Онлайн-форум қорытындысы: Елорда тұрғындарын не толғандырады

E.gov.kz электронды үкімет порталында Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың қатысуымен өткен интернет-конференция қорытындыланды, деп xабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


 Онлайн-форум барысында қатысушылар келесі мәселелерді талқылады: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бойынша қабылданған шаралар», «Мемлекеттiк қызметкерлердiң жалпыға бірдей моральдық-этикалық нормаларын сақтауы», «Құрылыс индустриясын дамыту және Астана қаласының архитектуралық келбеті», «Жолаушылар тасымалы мәселелері мен автокөлік жолдарының жай-күйі», сондай-ақ «Жергiлiктi бюджет пен елорданың коммуналдық меншiгі».


Қала тұрғындары «Абу Даби Плаза» көпфункционалды кешені құрылысының аяқталуы, аумақтарды көгалдандыру, «жылы аялдамаларды» орнату, нөсерлі кәріз желісін жаңғырту, жылдам тамақтану дүңгіршектерін орналастырудың заңдылығы мәселелеріне қызығушылық танытты.


Форумға қатысу e.gov.kz порталына (электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы «Ашық диалог» – интернет-конференциялар бөлімі) өту арқылы мүмкін болды.


Келіп түскен өтініштерді талдау барысында төмендегі мәселелерді айрықша атап өтуге болады. Көлік және жол инфрақұрылымы бойынша — 19, құрылыс және тұрғын үй — 10, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы — 3, кәсіпкерлік — 3, Астана әкімдігінің қоғаммен байланысы — 3, сәулет және жер қатынастары — 3, мәдениет — 3, денсаулық сақтау — 1, экономика — 1, мемлекеттік қызмет бойынша – 1 сұрақ келіп түскен.


Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың қатысуымен өткен алғашқы интернет-конференция алты сағатқа созылды. Барлығы 47 сауал келіп түсті. Олардың барлығына мардымды жауап беріліп, мәселелердің мән-жайы түсіндірілді.


Бөлісу:

1 пікір