Астанада 44 емхана азаматтарды тіркеуге дайын
15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін елімізде емханаға тіркелу науқаны басталады. Жыл сайынғы дәстүрлі кампания екі айға созылады. Тіркелу науқаны шеңберінде қазақстандықтар, ҚР аумағында тұрғылықты тұратын шетел азаматтары және азаматтығы жоқ тұлғалар емхананы еркін таңдау құқығын пайдалана алады. Қазақстан астанасының қарқынды дамуының арқасында қала халқының өсімі жыл сайын артуда.
«Астанада алдыңғы жылғы тіркеу науқанының қорытындысы бойынша 1 034 млн адам емханаға тіркелді. Медициналық қызметті жеткізушілердің 16-сының мемлекеттік жекеменшік формасы бар, 15 МЖӘ және жекеменшік мекеме», — деді «ӘМСҚ» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Н. Қабдықапаров.
Астана қаласы бойынша бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 44 денсаулық сақтау субъектісі тұрғындарды тіркеуге дайын. Оның ішінде 13 жекеменшік емхана әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт бекітуге дайын. Астана қаласы тұрғындарға медициналық қызмет көрсету бойынша 556 учаскелерге бөлінген. Яғни, қазіргі таңда бір дәрігерге жүктелген жүктеме 1859 адамды құрайды. Келесі жылдан бастап дәрігерлерге түсетін жүктеме мен емханалардағы кезекті азайту мақсатында тіркеу шегі белгіленеді. Ол бойынша бір жалпы практика дәрігеріне тіркелетін адам саны 1700-ден аспауы тиіс.
— Кампания жыл сайын өткізіледі, өйткені азаматтар өз емханасын ұнатпаса ауыстыру мүмкіндігі болуы керек, ал нарыққа қатысушылардың оның ішінде жаңадан қосылғандар келесі жылдан бастап халыққа қызмет көрсету үшін тапсырыстар ала бастайды, — деді Нұрлыбек Қабдықапараов.
Айта кетейік, ӘМСҚ қалалық филиалы 83 түрлі медициналық қызмет көрсететін жеткізушімен келісімшарт бекітті. Оның ішінде 45 жекеменшік ұйым бар. Жекеменшіктермен бекітілген келісімшарттың жалпы сомасы 33,5 млрд теңге.
Астанадағы қор жыл басынан бері мемлекеттік және жекеменшік жеткізушілерге 56,6 млрд теңге төледі. Келісімшарттан түскен 67 пайыз сома 84,6 млрд теңгені құрады. Қазір де қорға жұмыс берушілерден ақша аударымы түсіп жатыр. Осы уақытқа дейін қорға 97 млрд теңге аударылды, оның 12 миллиарды Астанадан түсті.
Емханаларға тіркелу үшін азаматтар таңдап алған медицина ұйымына тікелей барып, электронды үкімет порталы арқылы онлайн режімде және Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркеле алады. Емхана арқылы тіркелу үшін жеке куәлігіңізді алып, бас дәрігердің атына өтініш жазасыз. Онлайн режімде тіркелу үшін жүйеге кіріп, электронды өтінімді толтырасыз. Ал ХҚКО арқылы тіркелу үшін Connection Points бөлімінің қызметін қолдана аласыз.
Н. Қабдықапаровтың айтуынша, емханаға тіркелер алдында отбасылық қызмет көрсету және медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі принциптерін ескере отырып, үйіңізге жақын емхананы таңдаған жөн. Бұл принцип науқасқа дәрігердің жедел көмек көрсетуіне мүмкіндік береді. Азаматтарды емханаларға тіркейтін мекемелердің тізімі «ӘМСҚ» КЕАҚ-ның fms.kz/kk/select-medical-inst интернет-ресурсында берілген.
1 пікір