ҚЫСҚА мойынды ҰЗАРТЫП көрсету үшін қандай АЛҚА таққан дұрыс?

Сіз мойныңызға алқаны қандай мақсатта тағасыз? Сән үшін бе, әлде кемшілігіңізді жасыру, я болмаса жұрттың назарын алқаға аудару… Мейлі, қандай мақсатта тақсаңыз да оны сауатты үйлестіре білсеңіз болғаны.

Есімі Гиннесс рекордтар кітабына енген, әлемдегі ең табысты әйел-әнші Мадоннаның «1 метр матадан әдемі көйлек тігіп киюге де, оны еден жуатын шүберекке айналдыруға да болады» деген сөзі бар. Дәл сол сияқты таққан бір ғана алқаңыз көркіңізге көрік қосуы да, керісінше сұлулығыңызға сын келтіруі де мүмкін. Бұл үшін алқа тағудың өзіндік ережесін білгеніңіз жөн.

АЛҚА ДА КИІМ СИЯҚТЫ...

1.Алқа киім секілді, мерекеге, маңызды кездесулерге, кеңсеге, күнделікті, той-томалаққа арналған боп бөлінеді. Күнделікті және кеңсеге арналған киімдердің мойыны көбінесе «О», «V» образды болып келеді. Мұндай киіммен нәзік алқа таққан дұрыс. Киімнің мойны квадрат пішінінде ойылған болса, кулоны бар алқа тағу керек.
2. Алқа макияж сияқты, күздік, қысқы, көктемде тағатын, жаздық болып бөлінеді. Алқаны киген киімнің материалына сай тағу керек. Қалың киіммен былғарыдан жасалған алқа тағылса, ал жұқа, жеңіл киімге мейлінше нәзік тағыншақ дұрыс.
3. Алқа жас талғайды. Жас ұлғайған сайын тағыншақтардың санын да, көлемін де кеміту керек.
4. «Салмақты-жеңілтек» ережесі. Киіміңіз неғұрлым ашық-шашық болса, нәзік, алыстан менмұндаламайтын алқа таққан жөн. Ал, бөксеңіз бен көкірегіңізді жасырып тұратын салмақты киіммен (мысалы кең көйлек т.б.) «айқайлап» тұратын алқа үйлесім табады. Сол секілді егер көйлегіңіздің мойны терең ойық болса, онда нәзік, ал жағалы киіммен ұзын да жуан баулы алқа тағу қажет.
5. «Ұзын-қысқа» ережесі. Көйлектің мойны неғұрлым ойық, ашық болса, мойынға жабысып тұратын алқа, ал моны жабық (мысалы водолазка) киіммен ұзын алқа таққан дұрыс. Сондай-ақ, ұзын мойынға қысқа алқа, ал қысқа мойынды ұзартып көрсету үшін ұзын алқа таққан абзал.
6. «Киім түсіне қарай таңдау» ережесі. Егер киім бір түсті болса, түрлі-түсті тастардан безендірілген алқа, ал киім бірнеше түстен құралса, онда бір түсті алқа тағу керек.
7. Алқа сырға мен жүзікпен жарасым табуы тиіс. Бижутерия мен зергерлік бұйымды, алтын мен күмісті бірге тағуға болмайды.

ӘЙЕЛДЕРДІҢ АЛҚА ТАҒУЫ ҚАЛАЙ БАСТАЛҒАН?

«Отбасы хрестоматиясы» кітабында алқа тағудың қалай бастау алғаны туралы жазылған. Онда былай делінеді:
«Сүлеймен Былқыс патшаның атағын естіп, оны көрмекке ынтық болады. Оған: «Бір Жаратушының атымен бастаймын. Маған келіп, қонақ болып, сән-салтанатымды көр» деп хат жазады. Хатқа мөр басып, оны бәбісекке береді де:
– Мына хатты жылдам Былқыс патшаға жеткіз! — деп бұйырады. Бәбісек хатты тістеп ханшайымның ордасына кірсе, ол ұйықтап жатыр екен. Ол түндіктен кіріп, хатты оның бас жағына қояды. Қыз оянбайды. Болмаған соң қыздың көкірегінен шоқып оятады. Былқыс хатты оқып, Сүлейменнің шақыруын қабыл алады. Бәбісектің шоқыған жері Былқыстың көкірегінде тыртық боп қалып қояды. Ол қорқып кетіп:
– Уа, Алла, мен Былқысты оятпақшы болып, оның көкірегін жаралап алдым. Бұл жайды Сүлеймен патша білсе, мені өлтіреді. Мені құтқара гөр, — деп Тәңірге жалбарынады. Сол кезде Жебірейіл періште пейіштен дүр гауһармен өрнектелген алқа әкеліп, ханшайымның мойнына тағыпты. Былқыс сол заматта хор қызынан кем түспейтін аппақ аруға айналады. Сарайдағы қыз-келіншектер оның алқасын көріп есінен танады. Олар да ханшайымға еліктеп, асыл тастардан алқа жасатып, мойындарына таға бастайды. Содан бастап әйелдердің алқа тағуы сәнге айналған екен».

Жазира СМАҒҰЛОВА, ERNUR.KZ
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше