Өмір – өзен

Өмір зырғып ағып өтіп жатыр. Өмір-өзен ағады, әттең, өткен күн қайта оралмас. Бұл ағыста, менің жаным қай жағада қалады? Арманға жетер жол да барады алыстап. Маған берілген мүмкіндік, өмір сүруге берілген мүмкіндік ойламаған жерден бітіп қалары анық. Ойлап қарашы, кез келген сәтте бәрі де бітеді. Болды. Бітеді және қайта оралмайды, келмейді, басқа мүмкіндік берілмейді.
Сонда осы бітіп қалатын не нәрсе? Бұл уақыт болар? Зымырап бара жатқан уақыт. Ойға батам. Уақыт жылдам, ой, неткен? Қайда асығады? Мен үлгермей жатырмын. Өмірде көретін, сезінетін әлі қаншама нәрсе бар, бірақ уақыт жетпейді. Уақытты тоқтату немесе қайтару туралы, тіпті өткенге яки болашаққа жол тарту жайлы ешқандай да кеңес әлде бір құпия жол туралы еш жерде айтылмаған. Бұл бір жұмбақ.
Енді не істеу керек? Оны қайтара алмаймыз немесе 10 жыл тастап болашаққа кетіп қала алмаймыз. Бұл біздің билігімізде емес, біз уақытты өзгерте алмаймыз, қолымыздан келетіні тек өзімізді, өз ойымыз бен көзқарасамызды, шешіміміз бен әрекетімізді өзгерту ғана. Яғни біз тек осы шақта ғана өмір сүре аламыз.
Өмір деген ол уақыт, кеңістіктегі қозғалыс. Басқаша айтқанда, өмір тек қана уақыттың өтуі емес, оған қоса ол қозғалыс. Себебі, сен еш қимылсыз бір орында тұрсаң да, уақыт өтіп бара жатыр. Оған ілесу үшін саған да қозғалу керек, өмір сүру керек.
Ал өмір сүру дегенді әркім әр қалай түсінеді. Заманы өтіп бара жатқандықтан, біреулер тезірек отбасы құрып, бала сүюді қалайды. Басқалары, өзінің тұлға ретінде дамуы үшін бар уақыты мен күшін алуан түрлі шебер-класстарға, тренингтарға, үйірмелер мен саяхатқа жұмсайды. Немесе өз шығармашылығына ең көп мән бөледі. Бұл зерттеу жасау, кітап,өлең не ән жазу, музыкамен айналысу, билеу, спорт немесе аспаздық салаларында білім нәрімен сусындап, соны қолдану және шыңдау үшін өмірін арнау дегенді білдіреді деп ойлаймын.
Жалпы, даналардың, ақылшылар мен кеңес берушілердің, оған қоса психологтардың айтуы бойынша, қандай жағдай болса да өкінбеу керек дейді. Өйткені, оған жұмсалатын қуат пен уақытты өзіңе не өзгеге пайда әкелетін іске арнауға болады. Яғни уақытты босқа құртпауға тырысу керек. Шынында да негативті эмоция мен іс-әрекетке кеткен уақыт өзін ақтамайды, керісінше одан бетер күйзеліске түсіреді. Басқаша сөзбен жеткізсем, бұл бізді төменге сүйрейді, ал біздің өмірдегі қозғалысымыздың бағыты жоғарыға қарай көзделген болса, биікке жетуді діттеген болса және соған тырмысып, талпынып, тырыссақ бұл уақыт пен қозғалысқа кеткен қуаттың бекер емес екенін, оның арнайы бағыты мен мақсаты бар екенін білдіреді. Бұл біздің өмірімізге мән беретін секілді.
Адамдардың ойына жиі оралатын сұрақтардың бірі “Өмірдің мәні неде?” деген сауал болса керек. Мен осы сұрақтың жауабын дәл қазір түсінген сияқтымын. Өмірдің мәні берілген мүмкіндік пен уақытты жоғалтпау, қайта соның жетегінде мақсатқа жету үшін қозғалу, талпыну, бір орында тоқтап қалмау.
Дегенмен, өмірде болып жатқан жайттардың көбісі біздің құштарлығымыз бен күшімізді, жанарымызда жалындаған от пен жүректегі қайсарлықты, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік пен махаббатты жойып жіберердей. Дәл осы сәтте көптеген адамдар сол тоқтаған жерінде қалып қойып жатады. Алға қарай жылжуға итермелейтін күш таппайды немесе мұның ешқандай да мәні жоқ деп ойлайды. Егер де осы жандар, олар еш қозғалыссыз тұрғанда бір –ақ рет берілетін өмірі мен уақыты өтіп бара жатқанын түсінсе, келешекке қарай ұмтылуға құлшынысы пайда болар еді деп ойлаймын.
Осы тұста, уақыттың еш тоқтаусыз кетіп бара жатқанына байланысыты менің де әлі де сөнбеуге хақым бар-ау, қайта жарқырауға уақытым бар-ау деген сұрақ жүрегімде ұялады. Аталған сұрақтың жауабын іздеу мақсатында жазуымды осы жерде тоқтатайын…
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше