«Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында бір жылда 450 млн-нан астам теңге үнемделген

«Астана – адалдық алаңы» жобасының басшысы Жазира Жылқышиева қаладағы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың деңгейін айтарлықтай төмендетуге ықпал еткен жоба кеңсесінің қолға алған шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Жобалық кеңсе енгізген жаңашылдықтардың бірі – Сарыарқа ауданы әкімдігімен бірлесіп, «Open space» технологиясын енгізу арқылы жоба кеңсесі мен азаматтар арасындағы қарым-қатынасты орнату форматын өзгерту. Бұл технология тұрғындардың кабинеттерді араламай-ақ, тез арада сапалы қызмет алуына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жобалық кеңсе алғашқы медициналы-санитарлық көмек көрсету орталықтарын азаматтар үшін ыңғайлы етуді қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізді.

«Жаңғырту жұмыстары барлық бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталықтарында жүргізілді. Жаңғырту қаржы шығыстарын оңтайландыру аясында жүрді. Оның нәтижелері бойынша барлық емханаларында қосалқы қызмет аутсорсингтерге берілді, соның арқасында жылына шамамен 300 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік берді», — деді Жазира Жылқышиева.

Үнемделген қаражат есебінен емханаларға сандық ақпараттық дүңгіршектер, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін навигация жүйесі, балалар алаңы, бірыңғай брендбук, ресепшндер, суы бар диспенсерлер орнатылып, ең бастысы – ішкі құжаттар мен пациенттердің амбулаторлық карталары цифрландырылды.

Сонымен қатар, Жылқышиеваның айтуынша жобаның қамқорлығымен ведомстволық бағыныстағы мекемелерді оңтайландыру жүргізілді. Мысалы, балалар үйінің әкімшіліктері және № 54 мектеп-лицей шығыстарды оңтайландыру нәтижесінде 150 млн теңгені үнемдеді. Үнемделген қаржы есебінен оқушылар үшін жаңа заманауи кабинеттерді ашуға, мекеме қызметкерлеріне үстеме ақы белгілеуге мүмкіндік берді.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше