Астананың әрбір екінші тұрғыны бизнеспен айналысады

Астана кәсіпкерлер қаласына айналып келеді. Қала экономикасының жартысынан астамы шағын және орта бизнестің (ШОБ) есебінен қалыптасуда. Бұл туралы брифингте инвестиция және кәсіпкерлерді қолдау басқармасының басшысы Әлішер Абдықадыров айтты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


«Бүгінде Астана кәсіпкерлер қаласына айналды деп сенімді түрде айтуға болады. Мұнда экономиканың жартысынан көбісі бірінші кезекте шағын және орта бизнес есебінен қалыптасуда, яғни астананың аймақтық жалпы ішкі өнімінде оның үлесі 54,4 %. Бұл еліміз бойынша үлкен көрсеткіш. Соңғы сегіз жылда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны бес есеге өсті», — деді Ә. Абдықадыров.


Спикердің айтуынша, бүгінде әрбір екінші астаналық ШОБ саласында жүр. Мұның өзі Астананың Қазақстандағы ең басты жұмыс беруші қалаға айналғанын білдіреді. Халықтың үштен екі бөлігі экономикада белсенді, ал бұл 65 % тұрғынның — бизнеспен айналысатынын көрсетеді.


Айта кетейік, 2017 жылы Астана бизнесті оңай жүргізу бойынша рейтингте бірінші орынға шыққан болатын.


«Бизнесті барынша кең қолдауды қамтамасыз ету үшін біз тұрғындар мен кәсіпкерлерге, инвесторларға «бір терезе» қағидасы бойынша қайтарымсыз негізде барлығы бір жерге шоғырландырылған Қалалық қызмет көрсету орталығын құрмақшымыз. Біз бұл шараның қалада бизнесті  одан ары  оңтайлы етуге септігін тигізеді деп күтіп отырмыз», — деп сендірді Ә. Абдықадыров. 


Бүгінде қалада 111 мыңнан аса кәсіпкер субъектісі тіркелген болса, олардың басым көпшілігі шағын және орта бизнестің өкілдері.


Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше