантты.
temir1986
Бізде ештеңеде болмайды, алаңдамаңдар. Дым алаңдамаңдар. Мәсімов келеме басқасы келеме осы бағытпен кеткенің кеткен. Араб-сарабтың ықпалы жүрмейді бізге. Трайбализм бе, шежіре жазғыш 10 шалды атып тастасын, күллі қазақ руын ұмытып қалсын. Ұлтшылдық па? Қайдағыны айтады екенсіңдер! Мен интернеттен басқа жерде ұлтшыл көргем жоқ, ал интернеттегі ұлтшылдық ол елес қана. Ойбай Темір86 үйінде домовой бар екен деген тәрізді. Үш жүз туралы даума ондада манағы тәсілді қолдансаң болды. Толеранттылық — о міне айтуға болады. Оны сақтаймыз! Ши шығарса орыстың кемпір шалдары шығару мүмкін. оларға норма жеңілдік жасап қоя салайық. Суық өңірде тұратынын, жалғызбасты екенін ескеріп зейнетақысын екі есе көбейтсек, тіл — ұлт мәселесінен таза құтыламыз.
RaimbekRamazanov
"Қайдағыны айтады екенсіңдер! Мен интернеттен басқа жерде ұлтшыл көргем жоқ, ал интернеттегі ұлтшылдық ол елес қана."

Интернетке, интернеттегі болып жатырған жағдайларға көңіл аудармауға болмайды. XXI ғасырда ғаламтордың күші ғаламат. Дәстүрлі БАҚ-көзіненде басымдыққа ие болып келеді. Интернетке бақылау орнату оңай іс емес-ау. Көріп отырғанымыздай көрші мемлекеттердегі төңкерістерге әлеуметтік желілердің тигізген әсері аз емес деп ойлаймын.
Соңғы түзету:
temir1986
Сен «интернет» арқылы төңкеріс жасаған елдер мен біздің елді салыстырып қара. Олардың халық саны қанша, тығыздығы қанша, саяси сауаты қанша, экономикалық жағдайы және ең бастысы олардың белсенділігі қанша? Енді осыларды өз айналаңнан іздеп көр. Не таптың? Ештеңе де! Қорқатын ештеңе жоқ. Асып кеткенде қатын өсек қана.
Gastarbaiter
Айтылған мәселелердің кейбіріне ғасырлар толса, кейбіріне жиырма жылдан асады. Үмітсіз шайтан деген, бұларды, әсіресе «жар астындағы жауларды» реттеуге қауқары жететін жылдап қалыптасқан, барынша шыңдалған оперативті әрі нәтижелі құралдар мен механизмдер барына кәміл сенемін. Әрине, сырттағы жаудың тактикасы күрделеніп, тапсырмасына төленетін капитал күрт өсіп кетіп, жағдайды қиындатып жіберу қауіпі ешқайда кетпейтіні де анық.
Жалпы 2009-шы жылдан-ақ аз-мұз «беделім бар, күшім бар, ақшам бар, адамдарым бар» деген үлкенді-кішілі топтардың мобилизациясын байқап едім, аттап-аттап, айқайға салып билікке қол созу ендігі сәннен қалғанын түсініп, жоспарлы және байсалды мәнерде билік тұтқасына не билік аясындағы амбицияларына аяқтың ұшымен, абайлап, ептеп, асқан ұқыптылықпен қадам басу қарқын ала түскен еді. Биыл ондай тенденция біртүрлі аса қатты білінетін секілді.
Қалай болғанда да, тек биліктің негізгі орындығын ғана емес, қосымша орындықтарын да өзіне әлден икемдеп жатқандар барына кәміл сенемін. Олардың осы мәселелерді ерекше назарына алатынына да сенгім келеді.