Елорда жастары Президент Жолдауын талқылады

Елордалық Достық үйінде «Заманауи жастар: келешек және сын-тегеуріндер» тақырыбында жастар пікір таластырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын талқылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Шараға Қазақстан Ассамблеясының Нұр-Сұлтан қалалық хатшылығы, этномәдени бірлестік өкілдері мен жастар қатысты.

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жаңғыру жолы» РЖҚ штабының төрайымы Анастасия Тимощенко-Боровикова Жолдаудағы жастарға тікелей қатысы бар міндеттерге тоқталып өтті.

«ҚР Президентінің Жолдауында айтылған ел жастарының алдында тұрған мәселелер мен міндеттерді нақты айқындау үшін біз этномәдени бірлестіктердегі жастар арасында сауалнама жүргізіп, терең талдауды қажет ететін өзекті мәселелерді анықтадық. Оларды «ҚР Президенті Жолдауы аясында жастарға берілетін мүмкіндіктер», «Шағын және орта бизнес: қиындықтар мен даму мүмкіндіктері», «Мемлекеттік тіл – заманауи мемлекеттің бірлігінің негізі», «Президенттік кадрлық резерв – ел жастары үшін тиімді әлеуметтік лифт» деп топтастырып қарауға болады»,-дейді ол.
Жастар Мемлекет басшысы Жолдауында аталған жастар үшін қарастырылған мүмкіндіктер туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, оларға Мемлекеттік басқару академиясына түсу емтихандары туралы толық ақпарат берілді.
Пікірталасқа арнайы қонақ ретінде Гиннестің рекордтар кітабына бірнеше рет еніп, қазақ палуандарының дәстүрін жалғап жүрген Сергей Цырульников те келді. Оның айтуынша, Президент Жолдауында еліміздің тұрақты дамуы үшін қажетті міндеттер мен шаралардың бәрі қамтылған.
Өзінің табысқа жету жолы туралы әңгімелеген палуан, жастарға еш қиындыққа мойымай, тек алға жылжу керектігін айтты.
Пікірталас спикері Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Бекнұр Молдатай, беларусьтық «Радима» қоғамдық ұйымы жастар қанатының мүшесі Светлана Тарасова, «Акбузат» башқұрт этномәдени бірлестігі жастар қанатының көшбасшысы Закир Бикмухаметов болды.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше