Халық шеберлеріне құрмет көрсетілді

Өткен аптаның демалыс күндері ҚР Ұлттық музейінде республикалық Қазақстан қолөнершілерінің «Шебер-2018» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болып өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Астанада жыл сайын Шебер байқауы өтіп тұрады, мақсаты – Қазақстанда қолөнер индустриясын дамыту, ұмыт болған халық қолөнерін қайта жаңғырту. Осы жылы байқауға 76 өтініш беріліп, 100-ден аса жұмыс ұсынылды. 27 шебер финалға өтті. Қолөнер туындысының көп бөлігін еліміздің әр аймағындағы шеберлер жасаған.


«Республикалық байқауға қатысу шеберлердің шығармашылығы мен туындысын дамытып, дәстүрлі мотивтің қатарына және қалыптасқан техника бойынша заманауи шешім мен жаңа қадам жасауға алып келеді. Шеберлердің арқасында біз негізгі мақсатымызға қол жеткіздік, ежелгі қолөнер түрін заманауи түрде дамытып, Қазақстандағы халық көркем қолөнерін қайта жаңғырттық», — деді ҚР қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлова. 


Байқауға келіп түскен жұмыстарды өнертанушылар, суретшілер, бизнес өкілдерінен құралған сарапшылар комиссиясы бағалады. Әділқазылар құрамының арасында Германиядан келген халықаралық зергер Мартин Демпф те бар. Шеберлерге 7 номинация бойынша марапаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Ал ең басты марапат «Хас шебер – 2018» күміс медалін — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Суретшілер одағының мүшесі, музыкалық аспаптар дайындау бойынша мектептің авторы Жолаушы Тұрдығұлов жеңіп алды. Ол оның 6-шы марапаты.


Сонымен қатар, басқа да жеңімпаздар Таиландта өтетін халықаралық World Ikat Textiles Symposium – 2018 фестиваліне қатысатын жолдама алды.


Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше