Астанада жаңадан біржақты қозғалыс жолдары пайда болады

Өзгеріс қаланың оң жағалауындағы үш көшеге енгізіледі, деп хабарлайды астана әкімдігінің ресми сайты Сарыарқа ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Біржақты қозғалыс Бұқарбай батыр көшесі бойынша Жеңіс даңғылынан Мәмбетов көшесіне дейін, Желтоқсан көшесі мен Кенесары көшесінен Ирченко көшесіне дейін, Ирченко көшесі мен Желтоқсан көшесінен Бұқарбай батыр көшесіне дейін болмақ. 


«Осы аталған көшелердегі жол-көлік оқиғаларының санын азайту, қауіпсіздік пен өткізу қабілетін ұлғайту үшін ЛРТ мамандары көше-жол желісіндегі жүктемені төмендету мақсатында жол қозғалысын оңтайландыру бойынша жұмыстар жүргізуді ұсынуда. Мұндай өзгерістер біздің ауданның үш учаскесіне тиесілі: Бұқарбай батыр көшесі бойынша Жеңіс даңғылынан Мәмбетов көшесіне дейін, Желтоқсан мен Кенесары көшесінен жағалауға дейін және сол жағалаудың бойындағы Желтоқсан көшесінен Бұқарбай батыр көшесіне дейін, Жеңіс-Бұқарбай батыр қиылысына бағдаршам орнатылмақ. Осы көшелердің жүктемесін азайтып, жаяу жүргіншілер жолында қауіпсіз бағдар құру үшін әсіресе балалардың амандығы үшін аталған учаскелерде біржақты қозғалыс енгізуді ұсынуда», — деп жазды Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек өзінің фейсбуктегі парақшасында.


Аталған өзгеріс көлік қозғалысын оңтайландыру бойынша жұмыстардың бір бөлігі және ол көше-жол желісіндегі жүктемені төмендету үшін енгізіледі, жаяу жүргіншілер жолын қауіпсіз ету, қарама қарсы ағындағы соқтығысып қалатын нүктелерді азайтудың арқасында ЖКО саны төмендейді, — деді ол.


Аудан әкімі көтерген осы мәселеге қатысу үшін қала тұрғындарын сенбі, 27 қазан күні сағат 10:00-де № 1 мектеп-лицейде өтетін қоғамдық тыңдауға шақырады.


Бөлісу:

1 пікір