"Ай мен Айша". Қыз бала шашын неге жерге тастамау керек?

Шерхан Мұртазаның шоқтығы биік туындыларының бірі — «Ай мен Айша» романы. Шығармадағы ананың кешкен күнінен сол заманғы қасіретті, қиындықты, әділетсіздікті көресіз. Көре отыра бір-бірін көре алмайтын аз-ақ қана қазақтың осы бір керітартпа қасиетіне нағлет айтасыз. Сол заманғы тұрмысты Айшаның күнделікті күйбелең тірлігі арқылы-ақ оқырманға жеткізе білген Шерхан Мұртазаның шерлі шығармасын оқымасаңыз, атаулы кітапты табуға асығыңыз. Тіпті болмаса, елден қалмай электронды нұсқадағы кітапты ақтарыңыз. Аймен сырласқан Айшаның өмірін көз алдыңызға елестете отыра, осы мақаланы бейбіт заманда оқып отырғаныңызға шүкіршілік айтарыңызға сенімдіміз. Осы бір шығарманың іші қызықты-қызықты қысқаша қазақ дәстүріне, тарихына, ырым-салттарына негізделген оқиғалармен толыққан. Айшаның толқындай қолаң шаштарының өзі осы туындының 4 бетін өзіне арнатыпты. Осы жолдардың қысқаша мазмұнын назарларыңызға ұсынамыз.

Мұртаза қайтыс болғаннан кейінгі Айша өзгелер үшін өн бойын өрнектемейтін болды. Жарының көзі тірісінде Әйнек әжей Айшаның шашын тарасып, бұрымын өріп, шолпысын тағып беретін. Соңғы жылдары Әжей де қартайыңқырап, Айшаның шашын бес күн тарап, он күн өретін заманға сағынышпен қарайтын болды. Жалғыз басты әйелге күнделікті күйбің тіршілік айна алдында сыланып отыруға мүмкіндік бермейді. Қораздың айқайынан оянып жаңа күнге, ескі қара жұмысқа кеткеннен кеш жарымда бірақ оралатын Айша ұзын қалың қара шашына қараудан қалды. Тілерсекке түскен қос бұрымға қызылшада жүріп тікен жабысып кейде тіпті киіздей болып сіресіп қалады. Бір күні жұмыстан ерте оралған Айша қара шашын жумаққа қамданып қара қазанға су ысытты. Үш баласы үш жақтан жабылып жүріп аналарының қолаң шашын тарқатып, бірі су құйып, бірі су жылытып, бірі жер сүйреген қара шашты ұстасып Айшаның қияметті жұмысын жұмыла бітірді. Мүйіз тұмсық тарақпен қалың шашты тарау да қиын жұмыс. Бір бұрымын Айша, екінші бұрымын қызы Құрмаш екі жақтап тарап жатып, қалың шашқа шыдас бермей мүйіз тарақтың тістері де бырт-бырт сынап жатыр. «Құдай маған осынша шаш бергенше, бармақтай бақ берсеші» деп өткен өкініштерін еске алып тараққа оралған өлі шашты шүйкелеп орап жатыр. Алақанда айналдырып, жерде бір шаш қалдырмай дөңгелеткен Айша бір уақытта босағаның маңына жарты сапты пышақпен шұқыр қазып, түйенің құмалағындай көлемді өзінің өлі шашын жерге көмді. Анасының бұл қылығын түсінбеген балалар, бұның сырын білмекке сұрақ қойды. Ал, Айшаның жауабы мынау:
— Менің сендерден де басқа балаларым бар ғой. Үшеуі де нәресте кетті. Құттыбай, Елтай, Сәткүлді айтам. Әйел баласы шашын беталды тастамас болар. Тарақтан түскен шаш әлдеқалай отқа күйсе, о дүниеде балалары шырылдайды дейді. Анасының шашының отқа күйген иісін танып қояды екен де: «Анамыз тозақ отына түсіп кетті-ау!» деп шыр айналып шырылдайды екен. Тозақ отына анасын құтқарып алмақ болып, өздері де сол тамұқ өртіне түсіп кете жаздайды екен. Қыз баласы шашты тараған сайын аяқ астында қалдырудан сақтанғаны дұрыс. Өлі шашты жинап алғаннан кейін, шашыңыздың өртенуінен барынша сақтанған дұрыс. Айшаның заманындағы нанымды бүгінгі тұрмыс еріксіз бұрмалары анық. Десек те, барынша шашты аяқ астында қалудан сақтаған дұрыс болар.

massaget.kz/layfstayl/debiet/proza/50329/
Massaget.kz сайтынан
Бөлісу:

2 пікір

asaubota
мәтін араларында абзацтарды ашып қойсаңыз, оқуға жеңіл болады. сосын соңына кітаптың электронды нұсқасына сілтеме қосып қойсаңыз да болады.
келесіде тақырыпқа сай сурет қойыңыз, Превью деген жерге. мына суретті мен қосып қойдым.
сәттілік тілеймін, жазарыңыз көп болсын!
assel_abdrazakova
Кеңесіңізге, тілегіңізге рахмет!