Түркияда демалу туралы 8 нәрсе

Түркия — жазғы демалыс үшін идеал жер. Әсіресе Жерорта теңізіндегі курорттары отбасылық демалыс үшін баға және сапа жағынан қолайлы.

Демалысқа шықпастан бұрын кей нәрселерге алдын ала дайындалып, ақпараттанған жөн.

Қалай барамыз?
Ең алдымен туристік агенттікті дұрыс таңдау қажет. Тур операторымен, чартерлермен, қонақүйдегі орынмен мәселелер туындамауы үшін күмәнді агенттерден гөрі сәл қымбат болса да, үлкен офисі, бірнеше филиалы бар ірі фирманы таңдаған жөн. Олардың тур қызметіне ұшақ билеті, отельге дейін және кейінгі трансфер, медициналық сақтандыру, отельдегі демалыс (түнеу, тамақ, басқа да тегін қызметтер) кіреді.
Егер өзім барамын десеңіз, арзан ұшақ іздейсіз, әуежайдан таксиге мінесіз, қонақүйлерден бос орын іздейсіз. Бәрібір шығын болады.

Қалай таңдаймыз?
Алдымен баратын адам санына қарап бюджетіңізді нақтылаңыз. Сол ақшаға қарай туристік агенттіктің сайтынан өз бетіңізбен іздеп көріңіз немесе офистеріне барып, бірге қараңыз. Егер балалармен баратын болсаңыз отельдің 1-линияда болғаны дұрыс. Ол теңіз жағасында деген сөз. Егер жолдың арғы бетіндегі отельді таңдасаңыз, бағасы арзан боулы мүмкін, бірақ теңізге тунель немесе басқа жол арқылы барасыз. Ал 1-линиядағылар бірден теңізге шығады және пляжға жақын отель барынан сусын, ішімдік ала алады.
Түркияда тамақ қымбат. Сондықтан AI (All Inclusive) алған дұрыс. Бұған 24 сағат ішімдік-сусын және 5 мезгіл тамақ кіреді.
Күндіз күн ыстық болатын болғандықтан, теңізге түспей адамдар көбіне бассейн маңын паналайды. Сондықтан егер отель 1-линияда болмаса, бассейні болуын қараңыз.

Не апару керек?
Демалысқа аса ауыр сөмкемен шықпаған дұрыс. Сондықтан фен, шампунь, сабын, сүлгі сияқты заттарды алмасаңыз да болады. оның бәрі онсыз да бар. Күннен қорғану кремін алу керек. Суға түсетін киімдерді де ала шыққан дұрыс. Түркияда бұның бәрі қымбат. Темекі шегетін болсаңыз, 1 блок ала кеткен дұрыс. Темекі де қымбат екенін айта кеткен жөн. Гигиеналық құралдар, презерватив, балалардың жөргектерін де алған дұрыс.

Тіл білу керек пе?
Түркияда туризм саласында қызмет ететіндердің көпшілігі ағылшын тілін біледі және орыс тілін де үйреніп болған. Сондықтан еш жерде қиналмайсыз. Ал күнделікті жиі қолданатын сөздерді алдын ала үйреніп алсаңыз, жергілікті халық бұны бағалайды, құрметпен қарайтын болады ;)

Теңізден бөлек не бар?
1 аптаға келетін болсаңыз, күні бойы отельде жатып алмайтын боларсыз? Экшн керек болса су спорт түрлері бар. Мысалы гидроцикл, су парашюті, дайвинг, рафтинг сияқты. Одан бөлек яхта турларына шығуға болады. Тауға-тасқа, өзен-көлге, балық аулауға, пикникке, тарихи орындарға экскурсияларға шығуға болады. Шоппинг жасау үшін кешкі астан кейін күн батқанда шығасыз. Нағыз сауда кешке басталады. Көшеде түрлі экскурсия да сатып алуыңызға болады. Ертеңіне өздері келіп алып кетеді, әкеліп тастайды.

Не ішеміз, не жейміз?
Отельде бәрі тегін, бірақ бәрі сапалы емес әлбетте. Тегін болғандықтан көп нәрсенің арзанын алады. Бірақ мақсат тамақ жеу емес, демалу екенін ескерсек бұл кемшілікке көз жұмуға болады. Күн ыстықта түрік сырасы жақсы, кешкі уақытта түрік ракысының дәмін көріңіз. Шәйдің түрі көп болғанымен, нағыз қара түрік шәйімен түрік тәттілері жақсы кетеді. Лахмаджун, пиде, гөзлеме сияқты ұлттық тағамдарын түрік айранымен жеген дұрыс. Жалпы жергілікті сусындарды рекомендеймін. Бірден айта кетейін: виски мен шараптары нашар. Көшеден міндетті түрде апельсин шырынын ішіңіз. 1 долларға 3 апельсиннен 1 стакан сок шығарып береді.

Естелікке не аламыз?
Соңғы жылдары Түркиядағы экономикалық кризис және салықтардың өсуіне байланысты көп нәрсе қымбат. Киім-кешек қымбат және сапасыз. Сондықтан естелікке сувенир магниттер, көз-моншақтар, әмияндар алуға болады. Достарыңызға сыйлыққа рахат-лукум тәттілерін алсаңыз болады. Олар өте дәмді және арзан. Тері немесе басқа киім алу үшін Истанбулға барған дұрыс. Антальяда бірнеше есе қымбат.

Қанша кетеді?
Егер «ыстық тур» күтпей, алдын ала жоспарлайтын болсаңыз, адам басына 250-350 мың теңге болады жақсы демалыс құны. Бұған әлбетте бәрі кіреді. Одан бөлек қыдыруға, сувенирлерге 100 мыңдай қиясыз. Бірақ әрине 1 жылдық энергия алуыңызға жетеді мұндай демалыс. Сондықтан шама шарқыңызша бюджетіңізді есептейсіз.


Бөлісу:

1 пікір

patick
Рахмет. Керек ақпарат екен. Менде де ойланып жүрмін.